ҰЙқыңыз қанық па?

Ұйқысы қанық адамның тірлігі де түзу.Күні бойы сергек жүреді. Ол-ақиқат. Алайда қарбаласқан мына аласапыран  заманда біз қалыпты талапты сақтай бермейміз  ғой. Күні бойы әлсіреп жүруің де мүмкін. Сондықтан, шама келгенше ағзаның шаршауына мүмкіндік бермей, қажетті ережелерді сақтаған дұрыс.

 

                Адам өмірінің үштен бір бөлігін ұйқымен өткізеді екен. Егер ұйқы одан аз болса немесе қанбай қалса, ағзаны  түрлі аурулар меңдей бастайды. Өйткені,  ұйқының адам өміріндегі маңызы зор. Мысалы,  бір түн ұйықтамаған адамның миы 20-50 пайызға нашар жұмыс істейтіні  дәлелденген.  Ендеше,  әрбір адам ұйқының дұрыс болуына аса мән беруі керек.

                Расында ұйқысы қанық адамның жұмысы тындырымды болатынын ешкім жоққа шығара алмайды. Мысалы, күніне 7 сағаттан кем  ұйықтайтын адамдардың кардиология  кабинетіне жиі баратыны ақиқатқа айналған. Адамдардың жұмысқа ерте тұруы олардың денсаулығына пайда әкелмейді, олар таңертеңгілік жаттығуға мән берместен жұмысқа кешікпей жетуге асығады. Қалай айтқанда да қазір ғалымдар ұйқысы қанбайтындардың қатары көбейіп бара жатқанына алаңдайды. 1960 жылдары адамдар күніне 8 сағат ұйықтайтын болса,  бұл уақыт қазір екі сағатқа азайған. Орташа есеппен алғанда адам күніне 6 сағат қана ұйықтайды. Ал, бұл қанық ұйқы ма? Соның салдарынан ұйқысыздық әртүрлі ауруларды тудырып жатыр. Бұл  бұл ма?

                Түнімен жарықты жағып қойып ұйықтайтын адамдарды да кездестіріп жүрміз. Бірақ көз қарықтырар жарықтың денсаулыққа әсері бар ма? Невропотолог мамандар түнде жарық жағып ұйықтайтын адамдардың денесінде зат алмасу процесі  бұзылатынын айтады. Сонымен  қатар жарық кезіндегі ұйқы адамның  көз бен миына  қатты әсер етеді.

                Ұйқыға қатысты мамандардың өз тұжырымдамасы   бар. Олардың пікірінше, адам өзін жақсы сезіну үшін тәулігіне кем дегенде 7-8 сағат ұйықтауы керек. Ғалымдардың бағамдауынша, адамның ақыл-ой   жұмысымен айналысып қатты шаршау, сөйтіп ұйқысын бұзып алуы мен жұмыстағы барлық істі үйде түнделетіп отырып аяқтауға тырысуы ұйқысыздыққа алып келеді. Мұндай адамдар күні бойы ағзасы әлсіз тартып, шаршаңқы кейіппен дел-сал күйде жүреді. Сонымен қатар майлы тамақ ішу де адамның тезірек ұйықтауына кедергісін  келтіреді.

 Ғалымдардың бағалауынша, күндіз мызғып алу адамның есте сақтау қабілетін  жақсартады, маңызды ақпараттарды еске түсіруді жеңілдетеді және жүрек талмасынан  сақтайды. Пайғамбарымыз  (с.ғ.с) да түскі  уақытта жарты сағат тынығуға кеңес берген, өзі  де  бұл  әдісті  қолданған.

                Өмірінде    еңбекқорлығымен көзге түсіп, ағылшынның «темір ханшайымы» атанып, ел премьеріне дейінгі лауазымдық таққа жеткен М.Тэтчер де тәулігіне 4-5 сағат, кейде 2-3 сағат қана ұйықтаған көрінеді.

                -Менің өмірім-менің жұмысым. Кейбір адамдар өмір сүру үшін жұмыс   істейді.  Ал, мен жұмыс істеу үшін өмір сүремін. Өмірімді өлі ұйқыға арнаған жоқпын. Ағылшынның экс-премьерінің бұл  сөзі тарихқа алтын әріппен  жазылып  қалды.

                Бірақ елдің бәрі Тэтчер емес қой. Дегенмен, тіршіліктің жарық, ұйқыңыздың қанық болғаны жақсы.

Б.Бейсенқызы.