Суан бабаның қасиетті қалпағы

Суан  бабамыз өте ірі, кеуделі адам болған екен. Ат үстінде екі тізесі аттың құлағын қағып отыратын көрінеді. Бұл алып адамды тек бөрте қызыл ат ғана көтереді  екен. Жоңғарлармен көрші отырғандықтан, жылқыларына тыныштық болмапты.

     Бір жолы сондай бір қарбалас кезде Суанбайдың жылқысын жоңғарлар айдап кетіпті. Жасы жетпіске таман келіп қалған қарт жол жүруді ауырсынып, өзі бір шатқалда қалып, өзінің басына киіп жүрген ақ қалпағын Хоңтажыға жібереді.Баратын сарбазға былай депті:

    -Хоңтажыға айт: «Мынау – Суан батырдың қалпағы. Өзі келе алмады. Өзі үшін бұл қалпақ келді. Иіскесе тарқар шегі», - дерсің. Хоңтажы еріксіз иіскер. Сонда оның басына бүкіл мынау Алатау құлайды, қара орман күңіренеді. Жетісудың жеті өзені басып-жаншып есін шығарады. Иіскет, қызығын көр. Бұл ескертетінім: Хоңтажыға жеткенше қалпақтан айырылып қалма. Бар,жолың болсын. Әумин!»-дейді.

      Көкірегі әлі басыла қоймаған  сарбаз Хоңтажыға келді. Алдына келіп жүгінді.Суан батырдың айтқан сөзін бұлжытпай айтты. Хоңтажы Суанның қалпағын қолына ұстады. Ары-бері көрді.Көрді де айтты:

       -Бұл өзі  адам   ба, мына қалпақ сұмдық қой. Мынау қалпақ па, жоқ әлде түндік пе?! – деді таңданып. Содан кейін қасиетті қалпақты иіскеді. Иіскеуі мұң екен, көзі шарасынан шықты. Езуінен су ақты. Екі қолы ербеңдей бастады. Өзінің нөкерлерінің атын атады. Үй іші қорқып, Хоңтажыға  су шашты. Есі  кірді. Хоңтажы  есін  жиып:

        -Мына суан жігітінің малын тегіс қайтарыңдар. Көзі барының көзін, көзі жоғының төлеуін үш еселеп беріңдер! – деді. Сарбаз барлық малды айдап, таудың ішінде жатқан Суан батырға келді. Батыр ұйықтап жатыр екен. Оятып бар мән-жайды айтыпты. Бұлар ауылына келсе, бәйбішесінің үйі жоқ. Бәйбішесі Досбағыс, Жанғабыс деген екі ұлын алып, Тәшкеннің түбіне қарай көшіп кеткен. Себебі: «Суан  өлді, енді   бізді   жауларымыз   өлтіреді», - депті. Кіші әйелі: «Суаннан жаным артық емес, Байтүгейден, Тоқарыстаннан жаным артық емес», - деп қалыпты. Ташкенді бетке алып кеткен екі баласы мен әйелін Суан іздемепті.(Шежіреші Иса Дәулетұлының жазбасынан)

      Қазақтың көрнекі ғалымы, әдебиетші, тарихшы, этнограф Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы»-деген кітабын оқып отырып «Суан» деген зерттеу мақаласына көзім түсіп оқып шықтым,оқып шықтым да таңғалып, тамсанып, тебіреніп, аспаннан әкем тіріліп келіп қасымда отырғандай шаттық күйге бөлендім, тер шығып тебіреніп кеттім, көзімнен жас тамып кетті.

                Үлкен тайпа, рулы елдің «Суан»-деген төрт  әріппен әдіптеліп  тұрғанына  таңырқадым.

 

Әдепхан Төреханұлы,

ҚР Мәдениет үздігі,

ҚР Білім беру үздігі,

ҚР Жазушылар

одағының мүшесі,

Алматы облысының «Құрметті азаматы».

 

Күнтізбе

« Сәуір 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

booked.net