«Сыбаға мен ырыс» табысыңды еселейді

01.03.2019ж

Ақпан  айының  20-ы  күні аудан әкімдігінің   мәжіліс  залында  жеке  шаруа  қожалықтарының басшылары мен  мал  шаруашылығымен айналысқысы келген  азаматтардың  бас қосқан  жиыны  өтті.

 

   Жиынды аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жұмағазы Наймантаев  ашып, жүргізіп   отырды.

   Елбасы Н. Назарбаевтың 5 қазан 2018 жылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» туралы Жолдауында, қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен табыстарының  тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты екендігі айтылған. Сондай-ақ «Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек», - деп негізгі міндеттерін айқындап берген еді. Үкіметке алдағы 3 жыл ішінде осы мақсаттарға жыл сайын қосымша кемінде 100 миллиард теңге қарастыруды да нақтылаған болатын. Осыған орай  жиында  «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы Алматы филиалының директоры Мәди Ибадуллаев жергілікті шаруаларға  түсінікті  әңгімелеп  берді.

     Шара барысында М. Ибадуллаев мырза «Сыбаға» және «Ырыс» деп аталатын мемлекеттік бағдарламалар бойынша  түсінік берді. Оның айтуынша аталған  бағдарлама бойынша жұмыс істейтін шаруа неше алса, оның 10% субсидияланады. Бір бас ірі қара үшін 625 мың теңге төленеді. Ол үшін  шаруа қожалығының шетелден  әкелінетін ірі қара саны 50 бастан кем болмауы керек. Сондай-ақ аналық ірі қара тек шетелден сатып әкелінуі тиіс.

     Бұл бағытта  Алматы облысы бойынша жұмыс істейтін «Асыл тұяқ» операторлары қол үшін беруге әзір.

      Жоғарыда аталған бағдарлама бойынша ет және сүт бағытындағы сиырларды шет елден сатып алу үшін үкімет ақша бөліп отырғандығы жөнінде нақты айтылды. Шара барысында залда отырған шаруалар түрлі сұрақтар қойып, оған қанағаттанарлықтай жауаптар ала алды. Ауданымызда алдағы жылдары халықаралық стандарттарға сай келетін  ет өнімдері  өндірілмек.

Ж. Бейсебек.