Басты құндылық-адам капиталы

 Елбасының    әр     Жолдауы - стратегиялық маңызы зор, нақты міндеттерді жүктеуімен ерекшеленетін тарихи құжат. Мемлекет басшысының 2019 жылға арнап жарияланған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты       Жолдауы дағдарыстардың алдын алу, елдің қалыпты экономикалық даму үрдісін сақтау, елдің табысқа жетуінің кепілі – адамның даму мәселесін бірінші кезекке қояды.

 

                Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақының 1,5 есе, ала бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы орта есеппен 35 пайызға өсетіндігі өте үлкен іс. Бұл мемлекет көмегінің жаңа сапалы сатыға көтерілгендігінің бір айғағы болса керек.

                Бюджеттік саланың          басты бағыттары – білім беру және денсаулық сақтау саласы. Осы жылғы Жолдауда ұстаздар мен дәрігерлердің қоғамдағы салмағын арттыру, еңбекақысын көтеру туралы ауқымды шаралар белгіленді. Үкіметке 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу туралы тапсырма берілді. Соның ішінде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданатыны мұғалімдер қауымы үшін тарихи оқиға болары хақ. Елбасы Н.Назарбаев «Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс» деп атап өтті. Яғни, бұл құжат ұстаздардың мәртебелерін арттырып қана қоймай, өскелең ұрпаққа алаңсыз, сапалы білім беруге жасалған зор қадам екені анық.

                Сонымен қатар, Жолдаудың бесінші басымдығында жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтілетіні аталып  өтті. Ендігі уақытта жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуымен өлшенетін болады. Бұл жоғарғы оқу орындары арасындағы бәсекеге қабілеттілікті арттырып, білікті мамандар даярлауға септігін тигізеді деген үміттемін.

                Денсаулық сақтау саласы да күн тәртібінен түспек емес. Жолдауда ең алдымен ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажеттігін айтты.  Ғасыр дертіне айналған онкологиялық ауруларды емдеу, алдын алу үшін кардиологиялық және нейрохирургиялық кластерлердің тәжірибесін пайдаланып, 2019 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысы басталмақ. Осы          бастама  көптеген  адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік  береді.

                Бүгінде көпшілік жастардың алдында тұрған негізгі мәселелер – баспана, жұмысқа орналасу, тұрмыс жағдайы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жастар саясаты елімізде басты назарда болды. Мемлекет басшысының 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауы аса қуантарлық жағдай. Осы арқылы ол өзінің жастарға үлкен сенім артатынын көрсетіп отыр. 

                Жолдаудың үшінші бөлімі «Өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру» деп аталып отыр. Бұл бөлімде тұрғын үйдің қолжетімділігі,  адам өмірінің қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы жайында сөз қозғалады.

                Қазіргі уақытта баспаналы болу өзекті мәселелердің бірі. Осы тұста Мемлекет басшысы әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтап,                             «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруды қадағалауды тапсырды. Осылайша еліміздің әрбір тұрғынына   баспаналы болу мүмкіндігі артып отыр.

                Қоғамымыздың барлық саласын қамтыған Жолдаудың негізгі мәні біреу. Ол – адамның өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыру. Себебі, әрбір мемлекеттің басты байлығы – адам капиталы.  Мемлекетті дамыту жөніндегі Президент ойларының нақтылығы осынау күрделі кезеңде өмір сүріп жатқан халықтың көңіліне сенімділік ұялатады.

М.Тұрлыбеков,

аудандық  мәслихат депутаты, аудандық білім және ғылым қызметкерлері  кәсіподақ

комитетінің төрағасы.