Ән өнерінің Ақберені

Алаштың ардақты азаматы, әнші-сазгер, Қазақстан Республикасының Халық әртісі Дәнеш Рақышевтің 90 жылдық мерейтойы  туған топырағы-Жаркент өңірінде мәдени шара ретінде атап өтілді.  Жыл басынан-ақ бастау алған игілікті  шаралардың  Үлкенағаш   ауылдық     округіндегі Әулиеағаш  орта     мектебінде   жарасты  жалғасын   тапқаны-көзіқарақты   жұртшылыққа   мәлім.

 

                Ұлмекен Базарханқызы басшылық жасайтын мектеп ұжымы әйгілі әнші-сазгердің  мерейтойына  лайықты үлестерін қосты. «Ән өнерінің ақберені» деген тақырып аясында өткен ғылыми –практикалық  оқушылар конференциясының құрметті қонақтары: Алматы облысының «Құрметті азаматы», ҚР мәдениет қызметкері, жазушы-сазгер Базархан Жақыбай,Қазақстан Жазушылары Одағының мүшесі, «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ақын Ислам-Ғали Үркімбайұлы, Қазақстан Журналистері Одағының мүшесі, «Жаркент өңірі» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Құдайберді Құсайын, «Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер мұражайының директоры, ҚР мәдениет  қызметкері, Шәріпханқажы Тұрғанұлы, ақын Еркін Исахан, Д.Рақышев атындағы Халық театрының  режиссері Қуаныш  Изенаев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Мейрамбек Жанпейісов, Дәнештің қызы-Гүлнәр және басқалары сөз алып, Дәкең туралы жылы лебізге толы естеліктерін әңгімелеп, ақындар  арнау өлеңдерін сыйға тартты.

                Нұрлыбек, Ақерке, Шынар Баймолда, Назар Тұрағалды, Еркебұлан Байтаев сияқты  ізденімпаз оқушылар алаштың ардақты азаматы болған, Дәкеңнің ғұмырбаян деректерінен сырлы сыр шертсе, әншінің немере шәкірттерінің бірі Еркебұлан Қонашев, Мұхтар Тұрдиев, Гүлшат Найманбаева, Бәтіш Игенбай сияқты жергілікті әншілер сәнді сахна төрін  әсем  әндерімен өрнектеді.

                Аспандағы аққуға үнін қосқан әншіні еске алу кеші Үшарал ауылындағы  Мәдениет үйінде де жарасымды  жалғастығын тауып көрермендерін көзайым етті.  Мұндағы сахналық қойылымдар мен жерлес әншілеріміздің  орындауындағы әндер мен ақындарымыздың  оқыған  өрнекті  өлеңдері жұртшылыққа өнер жарасымдылығын сыйға  тартты.

                Дәкеңді әспеттеген шырайлы  шараның нүктесі аудандық Мәдениет үйінде өткен  мерейлі той дүбірімен тиянақталды.  Тойға келген қонақтарға кәделі шашу шашылып, мектеп оқушылары сахналық көріністер көрсетті, ән әуелеп, күй шалқыды.

                Салтанатты сәт үстінде аудан әкімі Бердәулет Абдулдаев сөз алып,  алыс-жақыннан келген қадірлі қонақтарға құттықтау лебізін жеткізді. Көптің көңілін толқытқан  ізгі тілегінен соң аудан  әкімі Бердәулет Ешенұлы мерейтой  иесі  жөнінде  әсерлі  әңгіме  тиегін  ағытты.

                Мерейтой жиынында облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының бастығы Ақан Әбдуәлиев, Алматы облысының «Құрметті азаматы», белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеев, Ақсу, Кербұлақ және Панфилов  аудандарының «Құрметті азаматы» Ғалым Тұрғанбаев, Панфилов ауданының «Құрметті азаматы», ҚР мәдениет қайраткері, ақын, жазушы Әдепхан Төреханұлы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Панфилов ауданының «Құрметті азаматы» Рехимжан Тохтахунов, еңбек ардагері, Панфилов ауданының «Құрметті азаматы» Клара Сүлейменова сөз алып, Дәнеш туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті.

                Әсем әнмен әдіптеліп, күмбірлі күймен астасқан бұл мәдени шарада Дәнештің шәкірттері: Нұржан Жанпейісов, Абылай Қармысов, Арафат Ысқақов, Нұржан Батпақбаев, Жаңагүл Молдахметова сияқты белгілі  жезтаңдай әншілер  сахнаның сәнін кіргізді.

                Алматы облыстық мәдениет, мұрағат  және құжаттама басқармасының бастығы Ақан Әбдуәлиев осы салтанатты шарада Дәкеңнің қызы-Гүлнәрға «Ән қанатындағы жыр» атты республикалық мүшәйраға  қолдау мен демеушілік көрсеткені  үшін басқарманың Алғыс хатын табыстады.  Шара соңында сөз алған Гүлнәр Дәнешқызы барша жерлестері мен қадірлі қонақтарға шынайы алғыс сезімін жеткізді. Жаркент қаласындағы  «Lotus»   мейрамханасында көпшілікке ас берілді.

 

Қ.Оспанұлы