Тарихы терең білім ордасына 90 жыл

29.01.2021ж

Биыл ауданымыздағы тарихы тереңнен бастау алатын, кемелденген білім ордасы Ыбырай Алтынсарин мектебі өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтпекші. Осы орайда биылғы жыл еліміз бен ауданымыз үшін ерекше жыл екендігін де атап өткендігіміз орынды болар.

Өйткені, биыл еліміз егемендігін алып, тәуелсіз ел болғанымызға 30 жыл, әдебиетіміз бен мәдениетімізде өзіндік орны бар дара түлға Ы.Алтынсарин атамыздың 180 жылдық мерейтойы. Сондай-ақ өңірдегі жоғарыда аталған мектептің 90 жылдығы мен жаңалық жаршысына арналған аудандық «Жаркент өңірі» газетінің 100 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
Бүгінде білім ордасы жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында қасиетті қара шаңыраққа айналған. Жаркент өңірінде тұңғыш қазақ мектебі сонау нәубет жылдарында, яғни 1931 жылы ашылған екен. Алғашында мектепте балалар үйінің тәрбиеленушілері білім алыпты. Мектеп тарихына келсек 1934 жылы орталау, 1936 жылы Молотов атындағы қазақ орта мектебіне айналған. Ал 1957 жылы аты өзгеріп, оған халқымыздың даңқты перзенті, тұңғыш педагогі Ы.Алтынсарин есімі берілді.
50 жылдардың 2-ші жартысында мектеп педагогтік білімі бар білікті ұстаздармен толығып, мектептегі оқу сапасының деңгейі арта түсті. Сол жылдары білікті маман, білімді ұстаздардың бір тобының еңбектері республикалық, облыстық оқуларға қатысып, мектеп мерейі үсті-үстіне өсіп жатты. Барлық істердің басы-қасында болған білікті ұстаздардың өзі бір төбе еді. Олар мектептің жоғарғы дәрежеде болып қалыптасуына үлкен еңбек сіңірді. Бұрыннан-ақ республикаға, облысқа танылған бұл мектеп аудандағы үлгі-тірек мектебі. Қазіргі кезде де сол деңгейден де биіктей түсуде. Аталған мектептен білім алған шәкірттер еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Мұның барлығы осы мектептегі озық ойлы, еңбекқор ұстаздар қауымының еңбегі.
«Ұстазға қарап ұрпақ өсер»,-демекші халық атаға қарап ұл, анаға қарап қыз өседі дейді. Өте орынды сөз. Шынында да шәкірттің бойына білім мен адамгершілік рухын сіңіріп, асыл мұраттар жолына меңзейтін, көкіректеріндегі қабілет-дарын шоғын талмай үрлеп қаулататын, оқушы жанарынан қуаныш көріп, бақыты таситын, мұңайыс көріп, жаны жаситын сол ұстаз – мұғалім ғой. Ы.Алтынсарин атындағы мектебі де сондай парасатты, майталман ұстаздарға еш уақытта кенде болған емес.
Осы орайда осы мектепте еңбек еткен ардагер ұстаздар туралы айтпай кетуге болмас. Олар өз ісінің майталман, білгір мамандары, құрмет пен ізеттіліктің, ұстамдылықтың, мәдениеттіліктің символы деуге толықтай лайық жандар. Атап айтқанда, осы білім ұясында 33 жыл мектеп директоры болған Жақсыбай Исаев ағамыз ортамызда жүрсе бүгінде 95-ке толар еді. Мектеп жайында айтқан кезде сол қарт ұстаздардың бірі, педагогика саласында қырық бес жыл жемісті еңбек еткен, Жақсыбай Исаевтың ұстаздық өмірбаяны мектеп тәжірибесімен егіз, қатар айтылып, бірін-бірі толықтырып тұратыны анық. Ол 1926 жылы дүниеге келіп, балалық шағында қиын кезеңді басынан кешірді. 1945 жылы Жаркенттегі педтехникумды бітіреді. Алматыдағы Абай атындағы Абай атындағы қазақ педагогика факультетін 1950 жылы аяқтайды. 1936 жылы Қазақ ССР Оқу министрлігінің Жолдамасымен (Молотов мектебіне Қазіргі Алтынсарин мектебі) директоры болып тағайындалды.
Жақсының аты өлмейді
Ғылымның хаты өлмейді-демекші келелі игілікті істердің басшысы болған ұлағатты ұстазға Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі», ауданымыздың «Құрметті азаматы» атақтары дара тұлға, үлгілі ұстаз Жақсыбай Исаұлының еселі еңбегіне берген әділ де үлкен баға еді.Уақыт озған сайын мектеп пен ұстаздар мәртебесі биіктей түсері анық.
Ардагер ұстаздардың нұрлы бейнелерін өздері жүрек жылуын түгел арнаған қайырымды шәкірттерінің әрқашан зор құрмет, ыстық алғыспен еске алатынына сенімім мол.
Таулар алыстаған сайын айқын көрінеді. Мектеп туралы, ұстаздар туралы айта берсек айта береміз, 1 күн айтып, 1 күнде бәрін жазып тастау мүмкін емес,бұл әңгіменің жалғасы әлі де жазыла береді.
Күлмария Смайлова,
Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің зейнеткер ұстазы, «Алтын алқа» иегері,
Майра Сағымбекова,
Ы.Алтынсарин мектебінің түлегі, мектеп мұражайының жетекшісі.

Күнтізбе

« Маусым 2021 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30        

booked.net

  • Материалды қарау саны : 1915324