Ақпараттар айдынындағы – «Жаркент өңірі»
- Толығырақ
- Жарияланды 28.06.2018 04:35
- Автор: Super User
- Категория: Өңір тынысы
- Қаралды: 2168
1921 жылғы 1 маусымда алғашқы нөмірі жарық көрген «Кембағалдар авази» (Кедейлер үні) газетінің тұңғыш шығарылымына ұйғыр халқының көрнекті перзенті Абдолла Розыбакиев қол қойған еді. Содан бері сан аунаған тарихтың дөңгелегімен бірге тербетілген басылым әр жылдары «Колхозчилар авази» («Голос колхозника»), «Соцалисттік жол», «Еңбек туы», «Ұшқын» («Искра»), «Жаңалық жаршысы», «Октябрь нұры» атауларымен жарық көріп, көпшіліктің қолына қолжетімді таралыммен жетіп отырды.
1991 жылдан тартып «Жаркент өңірі» атауымен жарық көріп келе жатқан ақпарат айдынындағы аудандық газеттің бүгінгі таңдағы таралымы 5371 дананы қамтып отыр. Аптасына бір рет (жұма күндері) үш тілде (қазақ, орыс, ұйғыр) шығатын газеттің директор-бас редакторы білікті басшы, қаламы жүрдек журналист, арқалы ақын Бағдат Бейсенқызы Айтмұқаева.
Ақпараттар айдынында өзіндік үні, келісті қолтаңбасы бар аудан айнасы – «Жаркент өңірі» газеті әр жылдары республикалық, облыстық байқаулардың жүлдегері атанып жүр. Газеттің бас редакторы Бағдат Бейсенқызы – сыншы Сағат Әшімбаев атындағы, ал ардагер журналист Садық Жұмабаев - Балғабек Қыдырбекұлы атындағы сыйлықтың иегерлері.
97 жылдық тарихы бар көне де жаңа басылымның әр жылдардағы алып жүрген «Алғыс хаттары» мен «Құрмет грамоталарын» айтпағанның өзінде, бір ғана өткен жылғы табысын ерекше атап өткеніміз жөн болар.
«Ғасыр ғаламаты» атанған «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінің ақпараттар павильонына аудандық газетіміздің мерекелік нөмірлерінің қойылғаны да – кеудемізді қуанышқа бөлеп, мерейімізді тасытады.
Газеттің өзі – бір күндік болса, сөзі – мың күндік. Бүгінгі таңдағы ақпараттың көзі мен құлағына айналып отырған басылымда әр жылдары (біз бұл тұста кейінгі жылдардағы газет қызметкерлерін ғана атап отырмыз) Абдукерим Тудияров, Рай Омашев, Хетип Малыбаев, Абдрахман Бәрамов, Мырзағали Нұрсейіт, Нұрахмет Ахметов, Нұрәділ Бегімбет, Роза Ыстай, Омарғали Сәду сияқты қаламы жүрдек журналистердің қызмет жасағанын қашан да мақтаныш етеміз. Бүгінде бұлардың жолын қуып, өнімді еңбекке жұмылып отырған Қазақстан Журналистер Одағының мүшелері: фототілші Жұмағазы Бейсебек (Панфилов ауданының «Құрметті азаматы»), ақын Құсайын Бейсебай, Қазақстан Заңгерлер Одағының мүшесі Бекмұхамет Серікбаев, Гоһарбуви Исмайылжанова (республикалық «Ұйғыр авази» газетінің ауданымыздағы меншікті тілшісі), Ақмарал Хаметжанова, жуырда ғана басқа жұмысқа ауысып кеткен Жансая Кенжебек сияқты журналистердің тынымсыз еңбегі – атан түйеге жүк болғандай. Журналистер қауымын әдетте «Арқалағаны – алтын, жегені жантақ» деп ауыр жүк арқалаған нарға да орынды теңеп жатады. Шынайы өмір шындығы бұл.
Газеттің оқырманына дер кезінде жетіп, сапалы да көркем шығуына өзіндік үлестерін қосып келе жатқан оператор-дизайнер Гүлнәр Сансызбаеваға, оператор-терімші Айгүл Нақысбековаға, менеджер Мәулен Керімбековке, іс жүргізуші Әйгерім Естемес пен есепші Эльмира Рахматуллинаға, жүргізуші Жанат Нұрмановқа айтар алғысымыз да мол.
Бүгінгідей төл мереке – Қазақстан Журналистері күнінің шаттығы мол қуанышты кезеңінде қаламдас әріптестерімізге мәнді ғұмыр, мықты денсаулық, отбасыларына амандық тілейміз. Мерейлі мерекелеріңіз мүбәрак болғай!
Құдайберді Құсайын.