«Бөкей ордасының соңғы ханы»

13.08.2021ж

Ұлы далада бұрынғының батырлары жайлы талай аңыздар мен қиссалар жырланып келген. Халық олардың есімдерін есте сақтап, ауыздан ауызға, ұрпақтан ұрпаққа жеткізген. Солардың ішінде даңқты жеңістерімен, жауынгерлік жорықтарымен тарихта өшпес із қалдырған Жәңгір ханды барша халық ерекше қастерлеп, қадір тұтады.


Есім ханның үш ұлы бар еді. Олардың үлкені Жәнібек, екінші ұлы Жәңгір хан, ал үшінші ұлы - Сырдақ сұлтан. Әкесі қатты науқастанып, төсек тартып ауырып қалған соң, 1640 жылы, яғни Есім ханның тірі кезінде-ақ Жәңгір таққа отырып, Қазақ елін сұрай бастайды. Ес біліп етек жеңін жинағаннан бастап-ақ Жәңгір әкесінен бір елі қалмай, оның барлық жауынгерлік жорықтарына қатысады. Ауыр науқасқа шалдыққан Есім хан мақсатына жете алмай төсекке таңылады. Осыған байланысты 1640 жылдан бастап, қазақтарды оның ұлы Жәңгір билей бастады. Жәңгір хан жауға қарсы әке ұстанымын жүзеге асыруға белсене кіріседі. Мінезге бай, кеңпейіл, мол денелі Жәңгірді қазақтар «Салқам» деп те атап кетеді.
Оның әскери қолбасшы ретінде кемеліне келіп, толысқан кезі қалмақтың күшеюіне сәйкес келді. Ол қалмақтарға қарсы үздіксіз жортуылдар ұйымдастыруға көшті.
Қазақ қалмақ шайқастарының ең ірісі 1643 жылғы атақты «Орбұлақ шайқасы» болатын. Сол жылы ерте көктемге қарай Батыр қоңтайшы бастаған Жоңғардың 50 мың қолы Қазақ хандығының аумағына басып кіреді. Шапқыншылық туралы хабар алған Жәңгір хан бар жоғы 600 сарбазы мен жауды бөгеуге аттанады. Шайқасқа аттанар алдында Жәңгір хан Самарқанд билеушісі Жалаңтөс батырдан көмек сұраған болатын. Бірақ Жәңгір хан Жалаңтөс батыр келгенше әскер саны мен қару жарақ жағынан тең емес жаумен шайқасуға бел байлады. Яғни қазақ елі мен жері үшін басын өлімге тігіп жауды бөгеуге аттанады. Ол алдымен шайқас жүргізуге ыңғайлы орын ретінде ордың бұлағы деп аталатын тау арасын таңдап алады да содан үш шақырымдай жерге сарбаздары жасырынатын ор қаздырады. Таудың етегімен келе жатқан Жоңғарлар орға жайғасқан қазақ сарбаздарын байқамайды. Білтелі мылтықпен қаруланған 300 сарбаз Жоңғарлар орға жеткенше таудың екінші бетіне жасырынып тұрады. Жоңғарлар орға жақындаған сәтте қазақтар жауды садақ пен мылтықпен оқ жаудырып қарсы алады.
Шайқас бастала салып Жоңғар жағынан 10 мыңдай адам мерт болады. Батыр қоңтайшы қалған 40 мың қолымен қайта келіп шабуылдағанда Жалаңтөс батыр көмекке жетіп үлгереді. Нәтижесінде жоңғарлар ойсырай жеңіледі. Дәл осындай жеңіс Орта Азияда бұрын соңды болған емес. Бұл шайқастың тарихи маңызы ерекше еді. 50 мың әскерімен жеңіліске ұшырауы қоңтайшы батырдың беделін түсірді. Осы шайқастан кейін жоңғарлар арасында өзара қырқыс басталады. Бұл жеңіс қазақ қолбасшыларының соғыс тәсілдерін шебер меңгергендігін дәлелдеді. Осы шайқастан кейін қазақ-жоңғар қатынасында аз уақыт болса да тыныштық орнады. Осылайша Орбұлақ шайқасы қазақи өрлік пен ерліктің, қаһармандықтың жарқын үлгісі ретінде тарихта қалды.
Жәңгір хан таулы жердің жағдайын ұтымды пайдаланып, жасағын шебер басқаруының және алғашқы болып отты қаруды пайдалануының арқасында үлкен жеңіске жетті.
Ауыз әдебиетіндегі деректерге сүйенетін болсақ, қазақ қолы ор ішінде жауды улы жебемен қарсы алған. ол жебе адамда жанап кетсе, бірден өледі екен. Сондай-ақ қазақтар улы шөптің түтінін пайдаланған. Шөпті суға қайнатып, оған шүберекті малып алады. Оны тұтатқанда түтін уға айналады екен. Ал қазақтардың өздері улы түтіннен қорғану үшін аузы-басын тұмшалап алған.
Орыс тарихшысы А.И.Левшин «Ойламаған жерден соққы беруінің әрі жауынгерлердің батылдығының, мылтықтарының өте сапалы болуының арқасында, Батыр қоңтайшыға қатты соққы берді»,- деп сипаттайды.
Орбұлақ шайқасына қазақтың ержүрек батырлары мен жыраулары да қатысты. Атап айтсақ, арғын Ағынтай, Қомпай, найман Көксерек, шапырашты Қарасай, тана Жиімбет жырау, қаңлы Сарбұқа, суан Елтінді, дулат Жақсығұл т.б батырлардың үлесі зор болды. Осылайша, Жәңгір хан қазақ тарихында жарқын істерімен қалып, оның есімі қазіргі кезеңдегі қазақ халқы үшін отансүйгіштік пен жанқиярлықтың, батырлық пен ерліктің символына айналып отыр.
Назгүл Бозжігітова,
Еңбекші ауылдық кітапханасының
кітапханашысы.