Жұмыс қарқыны артып келеді

27.04.2020ж

Жыл он екі ай бойы тынымсыз тірлікті қажет ететін мал шаруашылығы мол еңбек пен жауапкершілікті ұнатады.Ал қара жердің арқасы сөгіліп, көк шыға бастағанда малшылар қауымының иығына түсер салмақ та еселене түсті. Ата кәсіпті нәсіп еткен ағайын шығынсыз төл алу үшін уақытын да, күш-қайраттарын да аямауда. 

 

Алакөл ауданында да мал төлдету науқаны басталып кетті. «Мал өсірсең қой өсір, оның өнімі көл-көсір» демекші, биыл өңірде бұл бағытта өсім байқалады. Аймақтағы саулық саны 110 мыңды құрап отыр. Ауылдағы ағайын қорасындағы қой-ешкісін қоздатып үлгерген. Шаруашылықтардағы шаруа да тәмамдалуға жақын. Қазіргі таңда үй-жайдағы шопан ата түлігінен 70 мыңға жуық төл алынса, шаруа қожалықтарында әзірге 20 мыңдай қозы жүгіріп жүр. Жуық арада жұмыс толықтай аяқталса, тағы да 4-5 мыңдай төл алынады деп жоспарлануда. Ал кәсіп орындарға келер болсақ, 23 мыңның шамасында қошақан өрбітуді бағыт етіп отыр.
Аталған науқанға әр шаруашылықта жан-жақты дайындық жүргізіліп, қызу жұмысқа сақадай сай отырды. Соның арқасында төл шығыны болмады. Мал төлдейтін орындарға жеткілікті көлемде жем-шөп жеткізіліп, қажетті дәрі-дәрмек те дайындалды. Аудан бойынша осы машақатты еңбекті ойдағыдай өткізуге 163 сақманшы атсалысты. Сонымен қатар 45 жылы қора, 43 қашар, 45 ветеринарлық дәрі-дәрмек қобдишасы да әзірленген.
Өңірдегі ірі қой шаруашылығымен айналысатын кәсіпорынның бірі Тоқжайлау ауылдық өндірістік кооперативі. Алексей Бабичевтің төрағалығындағы мекемеде 200-ге жуық адам қызмет етуде. Қазіргі таңда бұнда 11075 саулық бар. Жұмыс қарқыны да бір қалыпты. Мал төлдету науқаны да бел ортаға таяп қалған. Бүгінге дейін 5 мыңдай қозы аяқтанып, сақманшылар қызу еңбек етуде. Жоспар бойынша барлығы 10078 төл алынады деп межеленуде. Шопандар «қойым егізден қоздаса екен» деп, бетін сипаса, сақманшылар түн ұйқысын төрт бөліп, алынған төлдің амандығы үшін аянып қалмауда. Себебі, әрбір төл – ертеңгі күннің берекесі.
Қызметкерлерге керекті азық-түлік, құрал-жадықтар, арнайы киімдер де дайын. Малдың да күйі оңды. Ветеринарлық дәрі-дәрмек пен жем-шөптен қысылыс жоқ.
«Бір қуантарлығы бұнда біздің жағдайға аса көңіл бөлінеді. Ас-судан, жұмысқа қажетті дүниелерден кемшілік жоқ. Жалақымыз да уақытылы. Соның арқасында барлық мәселені ұмытып, жұмысқа білек сыбана кірісеміз. Ата кәсіптен нәсіп тауып отырған біздің дипломымыз маңдайдағы тер мен қара жұмыстан қатқан қол. Нанымыз да, бағымыз да осы. Қазір енді мал төлдету науқанын шығынсыз, өсіммен аяқтау үшін барымызды салып жатырмыз. Күннің батысы, таңнның атысы демей еңбек даласындамыз. Әр қозының да, саулықтың да жағдайы қадағалауымызда. «Еңбек ептілікті сүйеді» демекші, ісімізде олқылық жібермей, талай жылғы тәжірибемізді қолданудамыз. Біз үшін сақ болатын сәт әсіресе түн. Екі-үш сағат сайын кезекпен қора аралап, жаңа туған төл болса бөліп отырамыз»,-дейді, аға шопан Асқар Байділдаев.
Ендігі міндет қорадан еретін қоңырдың басын көкке аман жеткізу. Ол үшін осындағы жұмысшылар бір сәтте тыным көрмей, еңбектенуде.
Бабын тапсаң, барын беретін қой малының өсімталдығы бағзыдан белгілі. Ал бабын келістіретін шопандардың тынымсыз тірлігі мақтауға да тұрарлық. Әр кәсіптің өз науқаны бар, ол жыл мезгіліне қарай баяу яки жылдам жаққа қарай өзгеріп отырады. Ал, малшы қауымының 24 сағатына да тыным жоқ. Көктемнен қой қоздаудан басталып, күйек алу, қырқым, жайлауға шығу, қыстауға көшу сынды өз жалғасымен кете береді.
Тоқжайлау өндірістік кооперативінің төрағасы, аудандық мәслихаттың депуаты Алексей Бабичев өз сөзінде: «Күйлі, қоңды саулықтан ғана өсімтал қозы өрбиді. Күтімі оңды қойдың да қозысы егіз, еті семіз келеді. Қазіргі қызу науқанда малшылар жас төлдің сызда қалмауына, қора ішінің құрғақтығына ерекше назар аударуда. Жыл бойы төккен тер мен еткен еңбектің қарымы қайтатын бұл кезеңде босаңсуға болмайды. Сондықтан да сақманшылар да, шопандар да қым-қуыт шаруаға кірісіп кеткен»,-деп, қызметкерлердің еңбегіне риза екендігін жеткізді.
Қой қоздап, қорадағы шуды қызықтап жүгірген балалар да мәз. Жас төлдерге ат қойып, көңілдеріне жаққандарын меншіктеген олар да шаруаға жарауда. Төлге су тасып, қойлардың да жағдайына қарайласуда.

Күнтізбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4692932