Қасиетті Орбұлақ

Ұл-қызына мекен болғаны үшін, адам баласын асырап келе жатқаны үшін, күллі жер қасиетті. Жерді Ана дейтініміз сондықтан. Алайда кей жерлер тарихымен айрықша қасиетті. Сондай тарихи қасиетті жердің бірі – Орбұлақ.

    Тарихи кезеңге куә болуы жағынан ол Бесшатыр, Есік қорғанынан кейін тұрғанымен, халқымыздың ерлік шежіресін еске салу тұрғысынан Ордабасы, Қалмақ қырылған, Аңырақай оқиғаларының баба  бастамасы секілді. Газеттер кезінде: «Ордабасы бірлігі Орбұлақтан басталған»,-деп жазды да.

    Орбұлақ ұзақ жылдар бойы табан астында жатқан тарихи еді, өткен ғасырдың 93-жылы елдің де, жердің де бағын ашып, Үкімет ұлы жеңістің 350 жылдығын тойлады. Бүгін ол құжаттың өзі де үлкен тарихқа айналды.

    ...Бұл қаулының    басты-басты пункттері кезінде орындалды: ғылыми-теориялық конференция өтті, шайқас өткен жерге ескерткіш белгі орнатылды, 1993-жылдың 3-шілдесінде Панфилов ауданындағы жалпылай Белжайлау немесе Үйгентастың белі деп аталатын жерде мерейтойлық шаралар өткізілді, радиода және теледидарда Орбұлақ шайқасына қатысты материалдар жарияланды және хабарлар таратылды.

   ...Орбұлақ шайқасы бір күндік еске алудан кейін ұмытыла салатын оқиға емес, ол – халқымыздың қаһармандығының куәсі. Аңыз боп арман мен шындықтың арасында айтылып келген әңгіме емес, нақты жылы мен мезгілі, орны мен мекені, қай-қай батырлар соғысқаны – бәрі белгілі тарих. Әлдекімнің тайпасы мен руына, туған жері мен өскен еліне ғана абырой болатын тар мағынадағы мақтаныш емес, соноу ғұн дәуірінен (ол кезде де ор қазып соғысқан) үзілмей келе жатқан соғыс өнеріне жетік, қай қысылтаяңда да әдіспен соғысу арқылы жеңіске жете білетін күллі қазақ халқына ортақ кең мағынадағы мақтаныш. Оны ғайбаттау, ондай жеңістің болғанына күмән келтіру, Орбұлақтан басқа өңірде болды деп дәлел-дерексіз әрқилы бопса айту, сол арқылы жұртшылықты адастырмақ болу – үлкен таудың бетін түгел батпақпен бүркемелеп шығам дегендей әурешілік.

   Орбұлақ тойына қатысқан, оған барған, көрген қазақ азаматтары өз пікірлерін кезінде айтқан-ды. Және зор мақтанышпен, халқына деген сүйіспеншілікпен айтқан болатын.

   Белжайлаудағы Итшоқы деген жотаның баурайында Орбұлақ тойын 1993-жылы 3-шілдеде Қазақстан Министрлер Кабинетінің төрағасы С.Терещенко қазақшалап сөйлеп ашты. «Қайран бабаларымыздың әруағы Сергейді де қазақша сөйлетті-ау»,-деп, көпшілік оған мән бере күлісті. Қазақстан Мемлекеттік хатшысы, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев сөз сөйледі.

    «Жаңа қорғаныс одағын құрып үлгермеген Жәңгірге елу мың әскерлі қоңтайшыны 1643-жылы бар болғаны алты жүз сарбазбен дәл осы арада тосып алуға тура келді... Анау көбең жылқының сауырындай жалтылдап жатқан көкмайсаның арасында бір кезде айлап-апталап бастарын ажалға тіккен ардақтардың жанына түскен жыртықтай, тәніне түскен тыртықтай боп атамзаманғы оқпана шұқырлар әлі жатыр»,-деді ол тебіреніп («Егемен Қазақстан», 06.07.93).

    Совет Одағының батыры, кейіннен Қазақстан қаһарманы, сол кездегі еліміздің қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов ҚазТАГ тілшісіне:

   «Бұрын көшпенділер XVII-ғасырда тек ашық далада ғана соғысты деп есептеліп келген болатын. Ал Орбұлақ шайқасы қазақ халқының әскери өнерінің жақсы дамығандығын паш етіп берді. Салқам Жәңгір тәрізді қолбасшылар жеңіс үшін тек жақсы үйретілген әскер ғана емес, сонымен бірге жер жағдайына сай дұрыс таңдап алынған тактиканы қолдану да қажет екендігін жақсы түсінді. Сондықтан Салқам Жәңгір қолбасшы ретінде алдын ала жоңғардың 50 мың әскері қай бағыттан келетіндігін дұрыс анықтап, қорғаныс желісін сәтті таңдай білді. Ал Орбұлақтың жер жағдайы оны жүргізу үшін өте ыңғайлы болатын. Үш жарым ғасырдан кейін де қанды шайқас орнында қазылған ордың айқын іздерінің қалу фактісі қазақ жауынгерлерінің шайқасқа түбегейлі дайындалғандығына айғақ»,-деген түсініктеме берді («Егемен Қазақстан», 01.07.93).

     Аға жазушымыз Қалмұқан Исабаев Орбұлақ оқиғасына байланысты архивтен деректер тауып келіп, өз көзімен ұрыс орнын көріп қайтуға да құлшынып, шын мәнінде ағалық-ақсақалдық жасады. «Соғыс тарихындағы соны тәсіл» атты мақаласында ол өзінің Төмен қаласы архивінен тапқан Тобыл әскери қызметшілері Ильин мен Кучеевтің мәліметін былай қазақшалайды:

   «Біз барғанда қонтайшы ұлысында болмай шықты... Барлығы 50 мың әскермен Жәңгір ханның қазақ ордасы, Жалаңтөс және Алатау қырғыздарымен соғысуға кеткен екен... Ал Жәңгір оларға қарсы 600 адаммен шығыпты. Бір тауда ор қазып (орысша текісінде «шансы» деп жазылған – Қ.И.), оған 300 адам орналастырып, қолының қалған жартысын тауға жасырып күтіпті қонтайшы шерігін. Сол жерде алапат соғыс болып, Жәңгір хан әскері қонтайшының 10 мың адамын жер жастандырып, үлкен жеңіске ие болады. Әскерінің қалғанын (олар әлі де 40 мыңдай) шегіндіріп әкетіп, кегін жібермеу үшін, екінші рет тиіскенде, Жалаңтөс 20 мың әскерімен көмекке келіп үлгеріп, дұшпан арманына жете алмай тағы да жеңіліс табады».

      Одан ары Қалекең былай депті:

     «Жуырда осы жолдар авторы Орбұлаққа барып, аталмыш соғыс өткен жерде болып қайтты. Орбұлақ соғысын басқалардан гөрі егжей-тегжейлі жазған – Қазыбек бек Тауасар баласы...

     Оқиға болған жер де көп сыр шертіп жатқандай... Ор, яғни Тобыл барлаушыларынша «шансы», Қазыбек бекше айтқанда «оқпана» жалпы ұзындығы 2,5-3 шақырымға созылған сол тіркескен аласа адырлардың қырын қуа қазылыпты. 350 жыл бұрын қазылған оқпана «траншея) ізі жақсы сақталған. Екі жағындағы адырлар биік дерлік. Ор қазып, әскерді жасырып қоюға аласа адырлар тізбегі, расында да, аса қолайлы еді. Биік адырлар бетінен бері құлай жылжыған жау жасағының бірде-бірі оқтан (жебеден) қашып құтыла алмастай екен...».

      Бұл – бәрін әбден аралап көрген, ордың бойымен жаяулап жүрген, кейін сол соғыстың жоба картасын сызған («Қазақ әдебиеті» газеті оны жариялады -02.07.93) атамның пікірі.

Бексұлтан Нұржекеұлы,

жазушы, Қазақстан республикасы мемлекеттік сыйлығының иегері,

Алматы  облысы  мен Панфилов ауданының «құрметті азаматы».

Күнтізбе

« Желтоқсан 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

booked.net