ЖАСТАР ЖЫЛЫ – ЖЕТІСТІКТЕРГЕ ЖЕТЕЛЕЙД

15.02.2019ж

23 қаңтарда Елордамыздың төрінде  Елбасымыз Жастар жылының  салтанатты ашылуын өткізіп, ұшқыр ойлы, талантты, білімді, өз істерінің майталмандары болып жүрген  жастардың басын бір арнаға тоғыстырғаны баршамызға мәлім.

    Осы шара біздің ауданымызда да жалғасын тапты. Өткен аптада аудан әкімі  Темірлан Бектасовтың қатысуымен  Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжінде   Жастар  жылының  ашылу  рәсімі  өтті.

     Шараға жазиралы Жаркент жерінің атын танытып, талай аламан бәйгелерден оза шапқан жүйріктер, терең білімдерімен ерекшеленіп жүрген жалынды жастар қатысты. Оның ішінде кәсіптің көзін тауып аудан экономикасына елеулі қосып жүрген, спорт шеберіне үміткер Жапар Дінмұхаммед пен күні кеше Астанада өткен жастар форумына қатысып келген жас механизатор-тракторист Нуканов Елдар сынды жастар да болды. Ол Елбасымен кездесу арманының орындалуына мүмкіндік сыйлаған аудан әкімі Темірлан Амангелдіұлы мен  «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жетекшісі Ерлан Нарынбаевқа алғысын жеткізді. Еркін форматта өткен кездесу барысында аудан әкімі жастардың жетістіктерін тыңдап, болашаққа қойған жоспарларымен танысты.

     Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  «Шағын несие берудің және оқыту ісінің оң тәжірибесі негізінде барлық өңірде «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеу қажет. Жоба аясында жыл сайын білім алатын жұмыссыз жастар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санын 100 мыңға дейін жеткізген жөн»,-деген болатын. Осы орайда аудан әкімі өңірімізде жастарды қолдауға бағытталған кешенді жұмыстар атқарылып жатқанын және кәсіптің көзін тауып, еңбекке ынта танытқандарға мол мүмкіндіктер барына тоқталып өтті.

     Ауданымыздағы    «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастырған шарасы барысында «Болашақ жастарымызға 100 тілек» атты арнайы жасалған кітапқа алғашқы болып өңір басшысы өзінің ыстық тілегін жазды. Сонымен қатар, Алматы облысы бойынша құрылған полицияға қолдау көрсетуші «Жалын» студенттік жасағына қабылданған жастарға арнайы куәліктері тапсырылды. Айта кету керек, облыс бойынша біздің ауданымыз «Жалын» жасағына қабылданған жастар легінің артуымен  ерекшеленіп  тұр.

     Кездесу соңы Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері ұйымдастырған концерттік бағдарламаға  ұласты.

          Ақмарал  ХАМЕТЖАНОВА.