Тар жол тайғақ кешкендер, немесе сүйдін операциясына қатысқан кімдер еді?

Жаркент жерінде (ол кезде Жаркент уезі болатын) ұйымдастырылған Сүйдін операциясы туралы, яғни атаман Дутовтың көзін  жою жөнінде аз жазылған жоқ. Алайда сол Сүйдін операциясына қатысқан кімдер екенін там-тұмдап баспасөз беттеріне шыққан мақалалардан, әдеби шығармалардан ғана білеміз. Оқиға әр жерде әр түрлі жазылғандықтан қатысқан адамдардың аты-жөндері де әртүрлі. 1919 жылы атаман Дутов пен  атаман Анненковтың полковнигі Сидоровтың отряды Қалжатты басып алып, Қорғас пен Басқұншыға шабуыл жасайды. Оның ішінде Бұрхан ауылын (Лесновка ауылының жоғарғы жағында)  түгелдей бала –шаға мен әйелдерді өртеп жібереді.

 

            Бандылар Саниндер, Богдановтар, Архиповтар, Устинавковалар отбасыларын қоса есептегенде 86 адамды айуандықпен өлтірген. Бұл кезде қазақ отбасылары қыстақтарда қашып тұрып жатқан болатын. Жаркент пен Пенжім арасында Сидоровтың ақ бандылары мен Мағаз Масанчи басқарған қызыл әскерлер полкінің қиян-кескі ұрысы болды. Бұған Жаркент гарнизонының әскерлері де қатысады. Сөйтіп, ақ гвардияшыларды қызыл әскерлер Қорғасқа дейін қуып тастайды.Атаман Анненковтың қатыгез полковнигі Сидоровты Жаркент гарнизонының қызыл әскері осы өлкенің тумасы Қасымхан Мырзамұхаметов  атып өлтіреді. Міне, осы Қасымхан батыр ( батыр демеске болмас) жайлы не білеміз?

            Ештеңе де! Қасымхан Мырзамұхаметов атында көше болса, онда мүмкін білер ме едік?

            Ал дүнген атты әскер полкінің командирі Мағаз Масанчи жайлы терең білмесек те, әйтеуір, революционер екенін жақсы білеміз. Алматыда Масанчи атында үлкен көше бар, Жаркентте де орталықтағы көшелердің бірі сол кісінің есімімен аталады. М.Масанчи Мәскеу қаласында өткен Коминтерннің ІІІ конгресіне қатысып,М. Фрунзенің таныстыруымен  В.И.Лениннің қабылдауында болады. Ленин оған 1000- нан  астам  әскерге жететін әскери киім бергізген. Сөйтіп, дүнген атты әскерін  басқарып, талай жаудың көзін жоюға атсалысқан революционер.

            Атаман Дутовтың көзін жою туралы операцияны Түркістан ВГП- ның өкілі П.Х. Петерс пен Түркфронтының қызметкері 23 жастағы В.В. Давыдов басқарып отырды. Жаркент ЧК-сының төрағасы Суворов пен оның орынбасары Крейвис бұл мәселеде ең негізгі рөлді атқарды. Осы операцияға алтынмен есептегенде 20.000 рубль бөлінген. Сүйдін операциясына Жаркент қаласының милиция бастығы, 1898 жылы туылған Қасымхан Ғаниұлы Чанышев басшылық етуге таңдап алынды. Қасымхан Чанышев бай купецтің отбасынан шыққан. Бұл операцияға дайындық бір жыл бұрын (яғни, оқиға 1921 жылы 8 ақпанда болса), 1920 жылы басталып кеткен. Дерек көздеріне сүйенсек, Қ.Чанышев Сүйдінге бірнеше рет барып, барлау жасаған. Ол Ион әкейдің көмегімен атаман Дутовпен танысады. Сондай-ақ, бір барғанда Дутовтың тілмашы Аблайханов Дутовпен кездесуге мүмкіндік жасап береді. Аблайханов пен  Қ.Чанышев бала кезінен таныс болатын. Дутов Қ.Чанышевпен көзбе-көз әңгімелеседі.

            Қ.Чанышев Жетісу жерінде болып жатқан жағдайлар туралы хабарлар жеткізіп отыруға уәде береді. Дутов Қ.Чанышевқа Жетісу өлкесіне  тарату үшін үнпарақшаларын берді. Алайда Құлжа қаласындағы Ресей консулының хатшысы А.П. Загорский (Воробчук) 1920 жылдың қазан айында Дутовпен кездесіп, Чанышевқа сенуге болмайтынын айтады. Бірде атаман Дутов: « Мен Ресей жаққа отрядыммен өтемін» деген кезде Загорский: « Александр Ильич, отрядыңызда бірде-бір қару жоқ, аттарыңыз жартысы сатылып кетті, қарамағыңызда бар-жоғы 15-20 офицер» дейді. Дутов өзіне қызыл әскерлер көмек беріп қосылатынын, Жаркент қаласының милиция бастығы Қ.Чанышев қару-жарақпен қамтамасыз ететінін айтты. Бірақ атаман Дутов  Загорскийдің (Воробчук) сөзіне құлақ аспайды.

            «Чанышев сенімді адам, қазірдің өзінде 32 винтовка патронымен әкелді, жақын күндері пулеметтен бірнешеу әкелмекші. Ол және оның тобы Жаркентті ешқандай соғыссыз алып бермекші» дейді ол. Атаман Дутов сөйте тұра Қ.Чанышевты тексеріп отырды. Архивтен алынған мына хатында Чанышевқа былай деп жазады:

            «Письмо ваше получил. Тепер сообщаю новости. Анненков уехал в Хами. Все находящиеся теперь в Китае мною обьединены. Имею связь с Врангелем. (Дела комиссаров Кульжи все хуже и хуже, наверное, скоро уедут. Началось восстание в Зайсане). Наши дела идут отлично. Ожидаю на днях получения денег, они уже высланы. Связь держите с Чимпандзе, там есть полковник Янчис, он предупрежден, что к нему будут приезжать люди, от кого-он не должен спрашивать, да ему и не сообщается о вас. Про вас знаю только я один. Продовольстивие нужно: на первое время хлеб по расчету на 1000 человек, на три дня должен быть заготовлен в Боргузах или Джаркенте, и нужен клевер и овес, мясо тоже...»

            Атаман Дутовтың бұл хатынан үзінді келтіріп отырған себебіміз, Сүйдін  операциясына 90 жылдан артық уақыт өтсе де орыс халқының атаманының бүкіл істеген ісіне бей- жай қарамайтыны көрініп тұр. Бей-жай қарауыңыз не, тіпті жыл өткен сайын арнайы тапсырыспен  зерттеу кітаптар шығаруда. Соның айғағы, биылғы жылы ақпан айында Ресей баспасынан шыққан Алматы қаласының тұрғыны Гольцев Владимир Алексеевичтің атаман Дутов туралы Ресейдің арнайы тапсырмасымен «Тернистый путь атамана Дутова»  атты кітабы шықты. 2014 жылғы ақпан айында автор кітап шыққаннан кейін 1 аптадан соң 85 жасында дүниеден өткен. Бұл кітапқа дейін Голиков Давид Львовичтің «Правда о врагах народа», Андрей Владиславич Ганиннің «Атаман А.И.Дутов Ликвидация». Николай Миловановтың: «Незримый фронт» атты көркем шығарма, зерттеу кітаптары шыққан. Ал  Ресейден  атаман Дутов туралы қанша кітаптар шығып жатыр десеңші?!

            Ал біздер кітап жазу түгілі тарихта таңба басқандай аттары қалған чекистерімізге көше аттарын ( ауылдарды айтпай-ақ қояйық)  беруді әлі күнге дейін қор санап жүрміз. Тарихи мәліметтерге толы жерлес жазушымыз Б.Нұржекеұлының «Жау жағадан алғанда» атты кітабында атаман Дутовтың көзін жоюға қатысқан чекистеріміз туралы мұрағаттан алынған нақты дерек көздерін  пайдаланғанын көреміз. Жазушы ағамыз осы кітапты жазу үшін 2 ай Жаркент мұрағатында отырғанын өз аузынан естіген едік. Айта кететін бір жай, осы кітапта Сүйдін операциясына қатысқан Қасымхан Чанышев, Махмұт Қожамияров, Юсуп Қадыров,  ағайынды Мұқай, Көдек Байсымақовтар,  Ә.Ушурбакиев – барлығы алты адамның аты аталады. Ал Н.Миловановтың «Незримый фронт» атты кітабында Сидоров Қ.Чанышевқа атаман Дутовты тірідей әкелуге тапсырма береді. Алайда хатты кім Дутовқа беру керектігі талқыланған кезде, Қ.Чанышев М.Қожамияровты атайды, «біріншіден, дейді ол, - оны күзетшілер жақсы таниды, екіншіден, атаман Дутов біздің басқа қызметшілерімізді бұрыннан біледі, сондықтан сезіктеніп қалуы мүмкін» дейді. Сөйтіп Суворов М.Қожамияров, Ә.Ушурбакиев, Мұқай, Көдек (кітапта Кудук деп жазылған)  Байсымақовтарды, Юсуп Қадыровты, Солтанай Маралбаевты (Султан Моролбаев деп жазылған кітапта) тауып, шұғыл жолға жиналуына тапсырма береді.

            Атаман Дутовтың көзін жоюға арналған операция сәтті аяқталып, шекарадан үшеуі аман-есен өтеді.

              Сүйдін операциясына қатысқандардың ішінде Қ.Чанышев 1932 жылы Ош қаласында қамауға алынып, соңынан қашуға әрекет еткен кезде қайтыс болды делінеді. Ал М.Қожамияровтың 1921 жылы, 1925 жылы, 1928 жылы өміріне қауып төндіреді, бірақ бұл әрекеттері жүзеге аспайды. М.Қожамияров  1937 жылы үлкен Ақсу ауылында МТС-ты басқаратын. Оның әйелі мен тоғыз жасар қызын айуандықпен балталап өлтіреді. Ал өзі 9 қараша  1937 жылы қамауға алынып,  20 қазанда 1938 жылы Англия тыңшысы  деген жаламен атылады.  1924 жылы туылған ұлы Тугулук Ұлы Отан соғысында қайтыс болады.

            Ал Ә.Ушурбакиев Алматы қаласында жоғарғы ауылшаруашылық коммунистік мектебінде оқып жүрген жерінен 21 қаңтар  1938 жылы қамалып, осы жылы 19 қыркүйекте жапон тыңшысы деген жаламен атылады. Ал Мұқай Байсымақов  Қытай жерінде Кеңес тыңшысы деген атпен 1945 жылы атылады. Оның өз кіндігінен Қашқынбек Байсымақов деген ұлы   19                қайтыс болған. Одан Мұқаев Нұрәлі, Мұқаев Тұрғанбек  атты ұрпақтары Алмалы ауылында тұрып жатыр. Солтанай Маралбаев  1936 жылы 84  жасында (1952 жылы туған, сонда 1921 жылы 69 жаста болады) ауырып қайтыс болған. Осы Сүйдін операциясының белортасында болып қатысқан Жаркент  қалалық милициясында кіші милиционер болып қызмет атқарған Юсуп Қадыров 1974 жылы 84 жасында қайтыс болды. Ол 1890 жылы Панфилов ауданы, Қонақай ауылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Хат танымайды, алайда аттың құлағында ойнаған, құралайды көзге атқан сұр мерген болса керек.

            «Мені 1966 жылы аяқ астынан аудандық партия коммитетіне шақырды. Негізі әкемді шақырған болу керек, әкем инсульт болып (паралич) төсек тартып жатыр еді. Мен аудандық партия комитетіне барсам, бір орыс кісі отыр екен, маған бірнеше сұрақтар қойды, мен білгенімше жауап бердім. Сол жылы «Казакстанская правда» газетіне атаман Дутовты өлтіргендер туралы мақала шықты. Ішінде менің әкем де бар. Мен осы мақаладан кейін әкеме:  «Бұл оқиға жайлы неге бізге айтпадыңыз?»-  деп едім, оған әкем бәлендей жауап бере қоймады, мен де онша мән бермеген болуым керек, қазбалап қайта  сұрамадым. Кейін бірде  осы оқиға жайлы былай деген еді.

            «Иә, оқиға мақалада айтылғандай болды. Мен сыртта бір жігітпен ат ұстап тұрдым, Махмұт Дутовты атып шыққаннан кейін, ол сасқалақтап атқа міне алмады. Біз оны атқа өңгеріп алып кеттік» -деген еді.  Әкем Қоңырөлең кеңшарында қой фермасы болып жұмыс істеді. 1944 жылы Айдарлы ауылы «Гвардия» кеңшары болып бөлінген болатын, әкем осы кеңшарға ферма меңгерушісі болып келді. Одан кейін кеңшардың жылқысын, сиырын бақты. Әкемнен үш ұл қалғанбыз.                         Қадыров Рахметолда  1933 жылы туған, 1989 жылы қайтыс болады. Қадыров Қасымжан  1942 жылы туылып, 1986 жылы дүниеден өтті. Осы тақырыпты зерттеп жүрген В.А.Гольцевтен естуімше Қ.Чанышевқа алтын сағат, қалған операцияға қатысқандарға күміс сағат берілді»- дейді Юсуп Қадыровтың баласы зейнеткер,  ауданның  Құрметті азаматы Ақжол Юсупов. Ал біз жоғарыда келтірген деректерде Қ.Чанышев пен М.Қожамияровқа  алтын сағат сыйға беріледі.

            Қалай десек те Сүйдін операциясына қатысқандардың ешқайсысы марапатсыз қалмайды. Бірақ оларға қастандық жасалып, ақыры көздерін жойып  отырған. Тек Юсуп Қадыров  қана 84 жасқа келіп, ауырып қайтыс болады. Сонда оған Кеңес үкіметі «үндемей» келді ме? Жоқ, ол кісі де НКВД-ның бақылауында болды ма? Болса басқалар сияқты оның көзін неге жоймады?  Қалай болғанда да Юсуп Қадыров барлығын құпия ұстағаны белгілі, өйткені  «ұрпағыма кесірі тимесін» деген шығар. Ресей баспаларында ағайынды Байсымақовтардың (Көдек және Мұқай), Юсуп Қадыровтың атаман Дутовқа жасалған террактыдан кейін тағдырлары беймәлім деп жазылады. Алайда, бұл зерттеулер дұрыс еместігін жоғарыдағы фактілер анықтай түспек.

            Иә, еліміз егемендік алып, етек- жеңімізді жиғалы да жиырма жылдан асыпты. Алайда жоғымызды түгендеп, барымызды бағалай алдық па? Алсақ, неге осындай батырларымыздың аты  аталмай келеді. Ағайынды Байсымақовтарға (Көдек және Мұқай), тағы да басқа Дутовтың көзін жоюға қатысқан азаматтарға Жаркент қаласының көшелеріне есімдерін берсек қандай жарасар еді.

            Өйткені олар туған  жері үшін, елі үшін ұлтына, жасына қарамастан бастарын бәйгеге тікті емес пе?!  Біз оларды ұмытуға тиіс емеспіз!

 

Р. Ыстай ,

Жаркент қаласы.

(«Алматы ақшамы»

газеті №95  (4969)

 31 шілде).