Ата-ананы сыйлау - жиһад жасаудан да жоғары
- Толығырақ
- Жарияланды 26.12.2017 06:08
- Автор: Super User
- Категория: Иман
- Қаралды: 2211
Діни мәселелерге байланысты перзенті ата-анаға деген құрметін жоғалтқанын, ағайынның арасы алыстай түскенін қоғамда көріп жүрміз. Неге дінге бет бұрдық деген кей жастардың ата-анаға құрметі кеміді?
Ата-ананы сыйламау әдепсіздік пе, әлде, күнә ма? Келіннің үлкендерге сәлем салуы шынымен де ширк пе? Осы және өзге де сұрақтарға «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің доценті, белгілі ислам зерттеушісі, ғалым Қалмахан Ержан «Kazislam» порталына жауап берген еді.
- Кез келген адам үшін дүниеде ең қымбат жандар – ата-ана. Алайда осындай қымбатты жандарға деген құрметіміз азайып бара жатқан секілді...
- Бұл қымбатты жандарды Алла Тағаланың Өзі аяттарда дәріптеген. Демек оларға құрметпен, жауапкершілікпен қарау міндеті балаға жүктелген. Сондықтан да Ұлы Жаратушы ата-анаға лайықты дәрежеде құрмет пен жақсылық жасауды Өзінен кейiнгі кезекке қойған. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді, ата-анаға барынша жақсылық жасауды үкім етті. Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса, (оларды ауырсынып немесе жақтырмаған сыңай танытып) тіпті: «Туу» деп те кеюші болма, сондай-ақ оларға зекіп ұрыспа! Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт! Олардың алдында барынша мейірімді, мейлінше кішіпейіл әрі тіл алғыш бол! Һәм олар үшін: «Уа, Раббым! Олар мені бала күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, Сен де оларды дәл солай мейіріміңе бөлей гөр!», – деп дұға ет, – деген. Бұл аятта әуелі Аллаға серік қоспауды бұйырғаннан кейін, қоғамдағы жеке адамдардың жауапкершіліктеріне тоқталып, Алладан кейінгі кезекте ата-ананың ақысы бар екені еске салынып, оларға жақсы қарауды бұйырған.
Иә, ата-ананың бала алдындағы ақысы өте үлкен. Бірде халифа Омарға бір адам келіп: «Менің ата-анам қатты қартайды. Кішкентай кезімде олар маған қызмет еткеніндей мен оларға қызмет етіп келем. Олардың ақысын өтеген болып саналамын ба?» деп сұрайды. Халифа Омар (р.а.): «Жоқ. Өтеген болып саналмайсың. Себебі олар сенің өсіп, мықты азамат болуың үшін саған қызмет көрсетті. Ал сен олар жақында дүниеден өтуі мүмкін деп қызмет көрсетудесің» деген екен.
-Ата-ананы құрметтемеу шариғат бойынша әдепсіздік пе, әлде күнә ма?
– Әрине, күнә. Егер де осыншама нәрсені біле тұра ата-анаға қарсы шығып, оларға құрметсіздік танытар болсақ үлкен күнә жасаған боламыз. Себебі оларға құрмет көрсету – Алланың тікелей бұйрығы.
Бір күні пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына:
– Сендерге күнәлардың ең үлкені қайсы екенін айтайын ба? – дегенде, сахабалар «Иә, бізге қайсылары екенін үйретіңіз», – деді.
Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаға серік қосу, ата-анаға қарсы шығу...» – деп айтқан еді.
Адам (құқығына) құқына ерекше көңіл бөлген ислам діні ата-анаға құрмет көрсетуді мойнымызға борыш етіп жазған. Ата-анаға құрмет – тек ар-ождан мәселесі ғана емес, басқа да парыздар сияқты ғибадат. Тіпті, Алла жолында жиһад жасаудан да артық саналған.
Ардақты елші (с.ғ.с.): «Ата-анасын сыйлап, оларға қамқор болған перзенттерге сүйінші! Алла олардың өмірін берекетті етеді», – деген.
Басқа бір хадисте: «Кімде кім өмірінің ұзақ, ризығының мол және берекетті болуын қаласа, ата-анасына жақсылық жасасын, туған-туыстарының да қамын ойласын», – деген.
"Қарты бар үйдің қазынасы бар. Ақсақалы сиреген ауылдан ар-иман қашады» демекші, адам баласының ризық, несібесі ата-анасына байланысты. Үйдің берекеті ата-анасы, әрине түсінген жанға. Кімде-кім ата-анасына құрмет көрсетіп, олардың ізгі дұғаларын алған болса, оның дүниедегі ризық, несібесінің көбеюіне де өзіндік септігі болмақ.
– Қазақ халқы үшін келіннің сәлем салуы ата-ене мен үлкендерге деген құрметтің белгісі болып саналады. Алайда осы сәлем салу төңірегінде тартысты пікірлер көп айтылады...
– Әр нәрсенің өзіндік әдебі болған секілді қазақтың ұлттық дәстүрінде де сәлемдесудің өзіне тән әдебі бар. Жасы кіші үлкенмен, көліктегі жаяу жүргіншімен, жүріп бара жатқан отырғанмен, аз адам көп адаммен сәлемдескен. Келіндер ата-енесімен, қайын ағаларымен немесе үлкен кісілермен, тізесін сәл бүгіп, басын иіп, ибалық сәлем жасап, ишаратпен амандасқан. Мұның өзі қазақтың ең тамаша моральдық қасиеті болып табылады. Жасы кішінің үлкенге бірінші болып сәлем беруі – үлкенге деген сый-құрметі, көліктегінің жаяуға сәлем беруі – көліктегінің такәппарлануға жол бермей, оны қарапайымдылық, сыпайылыққа тәрбиелеуі, жүріп келе жатқанның отырғанға сәлем беруі – бөлмеге кіріп келген адамның міндетіндей болуы, келіннің сәлем беруі – ата-енесіне ізеттілік көрсетуі деп түсіндіріледі. Келіндер ата-енесіне, үлкендерге басын иіп, ибалық сәлем салады демекші, осы тақырып қозғала қалса кейбір жастарымыз ғаламтор беттерінде «иіліп сәлем салу, намаздағы рүкүғқа ұқсайды» деп, сәлем салуды ширкке теңеп, шулап кетеді. Егер әрбір иілуді рүкүғқа теңер болсақ, тік тұрып сәлем беру де намаздағы қиямға ұқсағаны ма? Онда әр қимылымыз ширк пе? Кез келген нәрсенің өзіндік өлшемі бар емес пе? Осы кезге дейін қазақ «келіннің сәлемін ширк» екенін білмей келген бе? Халқымыздың әрбір салт-дәстүрін «ширкке», яки «харамға» балайтын болсақ неміз қалады? Шариғатта «келіннің сәлем салуы ширк» деген нақты үкім де жоқ емес пе? Келіннің үлкендерге сәлем салуы қазақтың көнеден жалғасып келе жатқан әдет-ғұрпы.
Бірінші жорамал бойынша Жүсіпке құрмет сәлемі ретінде тағзым етілген. Бұл Жүсіп сүресінің «Әкешім! Мен түсімде аспандағы он бір жұлдыздың және күн мен айдың маған тағзым жасап, сәжде етіп тұрғанын көрдім»,- деген 4-аятын растайды дейді.
Екінші жорамал бойынша Жүсіпке қауышқаны үшін Аллаға шүкір ету мақсатында сәжде жасалған. Аяттағы «олардың маған тағзым жасап, сәжде етіп тұрғанын көрдім» деген аятты «олардың мен үшін тағзым жасап, сәжде етіп тұрғанын көрдім» деп те аударуға болады. Сонда бұл екінші ойды құптайды дейді.
Сөз соңы, сәлем салуды ширкке теңей бермей, сәлем беруші сәлем алушыдан бір дәреже артық сауапқа ие болатынын ұмытпай, бір-бірімізді көр¬генде сәлем беріп жүрейік, ағайын.
–Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Әлімхан СЫРБАЙ.