ТЕЗЕК ТӨРЕНІҢ ПАРИЖ КӨРМЕСІНЕ ЖІБЕРГЕН ҚАЗАҚ ҮЙІ

06.08.2021ж

Биыл Жетісу өңірін 30 жылдан астам басқарған, қазақ-қырғыз баласы «хан» атаған аға-сұлтан Тезек төре Нұралыұлы Абылайхановтың туғанына 200 жыл толып отыр. Ірі мемлекеттік қайраткер, мәмілегер-дипломат, батыр-қолбасшы, ақын, күйші, композитор, қолөнер шебері Тезек төре өз заманының аса дарын­ды, дара тұлғасы болғаны анық.

Ойлансақ, ол кісінің артында мал-жаннан басқа көптеген құнды жәдігерлер қалғаны анық қой! Ондай заттар табыла қалса, қазақ өміріндегі күнделікті қолданған заттар, марапат үлгілері, қару-жарақ түрлері т.с.с. мәдени-тұрмыстық қолданыстағы дүниелермен етене таныс болар едік. Орда ұлы Құдиярханға өткен болса, онда оның ақыры большевиктердің тонауымен аяқталғаны белгілі. Олай болса, қазағымның қаншама дүниесі көміліп, жойылып жоқ болғанынан басқа да әлемнің қай түкпірінде жүрген жоқ десеңізші!

           Тезек төретану жұмыстары ынталылардың арқасында біршама жолға қойылып келе жатыр, міне осы ай­тулы күндерде атақты сұлтан тура­лы құжаттарды қарап отырып (А.Ақылбеков «Тезек Төре»; «Те­зек Төреге қатысты жыр-айтыстар анто­логиясы»), оның 1866 жылы генерал-губерна­тор М.К.Кауфманның сұрауы бойынша Париж қаласында 1867 жылы өткізілген Дүниежүзілік этнографиялық көрмеге өзінің жеке дүниелері - алтын, күмістелген ыдыс-аяқ, аса қымбат қару-жарақ түрлері мен басқа да бағалы зат­тармен жабдықталған жеке өзінің казақ үйін жолдаған құжатқа (1866-жылы Тезек Төре Россия империясының атынан Париж­ге этнографиялық көрілім (экспонат) ретінде жасақталған киіз үй және өзінің Колпаковскийге жазған хатындағыдай «томағасы күміспен көмкерілген екі бүркіт, күміс жүген, ер жейдесі, киімдері, қорамсағымен садақ және барыс терісі т.с.с. бағалы заттарды» жіберген. Ол үшін көптеген алғыс, марапаттар алған...) ерекше назар аудардық. Француз­дар мәдениетті елдер қатарында ғой, мүмкін сол экспонаттардың ізі табылып қалар деген үмітпен біраз зерттеп көрдік.

Зерделеулер деректері бойынша, Париждегі көрменің 1867 жылы 1-сәуірден 3-қараша аралығында өткізілгенін, Марс алаңында66,8 гааумақта орналасқанын және оны 11 миллионға жуық адам, солармен қатар Ресей импера­торы ІІ Александрдың да тамашалағаны анықталды. Бұл көрмені Ресейдің атақты саяхатшысы Козьма Терентьевич Солда­тёнков фотосуретке түсіріп, 3 үлкен альбом құрастырған екен. Осы фотоальбомның 2-то­мында «Русская изба и жилища Сибирских кочевых народов» де­ген бөлімінде орыстың ағаш үйінің жанында тігулі тұрған өте бай өрнектелген қазақ үйдің суреті табылды. Мұқият қарасақ, шошақтау-конусты келетін Ұлы жүз қазақтарына тән екенін бірден байқайсыз. Үйдің сыртқы бейнесі, безендірілуі, формасы Жетісу өңірін мекен­деген қазақ руларына тиесілі екенін көрсетіп тұр. Ол төбесі жайпақ болып келетін Алтай қазақтарынікіндей емес және сыртқы пішіні үшкірлеу болып келетін Қазақстанның басқа өңірлеріне тән қазақ үйлерге ұқсамайды. Сондықтан, осы фотосуреттегі қазақ үй Тезек төре жіберген қазақ үй екеніне күмәніміз жоқ.

Бір деректер­де көрме жұмысы аяқталғаннан кейін қазақ үйді барлық жабдықтарымен қатар, басқа экспонаттармен бірге Санкт-Петербург қаласындағы музей­ге алып келген деп көрсетіледі, біраз уақыттан кейін осы экспонаттарды келесі дүниежүзілік көрмеге дайындау үшін Москва қаласына жөнелткен сияқты. Жалпы, аталған көрме және экспонаттары жай­лы толық ақпаратты П.А.Матвееваның «ВСЕМИРНЫЕ ВЫСТАВКИ КАК ПРОТОТИПЫ ЭТ­НОГРАФИЧЕСКИХ МУ­ЗЕЕВ», А.С.Соколовтың «Санкт-Петербург на Всемирных выстав­ках в Париже 1867-1900» атты ғылыми еңбектерінен және князь Вячеслав Тенишевтың (1843-1903) 1899 жылғы 14 шілдеде «Русский Түркестан» газетінде жариялаған мақаласынан, осы көрмені көріп қайтқан Санкт-Петербургтың суретшілерді ынталан­дыру қоғамының хатшы­сы Д.В. Григоровичтың мақаласынан оқып білуге болады.

Үстіміздегі жылдың 2 шілдесінде Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, «Қарлығаш» ауылы маңында орналасқан «Тезек төре қорымына» академик Нағашыбек Қапалбекұлының ұйымдастыруымен келіп қайтқан ғылыми-танымдық экспедиция мүшелері тарапынан зерттеу жұмыстары жүргізілді және болашақта бірқатар іс-шараларды іске асыру жөніндегі мәселелер талқыланды. Соның бірі ретінде, Тезек төре музейін ашу қажеттігі туралы айтылды.

Осыған бай­ланысты, жоғарыда аталған Тезек төренің жеке қазақ үйі мен заттарының тағдырын анықтап, отанымызға кайтару ісін тез ара­да қолға алу қажет деп есептейміз. Бұл күрделі де ауқымды іске еліміздің Сыртқы Істер және Мәдениет министрліктерін, ЮНЕСКО-ның мәдениеттерді жақындастыру орталығын, тағы да басқа мүдделі мемлекеттік-қоғамдық мекеме­лер мен жеке азамат­тарды атсалысуға шақырамыз. Ондай құнды жәдігерлер елімізге қайтып жат­са, болашақ ұрпақтың тәрбиесіне қосылған үлкен үлес болатыны даусыз...

Бағдат АҚЫЛБЕКОВ,

Алматы облысы, Кербұлақ ауданының тумасы, Әділ Төренің ұрпағы, мемлекеттік қызметші, Тезек төретанушы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Күнтізбе

« Желтоқсан 2021 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

booked.net

  • Материалды қарау саны : 2187783