«ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ: ТУҒАН ЖЕР. ӨЛКЕТАНУ. ТАРИХ. МӘДЕНИЕТ»

31.05.2019ж

Жуырда аталған тақырыппен аудандық Мәдениет үйінде ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Конференция басталмай тұрып құрметті қонақтар мен  қатысушыларға мәдениет үйінің кіре беріс залына қойылған көрмелер көрсетілді.

     Атап айтқанда, туған жердің топырағынан шыққан суретші Ә.Қастеев атамыздың ауданымыздағы мұражайында сақталған құнды туындылары мен  өлкеміздің ақын-жазушыларының кітаптары қойылған арнайы кітап көрмесі де келушілерге ерекше әсер қалдырды.

     Туған өлке тарихынан сыр шертіп, мәдениетімізді жаңғыртуға себепші болған бұл конференцияны аудандық әкімдік, Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Қазақстан Жазушылар одағының Алматы облыстық филалы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды.

     Ұлы жібек жолының бойында орналасқан жер жәннаты Жетісу өлкесінің тереңде жатқан тарих беттеріне көз жүгіртіп, оның тылсым табиғатынан сыр шертетін аталмыш конференцияның жоғарғы деңгейде өткізілуі де заңдылық. Өйткені, еліміздің ертеңі саналатын болашақ ұрпақ санасына  туған өлке тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрлерін  сіңіртіп, рухани азық сыйлауға аталмыш конференция себепші болары анық. Конференцияны белгілі жазушы, жерлесіміз Жүсіпбек Қорғасбек ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Темірлан Бектасов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларына сәйкес қазақ даласының, соның ішінде туған жердің тарихы мен мәдениетін насихаттап, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, өлкетану бағытында зерттелмеген, ашылмаған жаңа дүниелерді табуға жол ашуға бағытталған конференцияның маңыздылығына тоқталып өтті.

     Туған өлке тарихын тану - баршаның басты парызы екенін атап өтіп, тарихи жәдігерлерді сақтау, оны келешек ұрпаққа жеткізу жолдарын қарастыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі,-деп сөз бастаған жазушы, тарихшы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері Бексұлтан Нұржекеұлы Түрген кентінің тарихи орын екендігін дәлелдейтін арнайы жазу тақтайшасын қою және ауданға өлкетану мұражайы керек деген ұсынысын жеткізді. Сондай-ақ аудандық Мәдениет үйі әнші Дәнеш Рақышевтың атымен аталса нұр үстіне нұр болар еді деген тілегін де айта кетті.

     Конференцияда тарихшы Қали Ибрайымжанов, ақын әрі тарихшы Молот Солтанаев, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Қалқабаевалар сөз алып, өздерінің құнды зерттеулерімен, тың идеяларымен бөлісті.       Мұнан соң облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, академик Айбын Төреханов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының директоры Ерлан Жүніс, журналист Ғалым Жазылбекұлы, суретші Ақан Оймауытов жарыссөз алаңына шығып ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

Ақмарал  ҚУАНТАЙҚЫЗЫ.

Күнтізбе

« Шілде 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

booked.net