Алматы облысы әкімдігінде жолдауға қатысты алқалы жиын өтті

02.09.2020ж

Отырысқа өңірдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтар қатысты. Барлығның мақсаты бір, Президент алға қойған талаптарды іске асыруға күш біріктіру.

 

Елдің әлеуметтік, экономикалық және саяси жағдайының тұрақтылығы әр кезде де бірінші орында болғаны сөзсіз. Бұл жолғы актив жиынында да осы сөз етілді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай мемлекеттік басқару аппаратының жұмысын жетілдіру үнемі жаңа өзгерістер мен ізденісті аталап етеді. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы өзгерістер азаматтық қоғамға әсер етпей қоймайды. Өйткені аталған қоғамның мойнындағы жауапкершілік жүгінің салмағы ауырлай түспек.

Осы себептенде мемлекет басшысы басқаруда азаматтық қоғам мен бизнестің рөлінің маңызды екенін ерекше атап өтті.

Бұл реттегі ойды салмақтай түскен, алқалы жиында сөз алғандардың бірі Алматы облыстық «Талдау және болжау» орталығының директоры Елдар Сапаров.

Ол, «мен үкіметтік емес ұйымның өкілі ретінде, біздің азаматтық қоғамның  бәсекелестік ортаға берілген кейбір мемлекеттік функцияларды сапалы орындауға дайын екеніне сенемін.  Жолдауда көрсетілген мемлекеттік басқару ісіндегі реформалардың жоспарлы жүзеге асырылуы, мемлекеттік басқарудың сапасын жаңа деңгейге көтеріп, халық үніне құлақ асатын мемлекет орнатуға оң әсерін тигізері сөзсіз»,-деген тұжырымдамасымен бөлісті.

Мемлекет басшысының жолдауында ауылшаруашылығы саласы туралы да айтылды. Негізгі міндет – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді қамтамасыз ету.

Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы келесі жылы аяқталады, сондықтан ел Президенті  келесі бесжылдыққа саланы дамтыудың жаңа сапалы ұлттық жобасын әзірлеуді  тапсырған болатын.

«Бұл біз үшін өте маңызды, себебі еліміздегі ауыл шаруашлығы жалпы өнімінің 17 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз»,-деді  облыс әкімі Амандық Баталов.

Биліктегі өзгерістерге тосырқай қараудың қажеті жоқ. Ол дамудың даңғыл жолына алып келер бастама болып табылады. Елдің мұңын мұңдауға қалыптасып келе жатқан биліктің бір шетіне шығысу керек. Бірлік қана биікке жетелейді.