Әлеуметтік желіге тәуелді болмайық!

Интернет желісі өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғалы қашан?!  Таңертең көзімізді ашқанда, түнде ұйықтарда  ұялы телефонымызды алып, әлеуметтік желіні бір шолып шықпасақ – бір ісімізді кем жасағандай күйге түсетін жағдайға жеттік.  Оның пайдасынан гөрі зияны көбірек екенін біле тұра да солай істейміз. Бір адамның жақыны қайтыс болса да әлеуметтік желі арқылы көңіл айту белең алды.

Орнынан тұрып бару уақыт алады себебі.  Ал диванда жатып алып телефон қарауға уақыт табылады.  Осылай бола берсе, әлеуметтік желілерге тәуелділік – ХХІ ғасырдың басты проблемаларының біріне  айналары анық.

 

                Соңғы уақытта  әлеуметтік желінің құрбандары көбеюде. Жасөспірімдер әлеуметік желі арқылы танысып, алаяқтардың құрсауына түсіп, үйінен қашқан оқиғалар мен қауіпті сайттардың жетегіне еріп суицидке барған жағдайлар да кездесіп жатыр. Әлеуметтік желінің әлегінен қалай арылуға болады? Ол жасөсіпірімдердің психологиясына қаншалықты әсер етеді?

                Кәмшат      Қайысбекова, психолог:

                -Бәріміз білетіндей, әлеуметтік желінің пайдалы және зияндары жақтары болады.  Онда жасөспірімдердің санасына кері әсер ететін дүниелер бар. Мәселен, зорлық-зомбылықты,өзіне-өзі қол жұмсауды насихаттайтын сайттар, әлеуметтік желідегі жабық топтар. Қазір компьютерде отырмайтын, ұялы телефонды ұстамайтын бала жоқ. Бұл заман ағымы да шығар. Дегенмен ғаламторды белгілі бір дәрежеде бұғаттап, баланың не нәрсені көріп жатқанын бақылауда ұстаған абзал. 

                Мысалы, баланың компьютер мен ұялы телефонды ойнайтын уақытын белгілеу. Оны берместен бұрын балаға уақыт туралы алдын ала ескерту керек. Және телефонды бергенде пайдалы дүниелерді көруге кеңес беріп, қызықтыра білу де маңызды.

      -  Асхат  Еркімбай, блогер:

                -Бізде әлеуметтік желінің қолданудың мәдениеті жоқ. Алаяқтардың арбауына түскен адамдардың да көбі  виртуалды өмірге байланғандар.  Не сатып алғаны, қайда, кіммен жүргені, не істеп жатқаны жайында әлеуметтік желіге есеп беріп отыратындар жетерлік. Өзінің әрбір іс-әрекетін осында салып отыратын адамдарды ұрылар да бақылап отырады. 

                Үлкендерден осындай іс-әрекетті көрген бала мұны, әрине, дұрыс деп ойлайды. Өйткені қайда барсада – телефонға телмірген ересектерді көреді. Өзінің де қызығушылығы оянады: ойын ойнайды, шыққан жарнамаларға кіреді, жабық топтарға қызығады. Яғни, санасы уланады.

                Ғаламторды бақылау жасау қиын. Алайда балаға ұялы телефонды, компьютерді «құлағымыз тыныш болсын» деп бере салуға әсте болмайды. 

 

P.S.  Өмірде ата-анасымен еркін сөйлесе алмайтын бала ойын әлеуметтік желіде жеткізеді. Қате болса өшіру оңай, аты-жөнін де жасыруға мүмкіндік бар, ойындағысын жариялайды. Дегенмен шынайы өмірдегі тілдесуге ештеңе жетпейді. Балаларды көп ішіндегі жалғыздықтан сақтағай...

   Жансая  Кенжебек.