ТҰРҒЫН ҮЙГЕ ҚОЛЖЕТІМДІЛІК АРТАДЫ

 02.11.2018 жыл

Қазан айының 31-і күні аудандық әкімдіктің мәжіліс залында ҚР Ұлттық банкінің Алматы облыстық филиалының қызметкерлері «7-20-25» бағдарламасы бойынша кездесу өткізді. 

     Қазіргі таңда тұрғын үй алу мәселесі өте күрделі. Қолында дипломы, жоғары білімі бар қаншама азаматтар әлі күнге дейін пәтер жалдап тұруға мәжбүр болып жүр. Бұған әртүрлі себептер түрткі болуда. Осындай түйткілді мәселелердің оңды шешімін табу үшін бірқатар бағдарламалар қабылданғаны белгілі. Солардың бірі қазіргі таңда  баспаналы  болудың  ең тиімді мүмкіндігін сыйлайтын «7-20-25» бағдарламасы. Бұл бағдарлама биылғы жылдың шілде айында ғана нақты жұмысына кіріскен болатын.

    Осы бағдарламаның негізгі талаптарымен аудан жұртшылығын таныстыру мақсатында облыс орталығынан келген ҚР Ұлттық банкінің Алматы облыстық филиалының қызметкері Бағлан Диханчинов бағдарлама туралы толыққанды ақпаратпен бөлісті. Атап айтқанда,     «7-20-25» мерзімсіз бағдарлама. Түпкілікті мөлшерлеме 7 пайыз, комиссиясыз және қосымша ақысыз, тұрғын үй құнының бастапқы жарнасы 20 пайыз, несиенің ең ұзақ мерзімі 25 жылды құрайды. Қатысу шарттары: ҚР азаматы болуы және табыс көзі болуы, несие тарихы барынша «таза» болуы шарт. Сондай-ақ, осы бағдарлама арқылы алған ипотекасын 25 жылға созбай, ерте жауып тастауға да мүмкіндік беріледі.

   ҚР Ұлттық банкінің облыс бойынша өкілі Б.Диханчиновтың айтуынша «Бұл бағдарлама баспаналы болғысы келетін, нақты жұмысы бар кез келген азамат үшін тиімді. Тұрғылықты жеріңіздегі тіркеуде тұрып, аудандық банктер арқылы кез келген қаладан тұрғын үй алуға болады. Бағдарлама іске асқан санаулы уақыт  ішінде  республика  бойынша 4 мың ұсыныс түсіп, оның 2658-і мақұлданған. Ал, Алматы облысы бойынша 76 ұсынып түскен әрі оның 58-і мақұлданған. Бұл көрсеткіштер алдағы уақытта одан әрі артатын болады»,-деп түсіндірді.

   Бұл бағдарлама арқылы ипотека беретін 7 банкпен келісімшартқа қол қойылған. Олар, Центркредит, Евразия, АТФ, RBK, Цесна және Халық банктері. Тағы бір айта кетер жәйт, бұл бағдарламаға жеке тұлғалар салған жер үйлер алынбайды. Бірақ, жер үйлер жеке шаруа қожалықтары арқылы салынатын болса белгілі талаптарға сәйкес берілетін болады.

   Кездесуде аудан әкімінің орынбасары Д.Төреханов аталған бағдарламаның мүмкіндіктері жоғары екендігіне тоқталып, ауданымызда осы бағдарлама арқылы берілетін тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілетіндігін жеткізді. Кездесуге қала, ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары, аудандық банк басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Ақмарал ХАМЕТЖАНОВА .