Цифрлық эфирлік хабар тарату жүйесі

05.07.2019ж

2019 жылдың 28 маусымында Алматы облысында аналогтық телехабар тарату желісін өшіру іс-шарасы өтті. Өңірде аналогтық телевизияны толықтай өшіре отырып, цифрлық  эфирлік телерадио хабар таратуды енгізу бойынша мемлекеттік  жобаны  іске  асыру  аяқталды.

       Бүгінгі таңда Алматы облысында халқының жалпы саны 2 миллиондай адам болатын елді мекенді цифрлық эфирлік телерадио хабар сигналымен қамтитын 90 радиотелевизиялық станция  салынып, жаңғыртылды.

    Қазірдің өзінде облыс орталығында стандартты айқындықтағы 30 шақты телеарна, елді мекендерде 15 шақты телеарна қолжетімді.

    Цифрлық эфирлік хабар тарату жүйесін енгізу жобасы аясында өңірлік цифрлық телевизияға көше отырып, көп ұзамай аналогтық  телевизияның өшірілетіні туралы халықты ақпараттандыру бойынша кең көлемді жұмыс жүргізілді. «Қазтелерадио» АҚ қызметкерлері жергілікті атқару органдарымен бірлесе елді мекендерге сапарға шығып, аула аралап, ауыл тұрғындарына  эфирлік телерадио хабарларын таратуға қосылуға көмектесті.

   Алматы облыстық әкімдігінің қолдауымен телеарналарда бейнероликтер айналдырылып, баспа басылымдарында және интернет ресурстарда мақалалар  жарияланды. Сондай-ақ облыс бойынша 40 ақпараттық билборд  орнатылды.

  Аналогтық хабар тарату желісін өшіру және циярлық эфирлік хабар таратуға көшу Қазақстанда бекітілген кестеге сай жүріп жатыр. Бұдан бұрын 2018 жылы Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстары  мен Шымкент қаласында аналогтық хабар таратуды өшіріп, цифрлық эфирлік хабар тарату желісіне толықтай көшірілді.  2019 жылы Алматы облысынан басқа Павлодар және Қостанай облыстарында аналогты телехабар тарату өшіріледі.

     Цифрлық эфирлік телехабар тарату желісін енгізу жобасын  жүзеге   асыру 2021 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.  Сонымен қатар, инфрақұрылымдардың дайын  болуына қарай еліміздің басқа өңірлерінде аналогтық хабар тарату кезең-кезеңмен өшіріліп, цифрлық эфирлік телерадио хабар тарату желісіне толықтай көшіріледі.

  Алдағы уақыттарда цифрлық эфирлік телерадио ауданымызда тұрақты түрде жұмыс істейтін болады. Цифрлық эфирлік телерадио хабар сигналын қосуға байланысты өткен шараға «Қазтелерадио» АҚ  Алматы облысы филиалының директоры  Қайсар Раздықов, аудан әкімі Темірлан  Бектасов тағы басқалар қатысып, өз ойларымен бөлісті. Аудан тұрғындары ендігі жерде  цифрлық эфирлік телерадио хабарын  пайдалана алатын  болады.

Ж.Нұрақынұлы.