Сот жүйесін жетілдіру

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқының назарына ұсынған Бес институционалды реформасы Қазақстанның стратегиялық тұрғыда қарышты дамуының кепілі. Сонымен қатар, осы Ұлт жоспары аясында іске асырылуы тиіс «100 нақты қадам» жобасы берекелі істің бастауына айналды. Ол реформалық игі істердің негізін жариялай отырып, басымдыққа ие салалардың бірі – сот қызметін заманауи ағымға сай жетілдіру болып табылатындығын қадап айтқан болатын.

 

Сондықтан да осы саладағы шаруаның тасын өрге домалатуда соттарға бірқатар міндеттер жүктелетіні анық. Өйткені, оны мінсіз орындау уақыт пен заман талабы. Ал Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену жолында соттар мен судьялардың ең жоғарғы деңгейден көрінуі – тиянақты атқарылған шаруаларға тікелей байланысты.

           Өркениеттілік пен дамудың даңғыл жолына бастайтын Ұлттық      жоспарда негізгі басымдық 100 қадамның 16-шы мен 34-ші қадамы тұтасымен заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған болса, оның ішінде сот жүйесін жетілдіру мәселесі 16 мен 27-ші қадамдарда нақты айтылады. Бұл ретте 16-қадамда азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін арттыру үшін сот жүйесіндегі инстанцияларды оңтайландыру көзделген. Яғни, бес сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау жасау) сот жүйесінен үш сатылы (бірінші,апелляциялық, кассациялық) сот  төрелігі жүйесіне көшу. Бұл  тапсырманы  қазіргі кезде қоғам арасында  мүмкіндігінше кеңінен іске асыру қолға алына бастады. Оның көрінісін қоғам арасында заң өкілдері тарапынан жан-жақты түсіндіру жұмыстарының жүргізілуінен байқауға болады. Ал енді бұл өзгеріс бізге «не береді?» деген мәселеге келер болсақ, ол – сот құрылымы мен сот өндірісі қызметін жаңғырту арқылы елді жоғарыда атап өткен өркениеттілікке жетелейді. Сонымен қатар, қоғамды жаңа заманның талаптарына сай бейімдеп, бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

          Осындай бағытты ұстанған басты құжатымызда сот жүйесінің қызметіне де басымдықтар берілген. Нәтижесінде, азаматтардың сот төрелігі жүйесінің қызметін тұтыну тиімділігі артады. Айталық, бұл жерде судья шешіміне қанағаттанбаған азаматтардың шағымдану истанциялары қысқаратыны белгілі. Есесіне, бестен үшке қысқарған сатылы қызметтің құзыреті күшейеді. Осылайша, сатыланған инстанцияларды оңтайландыру  арқылы, Қазақстандағы сот саласы халықаралық деңгеймен теңесіп, дамыған елдер тәжірибесімен ұштасады. Өз кезегінде бұл әдіс біздің еліміздің терезесін әлем елдерімен теңестіре түседі. Демек, біздің стратегиялық даму бағытымызды Елбасымыз әлемдік тәжірибеге сүйене отырып айқындап бергендігіне тағы бір мәрте көз жеткізе түсеміз.

          Президентіміз  құқық пен қаржылық мәселеге қатысты заңнамаларымызды жетілдіруге қатысты ел Үкіметіне нақты мынадай да тапсырмалар жүктеген еді:

          Мысалы, 23-қадамда Инвестициялық даулар бойынша жеке Сот істерін жүргізу қажеттігін құруды атап өткен. Бұл жерде Жоғарғы Сотта ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарау үшін Инвестициялық алқаны ұйымдастыру мақсаты тұр. Ендеше, елдегі соттарда судьялық міндет атқаратын мамандарымыз үшін, халықаралық деңгейде жұмыс істеуіне қажеттілік туындайды.

           «Жүз нақты қадам» – бұл біздің жаһандық және ішкі сын-қатерлерге, сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда 30 дамыған мемлекеттің қатарына ену жөніндегі жоспарымыз. Ал реформаларды жүзеге асыру – алда тұрған 10-15 жылдағы бірінші кезекті жалпыұлттық міндет екендігін атап өткен Мемлекет басшысы елдің ішкі жағдайындағы сот саласы қызметін де жетілдіре түсу керектігіне ерекше көңіл бөлген.

                Ұлт жоспарында сот ісі мен судья әрекетіндегі әділдік пен шынайылықтың айқындалу реті де нақтыланған.

Яғни, барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын міндетті түрде енгізу. Онда судьяның бейне жазуды тоқтатуға немесе аудио жазу материалдарын редакциялауға мүмкіндігі болмау керектігі де нақты көрсетілген. Сол сияқты, сот рәсімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқарту жайы да қамтылып, бұл бағытта Азаматтық іс жүргізу кодексіне тиісті өзгертулер енгізу жайы айтылған.

      Енді сот жүйесі қызметі мен  судья шешімінің орындалуына қатысты мәселелерге тоқталсақ. 27-қадамда жекеменшік сот орындаушылар институтын одан әрі дамыту арқылы, сот орындаушылардың мемлекеттік қызметін біртіндеп қысқарту қажеттілігіне басымдық беру керектігі көрсетілген. Мұндай сот-құқықтық реформалардың жүргізілуі мемлекетте тәуелсіз әрі мықты сот билігінің орнығуына әкеледі. Сот қызметіне азаматтар  сенімінің  артқандығын жыл сайын   сотқа  жүгінетін арыздар санының артып келе жатқандығынан оңай аңғаруға болады. Қазіргі кезде соттар жылына 1 млн. астам істі қарайды. Алайда, тәжірибеге сүйенсек, сот азаматтың талап-арызын қанағаттандырғанымен, құқықтың қалпына келтірілуінің кепілі болып табылмайды. Осы жерде соттардың іс жүргізудегі негізгі сатыларының бірі – сот актісін орындау қызметі болып келеді. Дәл осы заңды күшіне енген сот актісінің мерзімінде әрі нақты орындалуы азаматтық-құқықтық қатынастардағы соңғы саты және Конституцияның жоғарыда аталған нормасын шынайы жүзеге асыру болып табылады.

            Бұл мәселені талқылай келе, сот орындаушылар институтын белгілі бір сот актілері бойынша ғана қалдыру қажет деген тұжырым қабылданды. Атап айтқанда, мемлекеттен және мемлекет пайдасына өндіріп алу туралы атқару құжаттарымен мемлекеттік сот орындаушылары айналысуы қажет деп шешілді. Бұл Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымындағы (ЭЫДҰ) кейбір мемлекеттердің тәжірибесіне сәйкес келеді (яғни, халықаралық деңгейде тиімді деп танылған).

        Осылайша, кейбір  мемлекеттердің тәжірибесі мемлекеттік сот орындаушыларымен қоса жеке сот орындаушылардың болуының  дұрыс екендігін көрсетеді. Жалпы, жеке сот орындаушыларының құзырына жеке ұйымдар мен азаматтардың пайдасына өндіріп алу туралы (алимент, жалақы, зейнетақы және жәрдемақы өндіріп алу) барлық сот актілерінің орындалуын беру дұрыс қадам екені сөзсіз.

М.Бердіғұлова,

аудандық соттың

бас  маманы, сот

отырысының  хатшысы.                                       

Күнтізбе

« Шілде 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net