СЫҒЫРАЙҒАН ЖАРЫҚ...

05.04.2019ж

Ынтымақ ауылының тұрғындары талай жылдардан бері сығырайған жарықта отырып келеді. Атап айтқанда, ауылдағы Ш.Уәлиханов көшесінің тұрғындары осы мәселенің әлі де болса түйткілді түйінін шеше алмауда.

    Осыдан біраз жылдар бұрын Пенжім ауылдық округінің әкімі  Е.Сқақов болған тұста аталған көшенің тұрғындары қолдарына «Өтініш хатын» алып әкімдікке көмек сұрай барған еді. Аз уақытта шешеміз деп сендірген «сол әкім» көше жарығын жақсартып бір қуантты. Бірақ, қуаныш ұзаққа созылмады. Арада шамалы уақыт өткеннен соң баяғы жартас сол жартастың күйін қайта кешкен болатын...

    Мен осы көшенің тұрғынымын. Сонау мектепте оқыған жылдардан бастап «қараңғы жарықта» сабақ оқып, көз жанарымыздың  нашарлауына  да  жол  ашып алдық. Одан бөлек, кешкі уақытта ешқандай жұмыс істей алмайсың. Қазіргі таңда күндізгі уақытта еңбекке жарамды адамның барлығы жұмыста болатынын ескерсек, олардың өз қызығушылықтарымен шұғылданулары секілді жұмыстары кешкі уақытқа қалады. Ал кешкі уақытта жұмысыңды тындыра алмауға жарық себепші болады. Себеп түсінікті...

    Осы орайда Пенжім ауылдық округінің әкімдігіне көп үміт артамыз. Талай жылдар шешімін таппаған жарықтың жайы жақсарса, нұр үстіне нұр болар еді.

А.ХАМЕТЖАНОВА .