ЖАЛАҚЫ жәйі қандай?

18.01.2019ж

Былтырғы жылы Мемлекет басшысы өзінің кезекті «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында биылғы жылдан бастап елімізде жалақы мөлшері артатынын айтқан болатын.

      Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды. Қош. Тапсырма берілді. Ал, бұл жүктелген жұмыс қаншалықты орындалды және орындалып жатыр

    Мемлекет басшысының Жолдауы жарық көрген сәттен     бастап Үкімет тарапынан Жолдауда жүктелген негізгі міндеттерді орындау жұмыстары жүргізіле бастады. Мәселен,  «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңның негізінде Қазақстанда жалақы мен зейнетақының ең төменгі мөлшері белгіленді. Осы заңда көрсетілгендей биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі жалақының ең төменгі мөлшері 42 500 теңгені құраса,  мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерінің ең төменгі мөлшері 16 037 теңге, төменгі зейнетақы мөлшері 36 108 теңге болатыны көрсетілген. 

    Ал, жәрдемақы мен басқа да әлеуметтік төлемдер, айыппұл  санкцияларын, салық пен басқа да төлемдерді есептеу үшін айлық есептік көрсеткіш 2525 теңге көлемінде бекітілді.        

     Сондай-ақ базалық әлеуметтік төлемдер мөлшерін есептеу үшін күнкөріс деңгейі 29 698 теңге болып белгіленгендігін отандық ақпараттық басылымдар жарыса жазуда. Бұл республикадағы барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды. Ал бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы  35 пайызға дейін өсуі көзделген.

     Жалақы мен зейнетақы мөлшері көбейгендігіне осы жылдың алғашқы айлығын алған азаматтар мен зейнеткерлер куә болуда. Жалақы мен зейнетақы көлемі заң бойынша әртүрлі негіздер бойынша қосылған.  Келесі мәселе мәнісі мынадай, мемлекеттік     мекеме  жұмысшыларына еңбекақы қосылғанымен, жекеменшік кәсіпорындарда жұмыс жасайтын жұмысшылар жалақысы қалай болмақ? Осындай мекемеде еңбек ететін қызметкерлер жағдайына кім жауапты? Өйткені, жалақы мен зейнетақы мөлшері ұлғайатындығы біздің қоғамға айтарлықтай өзгеріс сыйламайтыны бесенеден белгілі жәйт.  Себебі, жалақымен жарыса азық-түлік бағасы да шарықтап шыға  келіп,  сан  сарсаңға  салатыны тағы бар  ғой...

А.Қуантайқызы.

Күнтізбе

« Тамыз 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

booked.net