КӨКТАЛ АУЫЛЫ «ҮЗДІК 30 АУЫЛ» ҚАТАРЫНДА

25.10.2021ж

Еліміздің егемендігіне 30 жыл. Тәуелсіздігіміз мерекеленетін мерейлі жылда еліміздің қол жеткізген жетістіктері мен атқарылған жұмыстарына нақты қорытынды жасалып жатыр. Айшықты шаралар республика көлемінде өткізіліп, айқын көзқарасымыз бен нақты ұстанымымыз кеңінен дәріптелуде.

 Осындай шараның бірі ретінде жуырда  өткен «Үздік 30 ауыл» атты мерекелік жобаны ерекше атап өтуге болады. Тұңғыш Президентіміздің негізгі бағыты ретінде қолға алынған ауыл аймақтарды дамыту            бастамасын Президентіміз ары қарай қолға алып, ауылдық елді- мекендерді көркейту жұмыстарын қолдауды саясатымыздың басым бағыты ретінде қарастырып келеді. Тәуелсіздік жылдары ауылдарымыздың   жетістігін жалпақ жұртқа көрсетуге мүмкіндік беретін  «Үздік 30 ауыл» жобасының авторы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Тұлға-достық» қоғамдық қорының директоры – Мұратхан Шоқан.

                Жобаның басты мақсаты – еліміздегі дамыған ауылдарды үлгі ретінде көрсету, ауылдарды дамытуға үлес қосып отырған, «туған жерге туын тіккен» азаматтарды дәріптеу, сол арқылы өзге ауылдарды, өзге азаматтарды ынталандыру.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Үздік 30 ауыл» жобасына республика бойынша 3000 ауыл қатысқан. Дәл осы байқауға біздің өңірімізден көркейіп гүлденген, тарихы терең Көктал ауылы қатысып,                  республика көлемінде аталған 3000 ауылдың ішінен  үздік ауылдар қатарынан табылып,  «Үздік 30 ауыл» анықтамалық альбом беттерінен ойып тұрып орын алды. Сондай-ақ жуырда зиялы қауым өкілдері қатысқан Нұр-Сұлтан қаласында өткен альбомның тұсаукесерінде Көктал ауылдық округ әкімі Бақыт Нұрелов «Үздік 30 ауыл» номинациясын иеленді. Бұл ауданымыз үшін үлкен мәртебе.

                 Айта кету керек, үздік ауылдарды бағалауда әлемдік тәжірибелерде қолданылатын ауылдың инфрақұрылымы, әлеуметтік жағдайы, мәдени ахуалы және қоршаған ортасы секілді әртүрлі өлшемдер негізге алынған.

                Альбомға үздік ауылдардың тарихы, мәдени нысандармен қатар ауылдың көркеюіне өлшеусіз үлес қосып жүрген азаматтар туралы ақпарат енгізілді. Мәселен, аудан әкімі Талғат Өмірәлиев,  Көктал  ауылдық округінің әкімі Бақыт Нұрелов, Көктал ауылынан шыққан Ұлы Отан соғысының ардагері Сембек Қожахметұлы, журналист, «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері», «Қазақстан Журналистика Академиясының академигі Нұржан Мұхамеджанова, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы ғылымдары Академиясының академигі, Ресей Ауылшаруашылығы ғылымдары академиясы Сібір бөлімшесінің құрметті докторы Айбын Төреханов, «Көктал-Агро» ЖШС-нің директоры Жәнібек Оханов, Көктал ауылындағы наубайхана басшысы Ербосын Жолтуков туралы анықтама берілген.

                «Ауылына  қарап  азаматын таны»  демекші альбомда ауылдың гүлденіп көркеюіне үлес қосқан ауыл, аудан, облыс, республика көлеміне танымал тұлғалардың есімдері мен ауылдың жандануына атсалысып жүрген кәсіпкер азаматтар Марат Абиров, Ердаулет Ерғалиев, Бақыт Қалиев, Елдос Сұраншиев, Алимагамед Бахырдинов, Рустем                                                     Илиев, Құнапия Әбділқажы, Құрбан Фархаттардың да аттары аталған. 

                Ауыл – қазақтың қасиетті мекені, алтын бесігі. Ендеше ауылды көркейтуе үлес қосып жүрген жандардың еңбегін айшықтап, үздік ауылдарды халыққа кеңінен көрсету құптарлық іс. Қуантарлығы, көп жылғы адал еңбек өз жемісін беріп, Көктал ауылы үздік ауылдар қатарына енуі.

А.ХАМЕТЖАНОВА.

 

Күнтізбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4147109