Қайырымдылық жасау—сауапты іс

Ауданда игілікті, сауапты істер жасауға ниет білдірген адамдардың қатары жылдан-жылға көбейіп келді. Көбінесе мешіт салсам немесе мешіт салуға тұрғындардан қаражат жинасам деушілер жиі кездеседі. Сауапты іс жасау тек қана мешіт салумен шектелмейді және міндетті емес.

 

    Мәселен, ауданда «Қамқор шапағат» қоры, мектептер, ауруханалар, балабақшалар, жол салу, көпір салу, науқас, жұмысқа жарамсыз жандарға көмек қолын созу секілді қоғамға пайдалы қайырымды игілікті істер бар. «Қамқор шапағат» қордың қаражаты діни ғимараттар мен әлеуметтік нысандарды жөндеуге, діни қызметкерлер мен кедейлерге, жұмыссыздар мен мүгедектерге қолдау көрсетуге арналған. Қор жұмысы аталған мәселелерді шешуге бағытталған. Ол қайырымдылық жасау жолындағы істерді тиімді жүйеге салуға үлес қосады.

      Сонымен қатар, көп айтылып жүретін бір мәселе мешітке кісі атын беру. Исламда кісі атын мешітке беру — қолданыста бар нәрсе. Алайда, көпұлтты ел болғандықтан мешіт атауы діни араздық, алауыздықтың тууына мұрындық болмауы керек. Салынған мешітке Алланың 99 көркем есімдерінің бірін қоюға немесе дін ғұламаларының атын, репрессия, соғыс кездерінде дін жолында шейіт болған тұлғалардың есімін, елге еңбегі сіңген, өмірі тақуалықпен өткен қадірлі жандардың есімін де мешітке берсе ағаттық болмайды. Алайда өмірі күмәнді, күнәсі көп жандардың атын мешітке беруге жол бергеніміз дұрыс болмайды. Осыны көптеген қалталы кәсіпкерлер түсінсе  екен.

    Игілікті істі қолға алған кез-келген пенде құрылысты бастамай тұрып, ниетін түзулеп, терең ойланып алғаны жөн. Алдымен мешіт салушы кісі жергілікті атқарушы органдардың келісімімен жиында көпшіліктің дауысына салынады. Содан кейін еліміздің Бас мүфтиіне өтініш жазып, рұқсат сұрайды және мешіттің өзі мен жерін түгелдей ҚМДБ-нің филиалы етіп тіркейді. Мешітке ат беріп, имам сайлау мәселесіне, ішкі жұмыстарына араласпайтыны жайында тілхат беруге міндетті. Сондай тілхаттың негізінде ғана ол кісіге мешіт салуға рұқсат беріледі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде мешітке адамдардың атын беру жақсы үрдіс емес екендігін ескертіп өткен еді. Кім де болса шын сауап үшін, халқы үшін мешіт салған болса, атасының атын бұлдамас болар. Дегенмен ислам шартына да, діни басқарманың талаптарына да бағынбай жүрген мешіт салушылардың бар екені рас. Діни басқарма қарсы болған жағдайда өз алдына реніш білдіріп, «ел үшін салайын деп едім», «кісі атын қояйын деп едім» рұқсат бермей жатыр деп ел ішінде алауыздық тудырмақ болады. Кім-кімге де белгілі, дініміз атаға да, руға да, ұлтқа да, тіпті нәсілге де бөлінбейді. Ислам діні барша адамзатқа ортақ. Олай болса, асыл дініміздің аясын тарылтып, оны төмен деңгейге түсіру ешқандай адамгершіліктің өлшеміне сыймайтынын білгеніміз жөн. Сондықтан да, мешіт салушылар жоғарыдағы жағдайларды қаперіне ұстаса екен дейміз. Негізінен, Алла үйіне адамның атын беру идеология тұрғысынан дұрыс емес. Ағымдағы жылы Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы, мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастықтарының өкілдері қатысқан «Уақып» корпоративтік қайырымдылық    қорының       таныстырылымы болып өткен шарада «Уақып» қайырымдылық қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы, министр Нұрлан Ермекбаевтың сөзінде «Сауапты іс жасау үшін мешіт салу міндетті емес» екендігін, арнайы қайырымдылық қоры бар екендігін, қордың қаражаты діни ғимараттар мен әлеуметтік нысандарды салуға, діни қызметкерлер мен кедейлерге, жұмыссыздар мен мүгедектерге қолдау көрсетуге арналған жобаларды іске асыруға бағытталатынын, мұндай мекемелер қайырымдылық жасау дәстүрлері қалыптасқан көптеген елдерде кең жалпыласқанын айтқан болатын. Мұндай игілікті шаралар зайырлы мемлекеттерде де жүзеге асырылуда.                                                 Жағдайы бар адамдар аудандағы «Қамқор шапағат» қорына қолдау көрсетсек, діни ғимараттар мен әлеуметтік нысандарды жөндеуге, діни қызметкерлер мен кедейлерге, жұмыссыздар мен мүгедектерге қамқорлық жасап, қолдау көрсетсек үлкен сауапты іс болар еді.

М.Илипов,

аудандық ішкі саясат

 бөлімінің басшысы.        

Күнтізбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4800248