Мұғалім мәртебесі- ел мәртебесі

15.02.2019ж

Жуырда «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында аудан мектептеріндегі кәсіподақ ұйымының төрағаларының бас қосқан жиыны өтті.

 

Жиынды білім және  ғылым қызметкерлері аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Мақытбек Тұрлыбеков ашып жүргізіп отырды.

   Жиынға Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров  қатысып, «Мұғалім мәртебесі» туралы ой қозғады.

    Жиында ұстаз мамандығының беделін арттыру кез келген мемлекеттің білім беру саясатының басты бағыттарының бірі саналатындығы, Тәуелсіз еліміздің жас жеткіншектеріне сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісі ең алдымен мектептегі мұғалімдердің білімі мен біліктілігіне байланысты екені айтылды.

     Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылға арналған Жолдауында халықтың тұрмыстық, әлеуметтік жағдайына ерекше мән берді. Оның ішінде білім беру жүйесіне айрықша көңіл бөлініп отыр. Елбасы қоғамда көп көтеріліп жүрген ұстаздар мәртебесі туралы мәселені шешу үшін «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылдау қажеттігін айтты. Осыған орай елімізде «Мұғалім  мәртебесі» туралы заң жобасы әзірленуде.

    Қазіргі уақытта аталмыш заң жобасы халық арасында, ұжымдарда кеңінен талқылануда.

    «Мұғалім мәртебесі» туралы заң жобасын талқылау барысында кәсіподақтың атқаратын міндеттері жөнінде әңгіме өрбіді.

    Жиынға «Нұр  Отан»   партиясы   аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Досмайлов қатысты.

Б.Жұмағазы.