Жамбыл мектебі-татулық мекені

 1991  жылы Қазақстан өз   егемендігін     жариялап,  Тұңғыш  Президент  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басқаруымен  мемлекеттілікті қалыптастырудың және дамудың жаңа жолын бастады. Ол кезеңнің қиындығы бұрынғы барша Кеңес өкіметіне қарасты болған республикалар үшін ортақ еді. Дегенмен Қазақстанның ерекшелігі - көпұлттылығы. Тағдырдың тәлкегімен Қазақстанға жер аударылған ұлыстардың  өкілдері арқылы жас мемлекеттің  тыныштығын бұзуға  әрекеттенгендерде бар еді. Әлеуметтік жағдайдың нашарлауын этносаралық кикілжіңге аудару әдбен мүмкін болатын. Дегенмен Елбасының салмақты да сарабдал саясаты арқасында бұған жол берілмеді. Сонымен қатар, әр этностың өз тарихы, мәдениеті, тілі мен дәстүріне бет бұрғызып, өзін таныта отырып өзгені сыйлауды мақсат тұтқан саясат жүргізілді.

 

            Ризайдин Сейтұлы Айсаев басқаратын Жаркент  қаласындағы Жамбыл атындағы мектебінде сан түрлі ұлттардың балалары оқиды.  Бұл балалар өзара тату-тәтті. Олар  тиянақты білім   алумен қатар, мектепте өтетін әртүрлі мәдени шараларға да белсене қатысады. Мысалы,  биылғы Наурыз мерекесін бұл мектептің оқушылары өте қызықты атап өткен болса, оған барлық сыныптың оқушылары түгелдей белсене қатысты.

            Әрбір сынып өз алдына концерттік бағдарлама әзірлеп көктем мерекесін ән мен жырға бөледі. Былтыр 1 мамыр -Қазақстан халықтары бірлігі күнін де бұл мектеп ерекше ықыласпен қарсы алды. Бұл мереке шын мәнінде Қазақстан халықтарының бірлігін паш етті. Мектеп оқушыларының өзара татулығы, ынтымағы Қазақстан атты ортақ Отанымыздың қашан да достықтың, берекенің  бола беретінін айғақтай түседі.

            -Қазақстандағы ұлтаралық достықтың алтын діңгегін қалыптастыруда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегі барын ерекше атап айтқан жөн.

            Бүгінде өзім басқарып отырған Жамбыл атындағы мектепте қазақ, орыс, ұйғыр, әзірбайжан, тәжік, поляк, лезгин, украин, татар,  өзбек, қырғыз, неміс, дүнген, шешен сияқты ұлттардың  өкілдері,  мұғалімдер, оқушылар бір атаның баласындай тату-тәтті.

            Ұжымдағы ұйымшылдықтың, ауызбіршіліктің арқасында 15 ұлттың өкілдері еңбек етуде. Мерекелік шараларды, наурыз, көрісу, ұлттар мерекесін бірауыздан атап өтеміз. Мерекелерде жақсы тілек айтып, бір-бірімізге ыстық ықыласымызды көрсетеміз.

            Егеменді еліміз татулық пен ынтымақтың,  бірлік пен берекенің  салтанат құруының арқасында өркениеттілікке деген қарышты қадамдарымен әлемге танылып отыр. Осы бірлік аясында еліміз дамыды, тіпті біздің достығымыздан үлгі алатын мемлекетке  айналдық. Олай болса, ту еткен татулығымыз бен бірлігіміз ешқашан мызғымасын дейміз!»-дейді Жамбыл мектебінің директоры, ауданның «Құрметті азаматы» Ризайдин  Сейтұлы Айсаев.

            - Осыған дейін «сен қазақ, мен орыс» деп ұлтқа бөлініп,  араздасып көрген емеспіз. Салт-дәстүрден ешқашан аттап та көрген жоқпыз,-дейді орыс ұлтының өкілі, аталмыш мектептің  мұғалімі  И.Жаворонкина.

            Тағдыр тауқыметін  арқалап, елімізге келіп қоныстанған ұлттар мен ұлыстар үшін қазақ жері киелі алтын бесікке айналды. Сондықтан да бұл ұжымдағы қазақы мәдениетті бойларына мықтап сіңірген ынтымағы жарасқан сан ұлттың өкілдері жыл сайын келетін ортақ мереке әз Наурыз бен Қазақстан халқының бірлігі күнін асыға күтіп, ерекше салтанатпен тойлайды.

            -Сан ұлтқа сая болған мектебімді мақтаныш етемін,-дейді әзірбайжан қызы Лана Баратова. -Ынтымағымыз-ырысымыз, еліміз аман, егемендігіміз мәңгі болсын!

            - Біздің Қазақстанда 130 ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Солардың  қатарында дүнгендер де өздерінің туған республикасы – Қазақстанның гүлденуіне, өркендеуіне үлестерін қосып келеді. Өз елінің  патриоты болу-ол туған Отаныңды жүрегіңде ұялату. Қазақстандық дүнгендер Қазақстанды өз Отаны  санайды, - дейді дүнген ұлтының  өкілі  Рихангүл  Лосиева.

            -Біздің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруіміз қазақ халқының кең пейілі мен қонақжайлылығының,  дархан жүрегінің арқасында екенін қандастарымыз жақсы түсінеді,-дейді  татар ұлтының өкілі  Рашида Гаппарова.            

            Еліміз тәуелсіздік алғалы  атқарылған игі шаралардың нәтижесінде татар ағайындардың мемлекеттік тілді үйренуге деген құлшынысы арта түскенін атап айтуға болады. Жаркенттегі ағайындар қазақ тілін жете меңгергендігі белгілі. Бүгінгі күні мектептің ата-аналары өз балаларының мемлекеттік тілді терең үйренулеріне барынша ден қойып отыр.

            -Ұйғыр ұлтының көптеген салт-дәстүрі қазақ халқымен үндес болып келеді. Соның ішінде Наурызды  қарсы алу рәсімдерінің де пәлендей айырмашылығы жоқ. Той-думандарда ән айтылып, би билеуі бөлек әңгіме.            Наурызды жыл басы, дүние әлемінің  жаңару кезеңі деп тануымыз біздің діліміз бен тіліміз, мәдениетіміз бен саясатымыздың біртұтас, туысқан халықтар екендігімізді айғақтай түседі,-дейді ұйғыр  ұлтының өкілі Малика  Мұсаева .

            Жамбыл атындағы орта мектептің  шаңырағының астында бас қосқан түрлі  ұлт өкілдері  осылайша тату-тәтті өмір сүруде. Олармен дидарласып,  әңгімелесу барысында  әрқайсысының  жүрегі қазақ деп, елім, жерім деп соғатынын байқадық. Бұл-біздің тәуелсіздікпен бірге жеткен  ойымыз.  Ертеңгі  күні  бұл  құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа  жалғау  баршамыздың  ортақ  міндетіміз.                                                  Б.Айтмұқаева.