Қаратал жағалауында «JETISÝ ETNO STYLE» облыстық жастар фестивалі өтті

26.09.2019ж

Елімізде Жастар жылының жариялануы Мемлекет басшысының жас буынға арнаған жарқын үндеуіне айналды. Осы бағдарлама аясында елімізде әртүрлі шаралар өтуде.

Cоның бірі Талдықорған қаласында  өткен «JETISY ETNO STYLE» облыстық жастар фестивалі.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде «Мәдениет ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады» деген болатын.

Осыған орай, жастар жылы аясында өткізілген «JETISY ETNO STYLE» облыстық жастар фестивалінде тарих пен дәстүр сабақтасып, көшпелілер мәдениетінің айшықты көріністері заманауи қоғамда жарасымын тапты.

Кіреберісі саясаткерлер аймағынан бастау алатын алаңның соңы қазақ үйлермен жалғасын тапқан. Өзенді көбелей орналасқан үлкен керуеннің ішінде асық ату, қол күрес, жілік тартыс, балалар алаңы, қолөнер бұйымдарының көрмесі, жастар театрының аймағы, армандар тақтасы, спорт алаңы орналасқан. Керуеннің ішінде ауданнан келген шаруашылық иелері қонақтарға арнайы қымыз, шұбат құйып, бауырсақтан дәм татқызды. Талантты қолөнер шеберлерімен зергерлер өздерінің көрмелерін көрсетіп, көптің көңілің баурады.

Фестивальға қатысу үшін Қаратал жағалауына облыстың түкпір-түкпірінен 200-дей талантты жас жиналды.

Жетісу жастарының ауқымды шарасын облыс әкімі А. Баталов та тамашалады. Өнерпаздардың өнеріне тәнті болған облыс басшысы  алдымен оқушылардың «Әлқиса» күйін тыңдап, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жастардың әскери шеберлігін көрді. Аймақта алғаш рет құрылып отырған «МИЗАМ» жас әдебиетшілер мен еріктілер театрының тұсауын кесіп, ақ батасын берді.

– Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде «Елбасымыз жария еткен Жастар жылының ең басты мақсаты – өскелең ұрпақтың барынша сапалы өмір сүруіне қажетті жағдай жасау, жастар – бұл мемлекетіміздің күш-қуатын еселейтін ең негізгі, мықты буын екенін» – тап өтті. Осы мерейлі жылда Жетісу жерінде жастар фестивалін өткізудің біз үшін маңызы зор.

Жастар – қоғамдағы ең белсенді буын. Олардың рухани адамгершілігі, ғылымдағы интелекттісі, саяси сауаттылығы-тәуелсіз елдің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан мемлекетімізде жас буынның тегін білім алуына, шет тілдерін үйренуіне, техника тілін меңгеруіне, жаңа жобалармен жұмыс істеуіне толық мүмкіндік жасалып отыр.

Жалпы облыста жыл басынан бері жастар арасында мәдениетті дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау бағытында 450 мың жасты қамтыған 1500-ге жуық шара өткізілді. Бүгінгі фестиваль жастарға әрі демалыс, әрі тәрбие, әрі өзара пікір алмасу алаңы ретінде пайдалы болады деп сенемін», – дей келе Амандық Ғаббасұлы ел экономикасына сүбелі үлес қосып жүрген аудан жастарын марапаттады.

Тағылымы мен тәлімі мол дәстүрлі шараны  Алматы облысының жастар саясаты  мәселелер басқармасы ұйымдастырды.

- Өздеріңізде көріп отырған шығарсыздар, тарих пен дәстүрді қатар ұштастыра отырып, ұлттық құндылықтарымызды жастардың бойына сіңіру мақсатында осындай шараны өткізуді қолға алдық. Әр алаңда орналасқан бұйымдардан қазақтың иісі шығып тұр. Осы орайда қолдау танытқаны үшін облыс әкіміне алғысымды білдіргім келеді. Себебі жастар мемлекеттің моторы. Келешектің алтын көпіріне арқау болар дарын иелері. Сондықтан бұл фестивалдің берері мол деп ойлаймын,-деді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Жомарт Мандатұлы.

Тартысты додалар мен қызықты көріністерге толы шара соңы эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концертке ұласты.

  Балжан Жұманбекова

 

 

Күнтізбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4730456