Жұмыла көтерген жүк жеңіл

23.08.2019ж

Жасыл ел - жұмыссыз жастардың, студенттердің, сонымен қатар мектеп оқушыларының жыл сайынғы маусымдық еңбек жобасы.

Яғни, бұл жоба жастардың Отанға деген патриоттық сезімдерін күшейтуге, өздерінің туып өскен жерлерін,қоршаған ортасын ластанудан қорғауға және табиғатқа деген жанашырлық сезімдерін оятуға итермелейтін бірден-бір күш.

Қазіргі таңдағы Қазақстанның экологиялық мәселелерін алға тартсақ, біз жастар жұмыла еңбек етсек осы экологиялық апаттардың алдын алуға қауқарымыз жететіні сөзсіз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл!»-деген сөз бар ғой қазақта. Яғни біз жұдырықтай жұмылып, жазиралы Жаркент өңірінің гүлдеп, көркеюіне титтей де бір үлесімізді қоса алсақ, ол біздің патриот екеніміздің алтын көрінісі.
Осы жоба аясында қазіргі таңда ауданымызда «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы құрылып, жұмыс жасап жатырмыз. Жаздың аптап ыстығына қарамастан біз-жастар қаламыздың тазалығын сақтауға барынша атсалысудамыз. Бірақ, бір өкініштісі, қала көшелерін тазарту барысында бірнеше ер азаматтар келіп, бізге рухани күш беріп, жігерлендірудің орнына «Қоқыс тазалауға намыстанбайсыңдар ма? Қандай жиіркенішті. Менің үйімнің ауласын да тазалаңдар, сендердің жұмыстарың ғой»-деп, жастардың жігерін құм етіп кеткен сәттер де болды. Дегенмен де «Күш-бірлікте!»-деген ұранды ұстанған жасыл ел жасақшылары негатив пікірлерге қарамастан өз жұмыстарын жалғастыруда. Сонымен қатар бұл жоба бізді жан-жақты болуға үйретуде. Біз осы 1 ай шеңберінде әртүрлі мерекелік іс-шараларға қатысып, «Қарлығаш» лагерінде «Жастар жалыны» атты мерекелік концерт ұйымдастырып, «Ардагерлерді ардақтайық» шарасымен бірнеше тыл ардагерлерінің үйіне барып, аулаларына тазарту жұмыстарын жүргізіп, қарт-қарияларымыздың езуіне күлкі, көңілдеріне қуаныш сыйлай алдық.
Біздің негізгі мақсатымыз - қала тұрғындарын, соның ішінде өзіміз сияқты жастарды қоршаған ортаның ластануына бей-жай қарамауға шақыру.
Біз, «Жасыл ел» еңбек жасағы барша тұрғындарды қаланың гүлдеп, көркеюіне бірге атсалысуға шақырамыз!
«Жасыл ел»
жастар еңбек
жасағы.