МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ- МЕМЛЕКЕТ МӘРТЕБЕСІ

08.02.2019ж

Әлемдегі ең құрметті мамандықтың бірі ұстаз мамандығы десек, қателеспейміз. Педагог – бұл тек қана оқытушы емес, еліміздің келешек ұрпағын қалыптастырушы тұлға.

      Алайда, бүгінде мұғалімдердің жұмысынан тыс жүктелген бірқатар міндеттер оның негізгі қызметін жүйелі атқаруға кеселін тигізуде. Дәлірек айтқанда, мектепте қағазбастылықтан бас көтермейтін педагогтарға сайлау кезінде үгіт-насихат жұмыстарын атқару тапсырылса, әртүрлі шараларда зал толтыру міндеті де ұстаздарға жүктелген. Тізе берсек, мұғалімге артылған жүк ауыр. Мұның бәрі сайып келгенде жаңартылған білім мазмұнында зияткер ұрпақ тәрбиелеуде қиындық тудыратыны рас. Енді, сол олқылықтың орны толатын сәт туғандай..

     Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында» деген сөзі мұғалімдер қауымы жауапкершілігінің қаншалықты жоғары екендігін білдіреді.. Қашан да білім саласына баса назар аударып, қамқорлыққа алып отыратын мемлекет басшысының Қазақстан халқына жасаған кезекті   Жолдауында педагогтарымыз үшін тосын сыйға татитын жаңалық айтылды. Жас  ұрпақтың білімді, саналы болып қалыптасуы жолында тер төгетін Ұстаздар қауымы  алдағы жылы «Педагогтардың мәртебесі» туралы заң қабылданатынынан хабардар болды. Бұл мұғалімдерді ғана емес, білім беру саласының тыныс-тіршілігіне бейжай қарай алмайтындарды бір серпілтіп тастады.        

     Себебі «Бір әріп үйреткен адамға қырық жыл сәлем бер» деген халық екенімізді ұмыта бастаған едік. Бүгінгі заман талабына сай, бәсекеге қабілетті, зияткер ұрпақ даярлауда мұғалімдер жүктемесін азайтып, оның мәртебесін арттыру қажет.

    Жақын арада «Педагогтардың мәртебесі» туралы заң қабылданбақшы. Енді, сәтін салса М.Жұмабаев айтқандай, Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі болатын күн туады. Мұғалімнің еңбегі жеткілікті деңгейде бағаланып, материалдық тұрғыдан жақсылап тұрып ынталандырылса, маман стимул үшін де, абырой үшінде талмай жұмыс істейтіні айдан анық.«Мұғалім мәртебесі туралы» заң болашақта білім беру саласының дамуына қызмет етеді деп сенім артамыз.

    Мақытбек  Тұрлыбеков ,

аудандық  Мәслихат 

депутаты.    

Күнтізбе

« Сәуір 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

booked.net