Киелі ауылдағы тартысты дода
- Толығырақ
- Жарияланды 27.09.2019 10:45
- Автор: Super User
- Категория: Жолдауға қолдау
- Қаралды: 1296
27.09.2019ж
Жуырда Үлкенағаш ауылдық округіне қарасты Әулиеағаш ауылында шахматтан аудан көлемін қамтыған спорттық жарыс өтті. Жарысқа Жаркент қаласынан және Шолақай, Жаскент, Үлкеншыған, Сарыбел, Талды, Көктал, Үлкенағаш ауылдық округтерінен келген командалық топтар қатысты. Аталған спорттық жарыс Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы аясында ұйымдастырылып, өткізілді.
Шахмат жарысына 30 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер, 31 жастан 59 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер және 60 жастан жоғары ерлер қатысты. Жалпы саны 48 спортшы сынға түскен жарыс өте тартысты әрі қызықты өтті. Әсіресе, 60 жастан асқан ерлер арасында өткізілген жарыс қатысушыларының қызықты ойыны көпшілік есінде қалды. Қорытынды нәтиже бойынша жүлделі І-орынды Жаркент қаласынан келген команда иеленсе, ІІ-орынды Көктал, ІІІ-орынды Жаскент ауылдық округтерінен келген командалар еншіледі. Жеңімпаз командаларға арнайы марапаттар мен сый-сияпаттар тарту етілді.
Күнделікті күйбең тірлікті бір күнге ұмыттырып, аудан халқын спортқа баулуға ұйытқы болған бұл жарысқа Үлкенағаш ауылдық округінің әкімі Ермек Нұрахметов өз ықпалын көрсетті. Сондай-ақ жарыс қатысушыларын ынталандыру мақсатында және олардың спортқа деген құлшыныстарын арттыру мақсатында бірқатар демеуші азаматтар да өз көмектерін аяп қалмады. Шахмат жарысының өткізілуіне қол ұшын созып, көмектескен ауыл жанашырлары Болат Андреев пен Ерболат Қоқышовтай азаматтардың да аттарын атап кеткен орынды болар.
Тек жоспарлы мақсатты орындау үшін ғана емес, ауыл азаматтарының спортқа деген қызығушылықтарын арттырып, салауатты өмір салтын ұстануды көздеген жарыс ұйымдастырушылары өздерінің діттеген міндеттерін жоғары деңгейде орындады деп айтуға толық негіз бар. Алдағы уақытта бұқаралық спортты дамытуға ел болып үлес қоссақ нұр үстіне нұр болары анық. Ұйымдастырушылардың айтуынша мұндай тартысты спорттық додалар әлі де өз жалғасын таппақ.
Ақжолтай МҰқашев,
Үлкенағаш ауылдық округі әкімінің маманы.