Ғылым өндіріспен ұштасқанда

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаев Қазақстан  халқына  арналған      Жолдауында  «Аграрлық  сектор  экономиканың драйверіне айналуы керек»,- деген    болатын. Ауданымыз аграрлы   болғандықтан ғылым мен өндірісті  ұштастыру   арқылы биік  межеге қол   жеткізу   - бүгінгі   күннің   талабы   болмақ.

                Аудан диқандары жүгері дақылын өсіруге бейім екені баршаға мәлім. Дегенмен ғылыми тұрғыдан қарағанда көптеген жұмыстарды атқаруға тура келеді.

                Қыркүйек  айының 11 күні Көктал ауылдық  округінің аумағындағы «Көктал-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқабында жүгері дақылына байланысты семинар өтті. Оған  ауданымыздың барлық округтерінен келген шаруа қожалықтарының басшылары, округ әкімдері, аудандық ауыл шаруашылық  бөлімінің басшысы Жұмағазы Наймантаев бастаған егін  шаруашылығының мамандары қатысты.

                Семинарды  аудан әкімінің  орынбасары Ш. Құрбанов жүргізіп отырды.

                Семинардың  мақсаты өндірісті ғылыммен ұштастырып отырған «Көктал-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жүгеріні тамшылатып суару арқылы үлкен  жетістікке жетіп отырғаны жөнінде айтылып,  серіктестіктің тәжірибесін өзге диқандарға үйрету еді.

                Алғашқы болып сөз алған «Көктал-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жәнібек Оқанов жүгеріні ғылыми негізде күтіп-баптаудың маңызы жөнінде  баяндады.

                Бүгінгі таңда серіктестікте1200 гектар  алқапқа жүгері егілген. Оның ішінде300 гектаралқаптағы жүгері  тамшылатып суару тәсілімен өсіріліп келеді. Сондай-ақ1 гектаралқапқа жүгерінің мол өнім беретін будан түрін өсіріп, тәжірибе жасалуда. 2017 жылғы жүгеріден алған  жалпы өнім 12744,00 тонна болып, 32,8 миллион теңге таза пайда алынған.

                Серіктестік бір жылда 900 мың теңгені  қайырымдылыққа жұмсады. Серіктестікте жер жырту, тұқым себу сияқты жұмыстарды атқаратын  техникалар жеткілікті. Жүгеріні орып жинайтын жаңа комбайындар толық қуатында жұмыс істейді.

                Өткен жылы әр гектардан 120 центнерден таза дән алынған болатын. Биыл  одан жоғары көрсеткішке қол жеткізбек.

                Серіктестікте 80 адам жұмыс істейді. Олар моральдық, материалдық жағынан  жақсы қамтылған. Семинарға қатысқан германиялық «OSTERRAS» компаниясының өкілі JULIEN KALKMANN және инвестиция тарту жұмыстарымен шұғылданатын   «A.S.K. техник» компаниясынан Валихан Ерғалиев, осы компания директоры Анна Харахориналар сөз алып, өнім сапасы мен оның көлемін арттырудың жолдарын түсіндірді.

                Семинар  барысында қойылған сұрақтарға  серіктестік директоры Ж.Оқанов қанағаттанарлықтай жауаптар қайтарды.

                Сондай-ақ келер жылы тамшылатып суару тәсілі бойынша егіс көлемін 500 гектарға жеткізуді       жоспарлап отыр. Диқандар аталған компаниялардың тәжірибесіндегі жоғарғы технологияларды пайдаланып еңбек өнімділігін еселеп арттыруды мақсат етуде.

    Келешекте жүгерінің будандастырылған мол өнім беретін тұқымдық түрлерін ауданымызда өндіруді қарастыру керектігі айтылды.

                Бүгінгі таңда ауданымызда  7 шаруашылық тұқымдық жүгері өсірумен шұғылданады. Олар өндірген тұқымдарды және топырақты түрлі заманауи препараттарды пайдаланып өңдеу керектігі баяндалды.

                Семинарға қатысушылар ауыл шаруашылық техникаларын аралап көріп, жүгері жөнінде қойылған түрлі көрнекілік құралдарды алып оқыды. Жайқалып өсіп тұрған жүгеріні көріп, тәжірибе алмасудың маңыздылығы жөнінде айтылды.

                Тамшылатып суарып, агротехникалық ережелер бойынша күтіп-бапталған жүгерінің әрбір сабағында 2 немесе 3 бас жүгері барын көрді. Сондай-ақ биіктігі 4      метрге       жуық   бойшаң  жүгері  көпшілікті таң қалдырды.

                Ғылым өндіріспен ұштасқанда аз жерден мол өнім алынатындығы анықталды.

                Серіктестік  алдағы жылдарда 1000 сауын сиыр ұстап, оларды жем-шөппен қамтуды қолға алмақ. Мал шаруашылығымен де айналыспақ.

Жұмағазы Бейсебек,

Қазақстан Журналистер

Одағының мүшесі,

Панфилов ауданының

«Құрметті азаматы».