"АУАДАЙ ҚАЖЕТ": ОБЛЫС ӘКІМІ ІТ-ОРТАЛЫҚТЫҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ

26.09.2019ж

Бүгін Талдықорған қаласының 6-шағынауданында «Jetіsý-Hub» IT-орталығы ашылды. Салтанатты шара облыс әкімі Амандық Баталовтың алғысөзімен бастау алды.

 

         – ХХІ ғасыр – технологиялар заманы. Ақпараттық технологиялар қарыштап, озық инновацияның дәуірі келді. Еліміздің озық отыз елдің қатарына енуі үшін де жаңа технологияны дамыту ауадай қажет. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да цифрландыру мәселесіне айрықша мән берілген. Жолдауға сәйкес, озық бағдарламамызды құруымыз керек. Интернет дамыған заманда кейбір бүлдіршіндеріміз өзінің армандаған дүниесін, ойлап тапқан жобасын іске асыра алмай жүреді. Осыған орай біз арнайы IT-орталық аштық. Былтыр IT мектебі салынды. Ендігі мақсат – болашақ жастарымызға IT колледжін ашу. Өскелең ұрпақ  халықаралық ареналарда ел намысын қорғап, жетістікке жетіп жатса, біз үшін үлкен қуаныш, – деді облыс әкімі.

         Өз кезегінде сөз алған «Jetіsý-Hub» IT-орталығының басшысы Әсет Мухаммад: «Қазіргі таңда 30 озық елдің қатарына кіру үшін жұмыс жан-жақты жүргізілуде. Осыған орай жастарды осы салаға бейімдеп, олардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында жаңа жоба құрылды. Білікті мамандар бар. Енді олар бес жастағы бүлдіршіндерден бастап, студенттерге дейін даярламақ», – дей келе, жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады.

Жоба «Benediximus» ЖШС компаниясымен бірлесіп іске асырылуда. Оның басты мақсаты – стартап мәдениетін дамыту, жас командалардың идеялары мен жобаларын дамыту үшін инвестиция тарту, IT индустриясына жастарды тарту, ЖОО мен колледж түлектерін жұмысқа орналастыру. Орталықтың ішінде робототехника, WorkShop, 3D модельдеу және кванториум секілді әр салаға арналған арнайы кабинеттер бар.

         Мұнда балаларды тек қана оқытып қоймай, түрлі жобалар әзірленбек. Жоба аясында құрылған орталық халықты бизнесті жүргізу негіздеріне және заң, бухгалтерлік сауаттылықты үйретуге баулиды. Сонымен қатар, мамандар алдағы уақытта бұл орталықтың елге пайдалы жобалардың ұстаханасына айналатындығын, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана-Хаб» IT стартаптарының технологиялық паркімен тығыз ынтымақтастығы жоспарланып отырғанын мәлім етті.

Айдар ҚАЛИЕВ