Өлеңмен өрілген әсерлі сәт

01.05.2019ж

Жуырда ауданымыздағы білім сапасы жағынан көш басында тұрған киелі білім ордасының бірі – Жаркент орта мектебінде өңіріміздің тума талантты ақыны әрі журналист, ҚР Журналистер одағының мүшесі Құсайын ОСПАНҰЛЫ БЕЙСЕБАЙМЕН кездесу кеші болып өтті.

 

      Ақтаңгер ақынның қатысуымен өткен кездесуге мектеп оқушылары мен мұғалімдер қауымы және  ақынның үзеңгілес әріптестері: «Арқас алауы» әдебиет және өнер бірлестігінің төрағасы Сүлеймен Керімбеков, аудан әкімі аппаратының бас маманы, ақын Еркін Ғапу, аудандық кітапхананың кітапханашысы Кенже Илимахунова, аудандық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің қызметкері Сымбат Мырзағали және ақынның жұбайы Айнаш апамыз қатысты. Іс-шараның өткізілуіне бірден бір себепші болған Құрыққұдық ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ұлбала Алтыбасарова болды .

    Кішішыған ауылының нәрлі  топырағынан шыққан ардақты ақынын құрметтеген мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымы  поэзия әлемінің төріне шыққан ақындар   Жұматай Жақыпбаев пен Әбен Дәуренбековтің көзін көріп, тәлім алған Құсайын Бейсебайға ерекше ыстық ықылас танытты. Өлең-жырлары аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарда жиі басылатын, әрі бірнеше кітаптың авторы саналатын ақын ағамызға арналған кеште мектеп оқушылары оның жүрекжарды жырларын оқып, ән мен жырдан шашу шашты.

       Сырлы сұхбатқа толы болған әсерлі кеште жастар жерлес ақынның өмірі мен шығармашылығымен, адами болмысының  рухани әлемімен жақын таныса алды. Әсерлі кеш соңында кеш қонақтары ақынға деген ізгі тілектерін жеткізіп, кейбірі ақын ағамызға арнайы жазылған арнау өлеңдерін де оқыды. Сондай-ақ ұйымдастырушылар тарапынан ақын ағамыздың иығына  шапан жабылып, сый-сияпат көрсетілді.

       Ал ақын Құсайын Бейсебай өз кезегінде жиналған қауымға ризашылығын білдіріп, барлық қатысушыларға ақ тілегін өлеңмен жеткізді. 

(ӨЗ  ТІЛШІМІЗ).

Күнтізбе

« Қараша 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

booked.net

  • Материалды қарау саны : 685283