Балалар дамуына басымдық бар

25.10.2021ж

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы  қарсаңында  Шұғыла  қорының  бастауымен,  Дария Дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Тұлға болам» атты кітап оқу сайысы ұйымдастырылды. Сайыстың басты мақсаты -  жастарды кітап оқуға құлшындыру,  еліміздегі кітап оқу дағдысын жандандыру. Сол арқылы өзіміздің төл құндылықтарымызды санаға сіңіру.

 

                «Кітап дегеніміз алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ ой ойлаудан да тыйылар едік»,-деген  Ғабит Мүсіреповтың ғибратты нақыл сөзін бағдар еткен «Тұлға боламын» сайысы үлкен ауқымды қамтыды.Үш айға созылған байқауға  Қазақстан, Өзбекстан, Моңғолия  мемлекетінен 50 мыңға жуық қатысушы тіркелді. Сайысқа  қатысушылар: 1-3 сынып, 4-7 сынып, 8-11 сынып оқушылары және ересектер болып барлығы 4 топқа бөлінді. Әр топтың  кітабы да, жүлдесі де бөлек. Оқылатын  кітаптар: қазақ  классиктері мен  әлем классиктерінің  таңдаулы шығармалары. Оқырмандар 3 кезеңде 3 кітапты оқып бітірулері тиісті болды. Әр кезеңнін соңында кітап бойынша онлайн тест алынды. Үш айға созылған дүбірлі  доданың  жеңімпаздары  қыркүйек айында  Алматы қаласында марапатталып, жүлделері  табыс  етілді.

                Дәл осы байқауда  өңіріміздің Әулиеағаш ауылы  «Әулиеағаш орта мектебі»  КММ-нің  3-сынып оқушысы Асқар Әділ Қуанышұлы жеңімпаз атанды. Сайыс кезінде Әділ  қазақ және әлем классиктерінің таңдамалы шығармаларын оқу арқылы таным көкжиегін кеңейтті. «Мен бұл байқауға қатысқаныма қуаныштымын. Себебі, жазғы   демалыс  кезінде өте қызықты кітаптарды оқыдым, білетінім  көбейе  түсті, табанды болуға үйрендім. Әр кітапты оқу барысында әртүрлі әсер алдым. Әсіресе, Марат Қабанбаевтың «Сурет салғым келмейді» атты шығармасы қатты ұнады. Ондағы болған барлық көріністерді көз алдыма елестеттім. Әңгімелерде  кездескен  мақал-мәтелдерді жаттап  та  алдым. Мен байқау барысындағы барлық кітаптарды жақсы түсіну үшін бірнеше мәрте қайталап оқыдым. Сол себепті де тест кезінде жақсы жауап бердім. Бұл байқауда  кітапты  жақсы түсінгенің аздық етеді, жылдамдық та қажет. Белгіленген уақыт аралығында сұрақтарға дұрыс әрі жылдам жауап бере алғанда ғана алда боласың.

                Байқау барысында мен өзіме жаңа достар таптым. Оларда мен сияқты кітап оқығанды жақсы көреді. Мен  өзімнің барлық достарым мен сыныптастарымды осы байқауға қатысуға шақырамын! Мен енді қазіргіден де көп кітап оқитын боламын»,-дейді жеңімпаз  жас оқырман.  Әділдей  дарынды  баланың  кітап оқуға  деген  құлшынысын  оятып,  білімін   ұштаған Әділдің ата-анасымен  «Әулиеағаш орта мектебі» КММ-нің  ұстаздарына ерекше алғыс айтамыз. Болашағынан үлкен үміт күттіретін дарынды оқушының алда алар белестері бұдан  да  биік болсын деп тілек білдіреміз.

        Қазіргі заман – ақыл-ойдың аламанға түскен кезеңі. «Ақылына ақы сұрамайтын» нағыз адал дос - кітап өскелең  ұрпақтың  жан  серігіне  айналса  дейміз. Абай атамыз  «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деп  біздерге сонау ғасырда бағдар беріп кеткен жоқ па?  Кітап оқып, пайым-парасатымызды кеңейтіп, білімімізді  молайтайық!  Рухани  бай  болайық!

Алуа  Асқар,

ҚазҰУ  филология

факультетінің

2-курс студенті.

 

Күнтізбе

« Мамыр 2022 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 2539931