ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ ШЕШІМІ НАҚТЫЛАНДЫ
- Толығырақ
- Жарияланды 07.09.2020 08:34
- Автор: Super User
- Категория: Жолдауға қолдау
- Қаралды: 928
07.09.2020ж
Алғашқы білім күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына кезекті Жолдауын жария етті. Биылғы жыл әлем елдері үшін тарих беттерінде ауыр мұңмен жазылып, ел есінде қиын кезең ретінде сақталатыны анық.
COVID-19 салдарынан біздің мемлекет те аз зардап шеккен жоқ. Елдегі бірқатар салаларда құлдырау орын алып, мемлекет экономикасы айтарлықтай құлдырауға түсті. Десек те «Басты байлық – деннің саулығы». Елде індет анықталып, науқастар қатары күрт көбейген кезде мемлекет тарапынан еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейінгі замандастарымыздың дені сау болуы үшін барлық жағдай жасалды. Медициналық тексеріс, сырқаттанудың алдын алу, саламатты өмір салтын қалыптастыру, дәрігерлік тегін кеңес беру жүйелі жолға қойылғанына орай індеттің тез тарап кетпеуіне жағдай жасай алдық. Алайда ахуалдың жақсаруы – босаңсуға себеп болмауы тиіс деген Президентіміз, дүниежүзілік зерттеулерге қарағанда пандемия 2 жылға жуық әбігерге салуы мүмкін екендігін ескертті. Осыған орай пандемиямен күрес үшін кешенді бағдарлама әзірленіп, жүйелі жолға қойылғандығы көңіл қуантады.
Қазір әлем елдері соңғы 100 жыл ішінде болмаған үлкен дағдарысты бастан өткеруде. Дағдарыстан кейін мемлекет экономикасының қайта қалыпқа келуі үшін 5 жылға жуық уақыт керек екендігі анық. Дей тұрғанмен болашақта көш бастайтын мемлекеттердің бәсекеге қабілеті дәл осындай дағдарыстар мен күрделі өзгерістер кезінде шыңдалады. Осыған орай, ел азаматтары мемлекет саясатына құлақ асып, тұңғыш Президенттің бастамалары мен ұлт жоспарын, саяси реформаларды берік ұстануы керек. Сондай-ақ, дағдарыспен күресте белсенділік танытуы керек екендігін ескертті.
Жолдаудың орындалуының негізгі шарты елдегі басты құндылық ретінде бағаланатын бейбітшілік пен келісім болатындығына зор сенім білдіремін. Сондай-ақ Үкімет қызметінің адамды дамытуға және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы назар аударуға тұрарлық әрі құптарлық іс.
Серік ЖҰМАДІЛОВ,
аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы,
Панфилов ауданының «Құрметті азаматы».