Жетістіктер де жеткілікті, жетілдіретін тұстарымыз да жоқ емес

18.01.2019ж

Елбасымыз   Нұрсұлтан  Әбішұлы   Назарбаев «Қазақстандықтардың  әл-ауқатының өсуі: табыс пен   тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек.

     Негізгі міндет – еңбек  өнімділігін   және   қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің   экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту.

     Мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет» деп  айрықша  атап көрсеткен  еді.  Осынау   Мемлекет  басшысы тапсырмасының   ауыл шаруашылығы саласы үшін мән-маңызы  орасан  зор. Осыған орай, аудандық  ауыл    шаруашылығы   бөлімінің    басшысы    Жұмағазы   Нұрахметұлы  НАЙМАНТАЕВпен   сұхбаттасқан   едік.

                -Бұл тұрғыдан таразылағанда біздің жеткен жетістіктеріміз де жеткілікті, алдағы уақытта жетілдіретін тұстарымыз да жоқ емес. Биыл жалпы 40 млрд. 222 миллион теңгенің  ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Оның  19 млрд. 69 миллион теңгеден астамы - мал шаруашылығына, ал 21 млрд. 30 миллион теңгесі  - егін  шаруашылығына тиесілі, - деп бастады ол сөзін.

          - Жазиралы Жаркенттің  басты байлығы - жүгері екені бүкіл елімізге  белгілі. Осынау бағлан дақылды өсірудің  биылғы жай-күйі қалай болды?

         -Ауданымыздың диқандар қауымы биыл  жүгеріні 25 мың 885 гектарға еккен еді. Ерте көктемнен бастап қамданып, жаз бойы бел жазбай еткен еңбектің нәтижесінде жомарт күзде оның әр гектарынан орташа есеппен 67,3 центнерден дән жиналды. Барлық  алынған өнім мөлшері  - 165 мың тонна. Егін орағына қатысқан адам саны  он мыңнан асты. Науқанға сондай-ақ, 90 комбайн пайдаланылып, оның  20-сы  жүгеріні тікелей дәнге орды.

           -Бұл жүгерінің биылғы бағасы қандай? Диқандарды осы ғой  мазалайтын?

           -Соңғы күндерге дейін жалпы 123 902 тонна жүгері сатылып, әр килограммы 43 теңгеден айналды. Оның ішінде «Жаркент - крахмал сірне» зауытына 101 402 тонна, «Шамалған» жүгері зауытына 11 мың тонна, «Құндыздыға» 8 мың тонна, тағы басқа да алушыларға   3,5 мың тонна жүгері  сатылды. Қоймаларға сақтауға 29 899 тонна жүгері дайындалып, қырмандарда 11 192  тоннасы  сақталуда. Осы арада әр гектардан 120 центнерден өнім жинап, аудан бойынша ерекше көзге түскен  «Көктал-Агро»  серіктестігін айрықша атап өтуге болады.   Сонымен бірге қуанышты жаңалығымызды да бөлісе кетейік: жыл сайын жоғары көрсеткіштерге жетіп келе жатқан жүгерінің элиталық асыл тұқымын өсіретін  «Ернар» шаруа қожалығының басшысы Тасқын Жапарқұл биыл Елбасының Жарлығымен «Құрмет» орденімен наградталды.

          -Құтты болсын! Ал, масақты дақылдарды өндірудегі табыстарыңыз қандай?

          -Ауданда жалпы 1062 гектар масақты дақыл  бар. Оның  әр гектарының өнімділігі  23 центнерге жетіп,  барлығы 2408 тонна дақыл алынды. Бұның  ішінде 515 гектар бидайдың  әр гектарынан 22 центнерден, 517  гектар  арпаның әр гектарынан 23,4 центнерден, 1345 гектар  картоптың әр гектарынан 174,7 центнерден, 1209 гектар көкөністің  әр гектарынан 281,6 центнерден өнім алдық. Сондай-ақ, 76 гектар жүзімнің әр гектарынан 74,1 және 4 гектар жаңғақтың әр гектарынан 10 центнерден өнім жиналды. 1110 гектарға бақ отырғызылып, 1330 гектар егістік тамшылап суарылды.. Ал 5 гектардан астам аумақты қамтитын көкөніс өсіретін жылыжайлардағы  дақылдардан екі  айналымының қорытындысында  850 тонна өнім алуға қол жетті.   

          Бір айта кетерлігі, мұндай табысқа жетуімізге Оңтүстік Кореялық «Кибан Агро» компаниясы үлкен үлес қосты. Олар жалға алған 4 гектар жылыжай аз минералданған жер асты ыстық  суы  арқылы жылытылады. Мұндағы  жұмыс жаңа технологиялар мен ғылымға негізделген, толығымен автоматтандырылған. Жылыжайда жергілікті 50 адам тұрақты жұмыс істейді. Мұнда  бір жылда  600 тонна қызғанақ өсіріліп, еліміз бен Ресей нарығына шығарылды. Ал, «Жаркент - Фрукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жаңа үлгідегі 90 бірлік ауыл шаруашылық техникалары агрегаттары бар. Олар биыл  730 гектарға шекілдеуік және 380 гектарға сүйекті жеміс ағаштарын отырғызып, 1110 гектар  алқапты толығымен тамшылатып суғарды. «Екофишн Продукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  жылыжай кешенінің жалпы аумағы - 25 гектар. Мұнда да жерасты аз минералды, термалды артезиан ыстық суы пайдаланылады. Серіктестік тез өсіп жетілетін теляпии және Африкалық сом (жайын) балықтарды өсіріп, дамытумен айналысады. Биыл  300 тонна балық етін өндірді.

           -Өндірілген өнімді сақтау мәселесі қалай шешілуде?

          - Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес барлық  округтерде өнімдерді сақтайтын және өңдейтін орындарды салу талап етілуде. Қазір  ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын қойма саны – 14. Оның ішінде  жүгері өңдейтін «Жаркент крахмал-сірне зауыты»,  жүгері кептіріп сақтайтын «Эксим-бейс» серіктестігі және «Аширов Гайрат», «Абдуллаев Амролла», «Ваджидов Ғұламдун», «Машуров Тұрганбек» шаруа қожалықтарында көкөніс пен  жүзімді, сондай-ақ, «Әуелбеков Айдын», «Сайдахметов Сейітбек» шаруа қожалықтарында картоп сақтайтын қоймалар бар.

          -Кез келген дақылдың өнімділігі ең алдымен сапалы тұқымға байланысты болатыны белгілі...

          -Ойыңызды түсіндім. Біздің басты мақсатымыз да сол: жылдан-жылға егілетін тұқым сапасын жақсарту арқылы өнім көлемін ұлғайтып, еліміздің ғана емес, басқа да алыс-жақын мемлекеттердің егіншілік зерттеу институттарындағы ғалымдардың, сала мамандарының  көмегімен, аудан, облыс, республикамызға қажетті жоғарғы сортты, сапалы тұқым дайындау. Қазір ауданымызда сегіз тұқым шаруашылығы бар. Олардың жетеуі –элиталық    жүгері   тұқымын,   біреуі – қант  қызылшасы  тұқымын  өндіреді.

Жүгері тұқымын өндіруші шаруашылықтар жылына мың тоннадан артық жоғары сортты, сапалы жүгері тұқымымен ауданымыз бен облыстың жүгері өндірушілерін ғана емес, сонымен бірге солтүстік облыстардың да қажеттілігін өтеуде.      Қант қызылшасының тұқымын өсіріп-өндіруші «Қамқорлық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облысымызда ғана емес, республика көлеміндегі элиталық  тұқым шаруашылығы болып табылады.  Олар биыл 10 гектар жерде 8 тонна таза элиталық тұқым дайындады.

          -Саланың техникамен жарақтандырылуы  қалай?

          -Қазіргі таңда ауыл шаруашылығын техникасыз елестету мүмкін емес. Оны тұрақты түрде жөндеуден өткізіп, құрамын жаңартып тұру – өте өзекті мәселе. Сондықтан былтыр бір жылда 42 техника сатып алынған болса, биыл он бір айда жалпы сомасы 370 млн. 987 мың теңгені құрайтын 40 жаңа техника   алынды. Оның ішінде 25 - і трактор. Жыл соңына дейін тағы да қосымша техника алынатын болады.

           Қазіргі уақытта біраз шаруа қожалықтары жаңа техникаларды «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы лизинг негізінде сатып алуға ниет білдіріп отыр. Оның сыртында басқа өңірлерден де мүмкіндіктеріне қарай жаңа болмаса да, қолданыста болған әр түрлі техникалар сатып алып жатқан шаруа қожалықтары да бар. 

          -Су – тіршілік нәрі. Енді  егістікті  суғару  жайына ойыссақ.

          -Дұрыс айтасыз.  Сусыз өмір де, өнім де жоқ. Яғни, мол өнімнің тағдыры   су шаруашылығы мекемесінің  жұмысына да  тығыз байланысты Қазір «Қазсушар» республикалық мемлекеттік  кәсіпорнының  ауданымыздағы өндірістік учаскесінде   Басқұншы, Қорғас, Жоғарғы-қалалық, Бурақожыр, Үшарал, Еңбекші, Тышқан   деп     аталатын   7 гидроучаске  бар. Онда  4 бөгетті гидроторап, 438 дана гидротехникалық құрылғы  және 182 гидробекет жұмыс істейді. 2018 жылы мемлекеттік суландыру жүйесінен 370,0 млн. текше метр су беру жоспарланса,  20 қарашаға дейін ол көрсеткіш 417,5 млн. текше метрге жетті. 303 су пайдаланушымен келісім-шарт жасалып, 39788 гектар  жерге ылғал берілді. Ауданымызда 2016 жылы Өсек су торабы, 2017 жылы Тышқан су торабы қайта қалпына келтірілсе, биыл 169,0 млн. теңге бөлініп, Шежін су торабы жасалды. Күзде Аяқ-Құншан  магистралды каналының 192 метрі қайта қалпына келтірілді.  Осы орайда, тәжірибелі басшы Тоқтарбай Керімқұлов басқаратын бұл мекеменің Қорғас учаскесіндегі Сейтқожа Кененбаев, Жоғарғы-қалалық учаскесіндегі Амангелді Ибрагимов, Бурақожыр учаскесіндегі Төлеген Өмірбеков тәрізді озат мамандарының еселі еңбектерін ерекше айта кеткен жөн деп есептейміз.

       -Мал шаруашылығы саласының жағдайы  қандай?

       -Қазір ауданда  70094 ірі қара, 312 108 қой-ешкі бар. Бұл  былтырғымен салыстырғанда анағұрлым артық.  Жылқы саны өткен жылы  17321 болса, биыл 17631-ге көбейді, яғни 101,8 пайыз артты.

   «Сыбаға»   бағдарламасы бойынша 2018 жылға асыл тұқымды 150 ірі қараға импорттық  жоспар берілген болатын. Жақын күндері Ресейден «Найманбаев Н.Н.» шаруа қожалығы 150 ірі қараны -  67 млн.500 мың теңгеге, «Дәулет Жансая» шаруа қожалығы 67  ірі қараны -28 млн.500 мың тенгеге, барлығы 216  асыл тұқымды ірі қараны  - 96 миллион теңгеге әкелді.

        Ал, «Айсұлтан» шаруа қожалығы «Абердин ангус» атты ет  бағытындағы  50 асыл тұқымды ірі қараны  сатып алып,  қазір өз төлі есебінен көбейтуде. Сонымен қатар 2019 жылға  сүт бағытындағы 200 асыл тұқымды сиыр сатып алуға құжаттарын рәсімдеп, осы  мақсатқа пайдалану үшін оған Сарыбел ауылынан жер бөлініп берілді.  2014 жылы жұмысын бастаған «Қастекбай қажы» шаруа қожалығының басшысы Нұрғалым Әлімқожаев «Сыбаға» бағдарламасы бойынша  несиеге 400  қой  алған еді. Қазір  оның санын  1800-ге  жеткізіп, енді оларды бордақылау алаңын салуды бастады. Сонымен қатар өткен жылдан бері 60-тан астам жылқы өсіруде, оның 36-сы бие. Ал, Пенжім ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер «ESENBAI» 600  ірі қараны бордақылауға арналған кешенін 1000 ірі қараға арнап ұлғайтып салу үшін өз қаражаты есебінен 10 млн.тенгеге құрылыс жұмысын  жүргізуде.

       Жалпы, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, оның өнімділігін және  сапасын арттыруды субсидиялау бойынша ауданымыздың шаруа қожалықтары 549 млн.346 мың теңге қаржы  алды. Мұның сыртында биыл, яғни, 2018 жылы «Қазагроқаржы» ұйымдарынан ауданның шаруа қожалықтары бойынша 58 адам -283 млн.790 мың тенге несие  алып, 903  ірі қара,  1925  ұсақ малдар сатып алды. 

       -Міне, қылышын сүйретіп жеткен қыс та күшіне ене бастады. Мал қыстату жағдайы қалай?      

       -Қазір аудан бойынша  460 мал қыстауы бар. Оларда  әлбетте,       жемшөп қоры жеткілікті болуы тиіс. Өйткені, мал қысатудың табысты болуы – тікелей осыған қатысты екені де баршаға түсінікті болса керек. Сондықтан бар күш-жігерімізді жұмсай отырып, биыл  124 мың тонна көп жылдық шөп әзірледік. Сондай-ақ,  44,5 мың  тонна  жем  дайындалды. Сонымен қыстан қысылмай щығамыз деп ойлаймыз. Жалпы, өткен жылға өкпе жоқ, келген жылдан үміт көп.

       -Үміттеріңіз ақталсын. Сұхбатыңызға рахмет!                                                   

                                                                                                Нұр ӘДІЛ,

                                  халықаралық «ҚазАқпарат»  агенттігінің

Жаркент аймағы  бойынша 

тілші - шолушысы

Күнтізбе

« Сәуір 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

booked.net