ЖАСТАРДЫ ҚАНАТТАНДЫРҒАН ҚОЛДАУ

Бүгінде  қазақстандықтардың Елбасының әр Жолдауынан жаңалық күтетіні қалыпты құбылысқа айналған. Өйткені, Мемлекет басшысының Жолдауларында еліміздің алдағы даму белесі айқындалып, соған жетудің жоспары белгіленеді.

"Қазақстандықтардың әл ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты биылғы Жолдаудағы басты жаңалықтың бірі – келер жылдың "Жастар жылы" деп жариялануы болды. Осы жылғы 13 қарашада Елбасы арнайы Жарлыққа қол қойып, Үкіметке қажетте шараларды қабылдауды тапсырды.

   Бұл жаңалықты еліміздің барлық жастары зор қуанышпен қабылдағандарына сенімдімін. Бұл бізге деген сенім мен жауапкершіліктің айқын көрінісі. Президент сенімін ақтау үшін біз, жастар барлық күш-жігерімізді біріктіріп, жаңа әлемге жол саламыз. Ол жол — Елбасымыз айқындап берген, елімізді ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына апаратын жол. 

   Мемлекет басшысының ел келешегін     жастармен      байланыстыруы қоғамда кейінгі буынға үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын көрсетеді. Тәуелсіз мемлекетімізде жастарға білім мен тәрбие беру, оларды барынша әлеуметтік тұрғыда қолдау шаралары ұдайы жүзеге асырылып келеді. "Жастар жылы" соның айқын дәлелі.

      Елбасы жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиістігін атап өтті. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін тапсырды. Ауылдағы әлеуметтік ортаны жаңғырту бастамасына да жастар үлкен үлес қоса алады деп ойлаймын. 

    Осы уақытқа дейін де жастар қолдаудан кенде болған емес. Оның дәлелі «Дипломмен – ауылға» жобасы. Осы жоба аясында бүгінде мыңдаған жас әр салада жемісті еңбек етіп жүр. 

        Ал атаулы жыл шеңберінде елдің болашағы – жастарды жан-жақты қолдау арта түсетіні ертеңге деген сенім ұялатады.                                                                                             

           Мақпал БІРІМҚҰЛОВА,

Айдарлы  ауылдық  округі  әкімі  аппаратының 

жастар  ісі  жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы.