«Ауылым - алтын бесігім»

23.05.2019ж

Осы тақырыппен мамыр айының 16-шы жұлдызы күні жылдағы дәстүрге сай өтетін мәдениет күнінің облыстық байқауына ауданымыздағы Нәдек және Сарытөбе ауылдық клубтары қатысты.

 

                Жақсы айдағы  жақсы күнде өткен бұл мерекеде  байқаудың мәні мен мағынасы жайында Алматы облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Ғұмаров Төлеужан әңгімелеп берді.

                Ол сөзінде үш жылдан бері жаңаша форматта өтіп келе жатқан бұл байқаудың әр ауданның өз жерінде өткізілуге тиіс екендігін айтып, бұл мәдени күндер облыс аумағындағы Кеген, Райымбек, Ұйғыр аудандарында өз дәрежесінде өткізілгенін, байқаудың соңғы нүктесі Талдықорған қаласында болатындығын айта келіп, алыс шалғайдағы ауылдардағы қазақ өнері мен қазақ мәдениетінен хабар беретіндігін ерекше атап көрсетті.

                Алғашқы байқау ауданымыздың Нәдек ауылынан бастау алды. Қонақтарды осы Нәдек ауылдық клубының директоры Сахинур Рузиева мен ауыл тұрғындары және жас ұландар қарсы алды. Бұдан соң шараға қатысушылар мен қонақтар қолөнер бұйымдарынан ұйымдастырылған  көрмені тамашалап, Алтыүй ауылындағы №1 балалар мен жас өспірімдер спорт мектебі оқушыларының дайындығын көріп, олардың жетістіктерімен танысты.

                Сондай-ақ Бірлік ауылдық округіне қарасты ұлтаралық тату-тәтті өмір сүріп жатқан ұйғыр халқының салт-дәстүрімен де танысуға уақыт таба білді, атап айтқанда ұйғыр халқының ұлттық тағамдары ішіндегі «санзы» тағамын пісіру әдісін көріп тамашалады.  Қазылар алқасы назарына ұмыт болып бара жатқан «Қазан шегелеу» дәстүрі көрсетілді. Қазақтың ағайын-туысты, көрші-қолаңды ауыз бірлікке, татулыққа шақыратын бұл дәстүрі келген қонақтарға қайта жаңғырту туралы көп ой салды.

                «Қазан шегелеу» көрінісін тамашалап болған қонақтар ұлттық тағамдармен де танысты. Осы сәтте қасиетті рамазан айында жарапазан айтып келген бір топ балаларға  сыбағалар беріліп, құрметті қонақтарға арнайы әзірленген қоржындағы дәм үлестірілді.

                Байқаудың жалғасы клуб ішіндегі ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Ұлт-аспаптар оркестрінің орындауымен Н. Тілендиевтің «Ата толғауы» күйі, «Айзере» әжелер ансамблінің орындауындағы халық әндері, Раушан Смайлованың «Ән салайын», Айдос Чунетов пен Бақыт Оспанбековтің орындауындағы «Керемет қой туған ел» әндері, көркемсөз оқу жағынан Шолпан Мәженованың орындауындағы С. Піскенбаевтың «Қылқаламның атасы» өлеңі оқылып, Бағлан Кудербаева, Жанар Жумалиева, Кұдірет Абайдуллаев, Сахинур Рузиева тағы да басқа ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарламасы тамашаланды.

                Көтеріңкі көңіл-күймен байқау қонақтары бұдан соң Сарытөбе ауылына ат басын тіреді. Қонақтарды ауылдық клуб алдында ақсақалдар, көп балалы, Алтын және Күміс алқа иегерлері, клубтың директоры Баршагүл Мұқаева жетекшілік ететін «Ақпейіл» әжелер тобы, Құнанбаева Әуезхан басқаратын «Мұра» шежіре танымдық қолөнер үйірмесі, Асыл Тұрсынғалиқызы басқаратын «Асыл-Айым» би тобы, ерлер вокалды тобы  қарсы алып, өнерлерін көрсетті. Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай ауған елінен оралған ардагерлеріміздің қатысуымен «Ауғанстан» әніне тамаша көрініс көрсетілді.

                Биылғы   «Жастар» жылына байланысты ауылдың жас өнерпаз  қыздары мен жігіттері  биден шашу шашты. «Әжелер» ансамблінің «Ой, жайлау», Ерасылов Қуаныш ақсақалдың орындауындағы «Айттым сәлем, Қаламқас» әні, Ә.Жапарқұловтың орындауындағы «Ән Аға», Е. Қожақов, М. Абидолдаева, Д. Бутарбаев, А. Исаевтардың орындауындағы дәстүрлі әндерден попурри,  Ә. Хайырбекованың орындауында қазақтың қыл қобызымен Сүгірдің «Кертолғау» күйі күмбірледі, ауыл өнерпаздарының қатысумен өткен бұл мерекеде зал қонақтарға толы болды.

                Облыстан келген қонақтар: Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары, ҚР мәдениет саласының үздігі  Айгүл Ташболатқызы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Алматы облыстық галереясының  директоры Қайрат Каблисанов пен бірге аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Толқын Көшербаева, мәдениет қайраткері, зейнеткер Шәріпхан қажы Тұрғанов лебіздерін білдіріп, екі ауылда өткен бұл байқаулардың өз деңгейінде өткенін айтып, ауыл өнерпаздарына алғыстарын білдірді.            

                Байқау қортындысы алдағы күндері облыс орталығы Талдықорған қаласында шығарылатыны, жүлде иелері сол тұста анықталып, оларға бағалы сыйлықтар мен мақтау грамоталары тағайындалатыны  көпшілікке жария етілді.

Мәулен   Керімбеков.

 

Күнтізбе

« Маусым 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

booked.net