«Мол мүмкіндіктер мен ұтымды ойлардың іске асатын жылы»
- Толығырақ
- Жарияланды 04.02.2019 04:33
- Автор: Super User
- Категория: Жастар
- Қаралды: 1971
Елімізде жас ұрпақты ынталандыру, олардың бастамаларын қолдауға бағытталған жұмыстар көптеп атқарылып келеді. Әлі де жасалып жатқан жұмыстар да аз емес. Соның бір дәлелі ретінде биылғы жылдың «Жастар жылы» деп жарияланғандығы мысал бола алады. Бұл Елбасымыз айтып өткендей мемлекет тарапынан өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадамның бірі.
Мемлекеттің ертеңі әрі сенімді тірегі болар жастарға бағытталған жұмыстар біздің ауданымызда қаншалықты өріс алып отыр? Сондай-ақ, биылғы енгізілген «Жастар жылында» аудан жастарының айшықты жоспарларымен танысу үшін ауданымыздың «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жетекшісі Ерлан Нарынбаевпен сұхбаттасып қайтқан едік. Ендеше сүбелі сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз!
-Ерлан Серікұлы, қазіргі таңда өзіңіз жетекшілік ететін «Панфилов ауданының жастар ресурстық орталығының» құрылғанына бес жылдай уақыт болыпты. Осы уақыт аралығында орталық қандай елеулі істерге ұйытқы болып келеді? Және оның бүгінгі жәй-күйі қандай?
- Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңын жүзеге асыру бағытында «Алматы облысының жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің филиалы «Панфилов ауданының жастары ресурстық орталығы» 2013 жылдың 1 сәуірінен бастап жұмыс атқаруда. Аталған орталықта 4 қызметкер жұмыс істейді. Ауданымыздың орталығы Жаркент қаласы мен 13 ауылдық округте жалпы 14 жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушылар тағайындалған. Орталықтың негізгі атқаратын міндеттері мемлекеттің жастармен өзара әрекеттесуін жетілдіруге бағытталған мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жергілікті атқарушы органдарға жастарды әлеуметтендіру үшін жағдай жасауға ықпалдасу, мәдени және спорттық шараларды ұйымдастыру, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар туралы жастарды хабардар ету болып табылады. Аталған міндеттер мен мақсаттарды жүзеге асыруда Панфилов ауданының әкімі Темірлан Амангелдіұлы Бектасов жастарға қарымды қолдау көрсетіп келеді. Жалпы ауданда 14-29 жас аралығындағы жастар саны – 32340, оның ішінде 10171 қала жастары, 22169 ауыл жастары. Біздің орталықтың ұйымдастыруымен 2018 жылы мәдени іс-шара, спорттық іс-шара ұйымдастырылды.
-Өзіңізге белгілі, Мемлекет басшысы өткен жылғы қазан Жолдауында биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынған болатын. Жуырда ғана елордамыз Астана қаласында «Жастар жылының» салтанатты ашылуы болып өтті. Бұл шараға біздің аудан атынан қатысқан жастар бар ма?
- Биылғы жыл - мол мүмкіндіктер мен ұтымды ойлардың іске асатын жылы болмақ. Олай дейтін себебім, жақын арада Жастар жылының жол картасы жасалып, нақты істер мен тың идеялар жасақталады. Соның арқасында көптеген жұмыстар қолға алынып, атқарылатын болады. 2019 жылы біздің орталық еріктілер қозғалысын дамыту, жас кәсіпкерлерді қолдау, жастарға рухани-мәдени тәрбие беру, мамандық таңдау ісіне қолдау көрсету, қарттарымыздың тұрмысына көмектесу, студенттік өзін-өзі басқару құрылымдарын жетілдіру жұмыстарын іске асыруды жоспарлап отырмыз.
Аталған шара еліміз үшін, соның ішінде жастар үшін өте маңызға ие болды. Астанадағы "Нұр Әлем" павильонында өткен шараға "100 жаңа есім" байқауының жеңімпаздары, "Болашақ" бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар, студенттер мен жұмысшы жастар, жас спортшылар, дарынды балалар, танымал блогерлер мен вайнерлер, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектер, ерекше қажеттілігі бар жастар, жас әскери қызметшілер қатысты. Жастар жылының ашылу салтанатына Алматы облысынан бес жас қатысуға мүмкіндік алды. Солардың бірі Панфилов ауданының тумасы, арнаулы кәсіптік мамандығының иегері, жас механизатор Нуканов Елдар. Біздің аудан үшін бұл үлкен мәртебе. Елбасымен кездесіп, еліміздің түпкір-түпкірінен келген белсенді жастармен терезесі тең болып отырып, үлкен саяси шараға қатысып келген Елдар бүгінде өз жерінің мақтанышына айналып отыр. Себебі, Елдар секілді жұмысшы мамандығын таңдап, қара жұмыс істеп, трактор айдап, жер жыртқысы келетін жастар аз.
-Қазіргі таңда жастар саясатын дамыту мақсатында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Дегенмен, әлем елдері бойынша маңыздылығын жоймаған мәселелер де аз емес. Атап айтқанда, бүгінгі қоғам ғаламторға, әлеуметтік желілерге тәуелді. Бұл мәселемен қалай күресуге болады?
- Әлеуметтік желінің алғаш пайда болып, қолданысқа енгеніне биыл 24 жыл болады екен. Біздің орталықтың бүгінгі заман ағымына сай негізгі және танымал әлеуметтік желілердің барлығында ресми парақшалары ашылған. Бүгінде жалпы оқырмандардың саны 11 500-ден асып отыр. Ол парақшаларда түрлі жаңалықтар жарияланып, бейнероликтер көрсетіледі. Сауалнамалар жүргізіліп, конкурстар өтеді. Әлеуметтік желі - жастарымыздың бір-бірімен пікір алмасып, танысып, бизнестерін жүргізетін ашық платформаға айналды. Алайда, таяқтың екі ұшы бар секілді, әлеуметтік желілірдің пайдасымен қоса зияны да көрініс беріп жатыр. Себебі, ол ең алдымен, адамның алтын уақытын жейді. Уақыт – адамның ең үлкен байлығы және баға жетпес құндылығы. Жоғалтқан уақытты ешқандай жолмен қайтара алмайсыз. Әлеуметтік желіде күн сайын жеті-сегіз, тіпті одан да көп сағаттап отыратындар алтын уақыттарын жоғалтып жатқандар. Екінші залалы – әлеуметтік желі адамды белсенді емес тұтынушыға, яғни көк жалқауға айналдырады. Яғни, оны тұтынушылардың көбі жаңаны жасағаннан гөрі, ұсынылып жатқан ақпараттарды тұтынғанды жөн санайды.
-Жастар арасында діни сауаттылық пен рухани тәрбие беру мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?
-Елбасымыз әрқашан өзінің сөзінде жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беру туралы айтып отырады. Біздің орталық аталған тақырыпта шараларды өткізу барысында ауданымыздағы дін істері жөніндегі арнайы теолог мамандар мен белгілі қоғам қайраткерлерін, танымал тұлғаларды шақырады. Өз кезегінде олар жастарға теріс бағыттағы діни ағымдар және оның алдын алу шаралары туралы баяндамалар жасап, слайдтар мен видеороликтер көрсетіп, сауалнамалар өткізді. Бірнеше фокус топтарға бөлу арқылы түрлі тренингтер ұйымдастырылды. Сонымен қоса, аудан жастарының құрамасы Алматы облыстық Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Жастар және дін – таңдау дилеммасы» атты облыстық пікір-сайыс турниріне белсенді қатысып, мол тәжірибе жинақтады. Аталған турнир нәтижесінде аудан деңгейінде Панфилов аудандық пікір-сайыс қозғалысын дамыту бойынша семинар ұйымдастырылып, облыста жинақталған тәжірибе сараланды.
2018 жылдың қараша айында Алматы облысы жастар форумының аясында жастардың арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын-алуға, студент жастармен және NEET санатындағы жастармен жұмыс істеуге бағытталған семинар-тренингкке Панфилов ауданынан 21 жас қатысты. Семинар барысында жастарға ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Академиясының оқытушылары, ҚР Әлеуметтік даму министрлігінің қарамағындағы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы мамандары дәрістер оқып, нәтижесінде семинарға қатысқан жастарға сертификаттар табысталды.
-Ерлан Серікұлы, өзіңіз басшылық етіп отырған орталықтың өткен жылы атқарған жұмыстарына тоқталып өтсеңіз.
-Иә, 2018 жыл біздің орталық үшін де жемісті жыл болды. 2018 жылы қаламыздағы үш колледждің базасында «Жастар ісі-жөніндегі комитеттер» құрылып, бүгінде жоспарлы жұмыс атқаруда. Сонымен қоса, 2018 жылдың қараша айында Алматы облысының жастар ресурстық орталығының бастамасымен полицияға қолдау көрсететін «Жалын» студенттік жасағы құрылған болатын. Аталған жасақ құрамыда облыс бойынша 300 жасақшы іріктеуден өтіп, бүгінде қызметтеріне кірісті. Біздің ауданда «Жалын» жасағын құру бойынша жұмыстар атқарылып, аудан жастары қатарынан 26 жас таңдалып алынған болатын. Аталған жасақты құрудағы басты мақсат - оқу орындары аумағында және қала және ауылдық округ аймағында қоғамдық тәртіпті қадағалауға қатысу, бос уақыттарын тиімді пайдалануды ұйымдастыру болып табылады. «Жалын» жасағы өзінің әрекетін аудандық Ішкі істер бөлімі және жергілікті полиция қызметі басшыларымен бекітілген жұмыс тәртібі бойынша ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірге кезекшілікке шығу кестесіне сәйкес, төлемақысыз, қоғамдық негізде жүзеге асырады.
2018 жылдың қорытындысы бойынша Полицияға қолдау көрсетуші «Жалын» студенттік жасағының «Үздік жасақшысы» номинациясын Жаркент Көп Салалы колледжінің студенті Қырықбай Абылай Абайұлы иеленді. Талдыкорған қаласы, Жастарға қызмет көрсету орталығында Алматы облысы әкімінің кубогы үшін облыстық пікір-сайыс турнирі өткен болатын. Турнирге Панфилов ауданынан Түлесхан Ұлбике мен Қуанышова Мадина қатысып, бақ сынады. Облыстың әр ауданынан келген мықты командалар арасында өткен осынау тартысты шараның қорытындысы бойынша Панфилов ауданының құрама командасы жүлделі 3- орынға шығып, жүлде қоры 40 000 теңге болатын сертификатты иеленді.Ал, Түлесхан Ұлбике Алматы облысының "Үздік спикері" номинациясын және 100 000 теңге сертификатты иеленді. 2018 жылы «Жасыл ел» еңбек жасағы өзінің XIV еңбек маусымын өткізді. Аталған маусымда ауданымыз бойынша 121 жас жұмыспен қамтылды.2018 жылдың қортындысы бойынша маусым бойы нәтижелі жұмыс атқарып, мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыруда үздік көрсеткіш көрсеткен үшін "Панфилов ауданының жастар ресурстық орталығы"КММ-нің бас кеңесшісі Мендельбеков Ғабиден облыстық "Жасыл ел" штабының "Үздік маман" номинациясын иеленді. Тұңғыш Президент күніне орай Алматы облысы әкімінің «Көшбасшы-2018» жастар сыйлығының "Үздік студент-2018" номинациясын Панфилов ауданынан Тұрғанбаева Айжан жеңіп алды. Айжан бірнеше шет тілдерін меңгерумен қатар, "Жасыл ел" бағдарламасының белсендісі, аудан еріктілерінің көшбасшысы бола білген дарынды жасқа облыс әкімі Амандық Баталов арнайы диплом және 250 000 теңгенің сертификатын табыстады. Осындай ел абыройын асырып, еліміздің дамуына серпін беретін жігерлі жастарымызбен мақтанамыз.
-Жастар жылынан не күтеміз? Биылғы жылдың өзгешелігі қандай болады деп ойлайсыз?
-Елбасы Үкіметке Жастар жылында жүзеге асуы тиіс 4 нақты тапсырма жүктеді. Алғашқысы – жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамту. Президент пәрменімен енді жылына кем дегенде 1 мың пәтер жастар үшін салынатын болды. Жалдамалы үйлер Астанада, Алматы мен Шымкентте бой көтермек. Екіншісі: Елбасы біздің елде жұмыс көп, тек мамандар тапшы екенін айтты. Сондықтан күрмеуі көп осы мәселені дереу шешуді тапсырды. «Тығырықтан шығар жалғыз жол – жастарды кәсіпкерлікке баулу». Бұдан былай «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша берілетін грант саны тағы 2 есеге ұлғаяды. Жастар кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгереді. Ол үшін бюджеттен 32 млрд теңге бөлінбек. Жас ғалымдар да қашанғыдай қатардан қалмайды. Нұрсұлтан Назарбаев өнертапқыштардың өрісін кеңейтіп, ғылымға терең бойлағандарға қолдау көрсетуді тапсырды. Үкіметке жүктелген үшінші міндет те осы. Ол үшін ел қазынасынан жыл сайын 3 млрд теңге бөлінетін болады. Президенттің төртінші пәрмені – ерікті жастарға көңіл болу. «Қарттарға қарайласып, мүгедек жандарға қол ұшын созған олардың еңбегі ерен», – деді Елбасы. Президент қазақта қарттар үйі болмағанын айтып, жетімдерді жәутеңдетпеу керектігін айтты. Ол үшін жастарды мектеп кезінен тәрбиелеу қажет. Болашақ аналардың да, әкелердің де жауапкершілігін кейінгі буынға ұғындыруымыз тиіс. Сол кезде ғана шаңырақ шайқалмайды, берік ірге қалыптасады.
Аталған бастамаларды іске асыру бүгінгі біздің міндет. Бүгінде бүкіл қазақстандықтарды ортақ құндылықтар – жасампаз еңбек, татулық пен келісім, халық бірлігі, Отан үшін мақтаныш, оның ұлы тағдырына қатыстылық біріктіреді. Біздің жас ұрпақ мұны өмір бойы есте сақтауы тиіс. Бүгінде біз патриоттардың жаңа буынының өсіп және есейіп келе жатқанын көріп отырмыз.. Өз еңбектеріңізбен, білімге деген ұмтылыстарыңызбен және нақты істеріңізбен сіздер мәңгілік Отанымыз – Мәңгілік Елдің даңқын асырасыздар.
-Сұхбатыңызға рахмет!
сұхбаттасқан А.ҚУАНТАЙҚЫЗЫ.