Ортақ отан, ыстық ұя
- Толығырақ
1995 жылдың басында Елбасы барлық ұлттың қоғамдық және мәдени орталықтардың басын бір ұйымға біріктіру туралы идеяны ұсынды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осындай ұйымды құру ісіне өзі бел шешіп кірісіп, тікелей араласты.
Барша Қазақстан халқының мүддесін бірдей қорғайтын мұндай ұйымды құруды қазақ, орыс, украин, неміс, татар, өзбек, кәріс, шешен, ингуш, қарашай, балгар, дағыстан, тәжік, күрд, грек, армян, қырғыз және басқа да көптеген ұлыс өкілдері тегіс қолдады. Этностық ұлттар орталықтары жасампаз идеяны іске асыруда өз үлестерін қосты. Осылайша 1 наурызда ынтымақ пен татулықтың, тұрақтылықтың берік бағанасына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы дүниеге келді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дүниетаным қағидаттары мен көзқарастары Қазақстанды түбегейлі саяси және әлеуметтік – экономикалық жаңғыртудың негізі болды. Ғасырлар бойғы отарлықтан соң, азаттығын алып, ұлан байтақ қазақ жерінің қасиетті арқасы – Сарыарқада Елбасымыз Еуразия жүрегіне Астанамызды салды. Еліміз барлық ұлт пен ұлыстың бейбітшілік ордасына айналып, толеранттылықтың ерекше үлгісін жасай білді.
Қазақстанда барлық этнос өкілдері мемлекетті басқару ісіне қатысуға мүмкіндіктері бар. Ассамблея Парламент Мәжілісіне 9 депутат сайлайды. Елбасының бастамасымен, Ассамблеяның қолдауымен іске асырылып жатқан осындай ізгі бастамалар еліміздің тұрақтылығының негізін қалады.
- Мен Қазақстандай татулық, ынтымақ ұялаған елде тұрғанымды, осы мемлекеттің азаматы болғанымды бақытқа санаймын. Егер басқа елде тұратын болсаң, өміріміз алаңсыз боларына сене алар ма едім? Себебі күнбе-күн бұрын бір Одақтың бодауында болған мемлекеттердің біразындағы, сонымен бірге, жаһан елдеріндегі болып жатқан алауыздық пен тұрақсыздықтың теріс әсері неге соқтыратынын естіп те, көріп те жүрміз. Осы тұрғыдан айтқанда, өз тағдырымның, балаларымның болашағы Қазақстанмен байланысты болғанына үнемі шүкіршілік етемін. Басқаша айтар болсам, қазақ жеріндегі өмірімді бақытты күндерімнің ең бір шуақты сәтіне балаймын», - дейді кәріс ұлтының өкілі, зейнеткер – ұстаз Анатолий Лян.
- Біз Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері өзіміздің салт-дәстүрлермізді, тіліміз бен өнерімізді дамытып қана қоймай, елдегі татулық пен достықтың қадірін кейінгі буынның санасына терең сіңіруге үлесімізді қосып жүрміз. Біз әрбір шарамызға этномәдени бірлестіктердің мүшелерін, әкімдік қызметкерлерін шақырамыз. Бәріміздің ортақ Отанымыз, ыстық ұямыз – Қазақстан. Көгінде қалықтаған қыран да ұясындағы тыныштықтың бұзылмағанын қалайды. Ендеше біз де ұямыздағы мамыражай достығымыздың бұзылмауы үшін бір-біріміздің өнерімізге ғана емес, тағдырымыздың да жақсы қырынан қалыптасуына қолдау көрсетуіміз қажет деп ойлаймын, - дейді Славян этномәдени орталығының белсенді мүшесі Галина Молчанова.
Шындығында Қазақстандағы ұлтаралық достықтың алтын діңгегін қалыптастыруда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегі барын айрықша айтуымыз қажет. Өйткені , Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясы өзінің жемісін берді. Бұл – ұлтаралық достықты нығайтудың қазақстандық моделі. Мұндай модель бұрын әлемдегі бірде-бір елде болмаған ғой. Қазір көптеген елдің басшылары мен саясаткерлері Қазақстанға қызығып та, қызғанып та қарайды. Қазақстандық модельдің ұтымды тұстарын өздеріне қолдануды қалайды. Демек, біздің тәуелсіз Қазақстанымыздың достықтың мекеніне айналғанына бәріміз де сүйсінеміз, бәріміз де марқаямыз.
Бағдат Айтмұқаева