САТАЙ БАТЫРДЫҢ ҮШ ДАНАЛЫҒЫ

11.06.2021ж

Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет болуы үшін жанын шейіт еткен азаматтарымыздың бірі – асыл да ардақты Сәкен Сейфуллиннің:
«Сыр сандықты ашып қара,
Ашып қара, сырласым.
Сым пернені басып қара,
Басып қара, жырласын!»
деген бір шумақ өлеңінде қаншама сыр мен мұң тұнып тұр десеңізші!


Сәкен сол кездегі қызыл империяның қанды шеңгелінен жасқанып, терең ойын ашып айта алмады ғой. Қазақ мемлекетінің іргесінің сөгілмеуі, шаңырағының шайқалмауы үшін қанша перзент күндіз-түні тайсалмай, жасымай, жасқанбай күресті десеңізші! Сондай батырларымыздың бірі – аты тарихқа мәңгі өшпестей болып жазылған, есімі ел аузында мәңгіге сақталған Сатай батыр. Міне, үш ғасырдан бері аты ел аузында үзіліссіз айтылып келеді. «Батырдың аты өшпейді» деген осы емес пе!?
«Қазақ Совет энциклопедиясының» он бірінші томының 373-375-беттерінде Сатай батыр туралы тарихи дерек тұжырымдалып жазылған. Осы аталған энциклопедияның 373-беттерінде: «Ұлы жүздің ханы Жолбарыс (1720-1740) өзі билеген ұлы жүздің Қодар би, Төле билерімен, Сатай, Хангелді, Бөлек сынды батырларының және өзінің атынан жазылған хатын 1733 жылы Ресейдің императоры Анна Ивановнаға тапсырды» делінген. Өйткені Жоңғар мемлекетінің шеңгелінен қазақ елін толығымен түбегейлі босату керек еді. Хатты алған Ресей императоры ұлы жүз ханы Жолбарыс пен оның билері мен батырлары қол қойған хатына жауап жазады. Онда «1734 жылы 20 сәуірде император Анна Ивановна оларды Ресейдің қол астына қабылдау жөніндегі грамотаға қол қойды» делінген.
Ресеймен достық қарым-қатынас жазбаша түрде бекітілген соң Қазақ елінің хандары мен батырлары Қазақ елін билеп-төстеген жоңғарларды қазақ жерінен түбегейлі тазалау жөнінде ірі-ірі күрестер жүргізіп, қазақ даласын басқыншылардан арылтуға шұғыл да батыл кірісті.
Сатай батыр Жолбарыс хан мен Төле би бабамыздың ақыл-кеңестерін басшылыққа ала отырып, Қазақ елінің бірлігін бұрынғыдан да нығайта түсті. Зарқын Сыдықұлы Тайшыбайдың 2011 жылы «Ел-шежіре» баспасынан құрамында 28 адамнан тұратын кеңестің тезінен талданып, талқыланып өтіп, «Қазақтың ханы – Абылай» деген атпен екі томдық кітабы басылып шыққан. Кітаптың бірінші томының 125-бетінде былай деп жазылған: «Сатай батыр Аққабақұлы Панфилов ауданының Сарыбел мекенінде дүниеге келген Жетісу өлкесін, жоңғар басқыншыларынан азат етуге қатысқан батыр. Тегі Суан руынан шыққан, ұлы жүз» деп айқын жазылған. Ал дүлдүл ақын Кенен Әзірбаев: «Суаннан Сатай... батыр шыққан» деп жырлаған. Осындай дәлелдер мен анықтамаларды әлі де көп-теп келтіруге болады. Бірақ газет оқырмандарына біз бүгін Сатай батырдың нақты айғақтармен дәлелденген үш ірі даналығы туралы қысқаша баяндап өтпекпіз.
Алтынкөл
Сатай батыр – Жетісу аймағы мен Шығыс Қазақстан өңірін қорғауда көп ерлік танытқан сарбаз. Жауды түре қуып тастаған Сатай батыр жер қайысқан қолымен кері қайтқанда қазақтардың Қытаймен шекаралас Жоңғар Алатауынан басталатын Қорғас өзенін жағалай төмендеп, Іле өзенін бетке алып жүреді. Ондағы ойы ел шекарасының қаншалықты беріктігін өзінің зерделі ойынан өткізу еді. Отан іргесі берік болса, халық та тыныш өмір кешеді емес пе? Іле өзенін бетке алған Сатай батыр қолы Жоңғар Алатауының ортасындағы Қазанкөл деген үлкен көлге жетеді.
Қазанкөлден төмен қарай сарқырай аққан Қорғас өзенін жағалай Іле өзеніне бет алған Сатай батырдың қалың қолы екі күннен соң Іле өзенінен жиырма шақырым өте кең құмды аймақ ортасындағы Дүпшінкөл және Гункөл деген екі көлдің жағасына кешкісін түнейді.
Дүпшінкөлді жергілікті тұрғындар қазір де Дүпшінкөл деп атайды. Бұл – моңғолша атау. Қазақша – тынық көл деген мағына береді. Гункөл атауы да моңғолша, қазақша терең көл деген сөз. Сол Гункөл Сатай батырдың бүкіл елге ат шаптырып, ауызша берген жарлығының негізінде Алтынкөл аталып кетеді. Оның сыры мынада еді. Қазақ елінің жер-су аттарының атауында бізге жеткен әңгімелер мен аңыздар өте көп. Бәрі де еліміздің шежіресіне, тарихына өшпейтін сыр қосып тұр. Сондай шап-шағын, тұп-тұнық Алтынкөл бұрынғы атауы (Гункөл) мен Дүпшінкөл ауданымыздағы Пенжім ауылынан он шақырымдай төмен жердегі өте кең құмды алқаптың ортасында жасырынғандай болып орналасқан. Бұл екі көлге де жан-жағынан ағып келіп, құйылып жатқан өзен де, бұлақ та жоқ. Сонда кең аймақты құмның ортасындағы бұл екі көл қалай пайда болған? Құм ішінде болғандықтан суы неге тартылып кетпейді? Ал екі көл мен Қорғас өзенінің ара қашықтығы он шақырымдай жер. Аңыз бойынша осы екі көл мен Қорғас өзені жер асты арқылы байланыста делінеді. Әйтпесе екі көл де тартылып кетер еді. Бұл аңыз болса да шындық. Сатай батырдың жауынгер қолы Гункөлдің құрағы жайылған жиегіне қоныстайды. Сатай батырдың сары тұлпарын суыту үшін батырдың ат күтушісі ат тізгінін алтын ерге мықтап таңып, шылбырын Гункөл жиегіндегі жидеге қыл шылбырмен байлап қойған. Түннің жарымында алыс жол жүріп шаршаған сары тұлпар қатты шөлдеген соң су ішуге қайта-қайта ұмтылып тұрып, жиде ағашына байлаған жерінен шешіліп, көлге су ішуге беттейді. Тізгіні алтын ерге мықтап байланған ат аузы суға жету үшін көлдің тереңіне қарай жүре береді. Дәл сол кезде атты күтуші жігіт оянып кетіп, су ортасындағы Сатай батырдың сары тұлпарын көріп, зәре-құты қалмай айғайлап жіберіпті. Қатты айғайдан оянып кеткен Сатай батыр мен жасақтары көл ортасында суға көміліп тұрған сары тұлпарды көреді. Сары тұлпардың аузы көл суына енді-енді жеткенде сары тұлпардың көл суына біртіндеп батып бара жатқанын бәрі де көреді. Бірақ атты құтқаруға ешкімнің амал-айласы да, мүмкіндігі де жоқ еді. Әне-міне дегенше Сары тұлпар көл суына батып, көзден ғайып болады. Сонда Сатай батыр: «Тұлпарымды көлдің жылымы тартып кетті. Іздемеңдер!» деп іздемек болғандарға тоқтау салған екен.
Осы түннің ертеңінде Сатай батырдың қалың қолы осы маңнан сексен шақырымдай жердегі Сатай батырдың жасағы жаттығатын жаттығу орны Долланқара дөңіне бет алады. Гункөлден кетерінде Сатай батыр: «Мұнда менің алтын ерлі атым жылымға сіңіп кеткендіктен, моңғолша Гункөлдің атауы бүгіннен бастап қазақша Алтынкөл деп аталады», деп ауызша жарлық беріп, жол-жөнекей елді мекендердің халқына ендігі жерде Гункөлді Алтынкөл деп атайсыңдар деп хабаршыларын жібереді.
Ол жылдары Ұлы жүздің бас батыры – Сатай батырдың айтқан әрбір сөзі сөзсіз орындалатын еді. Өйткені, Ұлы жүздің бар қауіпсіздігі сол кезеңде Сатай батырдың қолында еді. Өз жерін түрлі басқыншыдан енді ғана толығымен азат еткен Сатай батырдың беделі мен абыройы бұрынғыдан да асқақтап тұрған заман еді. Бұл 1738-1745 жылдары болған оқиғалар. 12 томдық «Қазақ Совет энциклопедиясы» мен «Қазақ ханы – Абылай» атты екі томдық кітапта айқын жазылған. Сатай батырды «Қызыр шалған батыр» деп сол кезде халық босқа айтпаса керек. Оған тағы бір нақты мысал 2011 жылы Қорғас шекарасынан ҚХР мен Қазақстан арасына темір жол салынып, пайдалануға берілгенде осы Қорғастағы темір жол стансасына жаңа атау беру жөнінде мәселе көтеріліп, бас қосушылар темір жол стансасының атауына бес түрлі атауды ұсынады. Сол бес атаудың ең соңына Сатай батыр Алтынкөл деп ататқан Алтынкөл атауы тіркеледі. Өзге төрт атаудың соңында талай-талай мықтылар мен қаржысы көкке шашылып тұрғандар тұрды. Тіпті кейбіреулері алдын ала «біз жеңдік» деп бірін-бірі құттықтап та жіберіп еді.
Комиссияның соңғы шешуші отырысында бір сәт сілтідей тына қалған тыныштықты Сатай батырдың аруағы қолдап, темір жол стансасы Алтынкөл деп аталады. Ұлы адамның артында өшпейтін, уақыт өткен сайын жарқырай түсетін ұлы ізі қалады деген осы емес пе?!
Доланқара
Бұрынғы атауы моңғолша Гункөлден, сол күні Сатай батырдың жарлығымен аталған Алтынкөлден қозғалған жер қайысқан қол Сатай батырдың жасағы тұрақты түрде жаттығатын Алтынкөлдің батыс жағында жетпіс шақырымдай жердегі Доланқара шағын тауына қарай бет алады. Доланқара да қалмақша атау. Долан – қазақша жеті деген сөз. Қара деген сөз қазақша. Сонда күні бүгінге дейін Доланқара деп аталып келе жатқан үлкен тау төбенің қазақша атауы Жетіқара болып шығады. Шағын тау жотасы қазіргі Панфилов ауданындағы «Жаркент Арасан» шипажайынан он шақырым төмен орналасқан. Биіктігі табанынан төбесіне дейін мың метрдей биік тау жотасы. Бұл төбеге шықсаңыз, айналаңыз түгелімен көрінеді. Сатай батырдың бүкіл жасағы осы Доланқара төбесі мен соның етегіне орналасқан екен. Доланқараның төменгі жағындағы он сегіз мың гектардай жер жазық. Міне, осы жазық Сатай батырдың жасақтарының қабілетін шынықтыратын жаттығу орны болған. Жаттығуларды Сатай батыр өзінің жасақ басшыларымен осы Доланқараның төбесіндегі жеті шатырда жатып бақылап отырған. Сатай батырдың осы жеті шатырына байланысты моңғолдар бұл тауды сол кезде-ақ Доланқара деп атап кеткен екен.
1820 жылдары Ресей Қытаймен шекараны нығайту үшін жасақталған арнайы әскерін осы Доланқара төбесіне топтастырған. Ресейдің генералдары, жоғары шенді әскери басшылары осы Доланқараны таңдауында да үлкен сыр жатқан жоқ па? Ақ патшаның жоғары шенді әскері жаттығу өткізуге бұл жерді өте қолайлы жер деп таңдаған. Сатай батырымыздың таңдауы ақ патшаның генералдарының таңдауымен тепе-тең түсті деп берік сеніммен, күмәнсіз айта аламыз.
Арада жүз жыл өткенде, яғни 1918 жылдың көктемінде Жаркент уезінде қызыл әскердің жасағы да осы Доланқараны әскер бекінуге ыңғайлы орын деп бірден таңдайды. Әскери шатырларын осы Доланқара төбесіне қаздай тізеді. Бұл жерден айнала ашық көрінеді, етегіндегі он сегіз мың гектардай жері қызылдардың атты және жаяу әскерлерінің, жаттығу орнына айналуы қызылдардың жоғары шенділерінің талғамдары Сатай батыр бабамыздың таңдаған жеріне сайма-сай келуінің өзі Сатай батыр бабамыздың әскери талғамының жоғары екендігін аққа да, қызылға да дәлелдеді.
1991 жылы Қазақстанымыз жеке тәуелсіз ел атанған соң, мемлекетіміздің жеке әскері құрылды. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін басқаруға ең таңдаулы генералдар, сардарлар, сарбаздар тартылды. Сол бір қиын кездің өзінде Панфилов ауданына 1993 жылы қоныстанған Қазақстан Республикасы әскерлерінің оқу-жаттығу алаңы тағы да осы Доланқараға тұрақтады. Қазір аудан, республика бойынша өтетін кейбір әскери жаттығулар да осы Доланқара аймағында өткізілуде. Мұнда өткен сол әскери жаттығулардың бірнешеуіне журналист ретінде қатысқан біз нақты айта аламыз. Жалпы, Сатай батыр таңдап, әскерін жат-тықтырған әрі жауынгерлерінің тұрақты қонысы болған Доланқара аймағын таңдауында үлкен сыр жатыр. Ол сыр үш мемлекеттің де жоғары дәрежелі әскер басшылары ұйғарымының Сатай батыр жауынгерлері тұрақтаған Доланқара аймағын таңдауда ешбір қателеспегенін айқындап та, дәлелдеп те тұр.
Найзатапқан
Дүние жүзіндегі екі жүзден астам мемлекет арасында жер көлемі жағынан тоғызыншы орынды иеленіп отырған қазақ мемлекетінің жерін ғасырдан-ғасырға даналарымыз бен данышпандарымыз, кемеңгерлеріміз, батырларымыз, бүкіл халқымыз қызғыштай қорғай білді. Бүгінгі ұлан-ғайыр жеріміз берік қорғаныста және қорғала да бермек.
Сатай батыр Алтынкөлден шығып, батысқа қарай жетпіс шақырым жердегі Доланқараға жетіп, мұнда бір күн түнеп, ертесі батысқа қарай тағы елу шақырымдай жолды басып өтіп, таяз сайға жетеді. Үш мың жауынгерден тұратын алты топ жасақты басқарып келе жатқан қалың қол ұзақ жолдан шаршап та қалып еді. Әсіресе аттары қаталап қатты шөлдеген. Күн бесінге таянғанда көкорай шөбі шалқыған сайлы жерге жетеді. Бірақ мұнда да талайды бастарынан өткерген Сатай батырдың жасақтары шыдамдылық танытады. Қазақ елінің тағдыры қыл үстінде тұрған кезде де Сатай батырдың жер қайыстырған жасағы бес қаруын сақадай-сай асынып, аттарының үстінде көз шырымын алып, қолдарын тізгіндерінен босатпап еді. Сыртқы жау қазақ халқының ынтымағы мен батырларының батылдығынан қаймығатын.
Панфилов ауданының орталығы Жаркент қаласынан сексен шақырымдай жерде қазір Найзатапқан деп аталатын жер бар. Сатай батырдың қалың қолы дәл осы бүгінде Найзатапқан деп аталып жүрген жерге келіп еді. Сатай батырдың жер қайысқан қолы келгенде мұнда су жоқ, шағын сайда жайқалған шалғын шөп қана өсіп тұр екен. Батырдың жауынгер қолы бұл қойнауға келгенге дейін шағын сайды ешкім Найзатапқан деп атамаған, Шалғын сай дейді екен. Сатай батыр жайқалған шалғын шөпті әрі сазды шағын сай екенін зерттей сала, көңіліне түйген ісіне шұғыл кіріседі. Сатай батыр атының үстінде тұрып, қолындағы найзасын саздау әрі ойпаңдау жерге қуатты қолының күшімен ырғап-ырғап кіргізеді. Сонда жерге жарты құлаш бойы кірген найза орнынан бұрқ етіп су атылып шығады. Қуанған әрі өз ойының дұрыс болғанына риза болған Сатай батыр сол шағын сайды найзамен ат үстінде тұрып қуатты күшпен шаншып, ырғап жүріп бірнеше жерден су шығарады. Шөлдеп келген жасақ мөлдір суымен шөлдерін басады. Ертесі Сатай батыр бұл жерді Найзатапқан деп атаймыз деп осы маңдағы тұрып жатқан қазақ ауылдарына шабармандарын жібереді. Батырдың айтқанын халық сөзсіз орындаған. Егер бұл жердің атауы «Найзатабылды» болса, «Е, мұнан найза табылған екен ғой» дер еді халық. Найзатапқан деген атауының аржағында найза өзінен өзі бірдеңені таба алмайтыны айдан анық. Найза өздігінен қозғалмайды. Найзаны әлдекім қолымен қозғалту арқылы бірдеңені жерден табады ғой. Міне, бұған нақты жауап - Сатай батырдың өз найзасын жерге өте қуатты қолымен шаншып тұрып ырғап-ырғап жіберіп, су шығарды. Содан кейін бұл суды адам қолы емес, адамның қуатты қолымен жерге ырғалып кірген найза тапты. Содан соң Сатай батыр бұл жерді Найзатапқан деп атады. Бұл – нақты дәлел, шынайы шындық. Қазір де бұл сай Найзатапқан деп аталып келеді.
Кеше Қорғас өзенінің жанынан моңғолша аталған Гункөл көл – Алтынкөл деп аталса, енді мына суы әр жерден атқылаған сай Найзатапқан деп аталды. Осы екі атау да күні бүгінге дейін Алтынкөл және Найзатапқан деп аталып келеді. Сатай батырдың не деген нақтылығы десеңізші. Найзатапқан деп аталуының өзі және Сатай батырдың бұл атауын бүкіл халықтың бірден қолдап кетуінің өзі Сатай батырды «Қызыр шалған адам екен» деуін тағы да бұлтартпас айғақпен нақты дәлелдеп тұр. Найза нені тапты? Әрине, суды тапты.
Найзатапқанда оннан астам жерден бұлақ көздері бүгінге дейін бүлкілдеп шығып ағып жатыр. Ол сулардың емдік қасиетінің өзі өте жоғары болды. Аяғы, белі, асқазаны ауырған адамдар осында көктемнен бастап келіп суық күзге дейін емделіп жатады. Сатай батырдың найзасының жерге кірген ұшының орындарынан шығып жатқан бұлақтардың емдік қасиеттерінің болуының өзі көп нәрседен аян беріп тұрғандай.
Мен бұл мақаламда Сатай батырдың үш нақты, тарихи айғақты оқиғасына тоқталдым. Бүгінгі біздер, әсіресе жас ұрпақ қазақ жерінің қазақ мемлекетіне өзінен өзі беріле салмағанына назар бұрдым. Қазақ елінің «тарихи сызба шекарасы болған жоқ» дейтін бірді-екілерге айтарым, біздің шекарамыз әрқашан осындай айбарлы да аруақты бабалардың найзасының ұшымен сонау ғасырлардың өзінде сызылып, айқындалып қойған. Соның бір дәлелі бүгінгі біз бірнеше даналығын дәріптеп өткен даңқты Сатай батыр.
Шекарамызды шегендеуде осынау батыр да баһадүр бабаларымыз қан кешіп жүріп қазақ даласын жаудан тазартты, ішіне бейбіт ел қоныстандырды. Әр шоқысына жаңа атау беріп, жас ұрпаққа қасиетті атамекенді аманат етті.
Біз бүгінде осынау қастерлі құндылығымызды көзіміздің қарашығындай сақтап, қазақ даласының әр тасын алтыннан артық бағалауымыз керек.
«Қазақ Совет энциклопедиясында» және «Қазақ ханы – Абылай» атты ғылыми деректі екі томдық кітапта, тағы басқа да тарихи-ғылыми еңбектерде бірінші болып Сатай батырдың аты аталады. Осының өзі-ақ Сатай батырдың батырлар арасында алдыңғы орында тұрған өр тұлға екенін айқындап та, дәлелдеп те тұрғанын көрсетеді.
Екінші айтарымыз, Сатай батырдың жасақтарының шатырлары иленген жылқы терісінен жасалғаны жөнінде ауыздан-ауызға көшкен бұлтартпас әңгімелер бізге жетіп отыр. Сонда иленген жылқы терісінен тігілген шатырлардан нөсерлеп жауған жаңбыр бірнеше күнге созылса да су өтпейді және қатты суықтарда іштегі жылуды сақтайды, жақсы иленген жылқы терісі қатпайды екен. Осының бәрі Сатай батырдың тұрмыстық салада да білгір екенін көрсетеді.
Сатай батырдың төрт әйелі болған екен деген аңыз бар. Бірінші әйелінен туған екі ұлы шешесімен бірге Сатай батыр өзі туған Сарыбелде қалған. Бүгінде Сарыбел және Жаркент аймағында «Сатай батыр руынанбыз» дейтін азаматтар көп. Олар – Сатай батырдың екі ұлынан өсіп-өнген ұрпақтар. Қазақстанның түкпір-түкпірінде «Сатай батыр ұрпағымыз» дейтіндер бар. Олар Сатай батырдың өзге үш әйелінен тараған ұрпақтар болуы мүмкін. Дұшпандарды жерімізден қуып шығудың қиян-кескі, жан алысып, жан берісіп жататын майданында қазақ батырлары әйелдерін, балаларын атқа мінгізіп өзімен бірге алып жүрмеді. Батырлар аттың жалында, түйенің қомында ғұмыр кешті. Сондықтан да әйелдері батырдың әйелі екенін жасырып, ауыл-ауылда қалды. Батырдың әйелі екенін білсе, жасырынған жау оларды балаларымен бірге қырып кетер еді. «Сақтансаң сақтаймын» деген Алла сөзін батырдың адал жарлары сол заманда зерделеріне жақсы тұтып, жан сақтаған.
Садық ЖҰМАБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағы
Балғабек Қыдырбекұлы атындағы сыйлығының
лауреаты.

Күнтізбе

« Желтоқсан 2021 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

booked.net

  • Материалды қарау саны : 2187815