Киелі даланың күләші

22.10.2019ж

Ұлы Жібек жолы – ерте ғасырдан  өркениет пен мәдениетті тоғыстырып, Батыс пен Шығысты жалғаған тарихи даңғыл екені баршаға мәлім. Тоғыз жолдың торабындағы бұл аймақ тамаша табиғатпен кеңінен танымал.  

Киелі қара топырағымен алыстан көз тартатын әдемі тау бөктері, көкірегіңді жаратын жұпар ауасы мен мың бұрала аққан асау өзені бойға қуат, жанға шуақ береді.Жәннәт жердің құты мен берекесі қашанда бал татыған суында, дертке шипа топырағында, ғажайып әсем табиғатында болып қала бермек. Бұл өлке тамылжыған табиғатымен ғана емес, өнер мен мәдениет, өндіріс пен ауылшаруашылығы, ғылым мен саясат саласында ел сенімін ақтаған көшбасшы тұлғаларымен де аты шыққан қасиетті өңір.

Жері сұлу да шипалы, халқы жайсаң да жасампаз ауданның айтылар сыры мен жыры көп. Жақұтты мекеннің замана үні ғасырдан ғасырға жалғасып, алдағы уақытта да дәуір көшінен қалыспай, төрткүл дүниені құйқалы топырағымен, самал ауасымен ынтызарлыққа бөлей беретіні ақиқат.
Қыдыр дарып, құт қонған осынау киелі жерде қазақтың маңдайалды қайраткерлері өмірге келіп, қасиетті өңірдің көсегесін көгертті. Ендеше, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аясында және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын іске асыру барысында киелі топырақта дүниеге келіп, Жаркент өңірінен шыққан, жастайынан кетпен ұстап жүгері егіп, құрметке бөленген, отыз екі жасында Социалистік Еңбек Ері атанған, Алматы облысы мен Панфилов ауданының «Құрметті азаматы» Күләш Айтжанқызының бүгінде 80 жасқа толуының құрметіне «Еңбек ер атандырады» атты кездесу кеші аудандық кітапханада өтті.
Әйел абзал атқаратын ер ісін,
Кестелейтін несібесін, өрісін.
Сүйсінемін көріп білгір әйелді,
Көркі, ісі бірдей тапқан келісім – деп Қалижан Бекхожин жырлағандай, бір ауданның көшін ер азаматқа бергісіз қажырлылықпен алға сүйреп, ауылдың өрісін кеңейтіп отырған Күләш Айтжанқызы сөз алып, өзінің басынан өткен оқиғаларын оқырмандарымен бөлісті. Кешке келген қонақтар да сөз алып, қоңыр күз айында тойланатын ауылшаруашылығы қызметкерлер күнімен қатар Күләш апамыздың мерейтойы үйлесіп келуінде де бір заңдылық барын аңғартатындай, жер қойнауының байлығын көпке ырызғы етіп шашып жүрген Күләштай апаларымыздың даңқы арта берсін,- дей отырып жылы лебіздерін білдірді. Құрманғазы Көркем мен Құрманғазы Назым әжелеріне арнап жыр шумақтарынан шашу шашты. Аудандық Мәдениет үйінің әншілері Бақыт Оспанбеков, Раушан Смайлова, Әсемай Қайырбекова ана туралы әндерін орындап, келген қонақтарымыздың ілтипатына бөленді. Кеш соңында қорытынды сөз аудандық кітапхананың директоры Дария Бекжігітқызы сөз сөйлеп, Социалистік Еңбек Ері Күләш Айтжанқызын 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, сый-сияпатын тарту етті.

Күнтізбе

« Қараша 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

booked.net

  • Материалды қарау саны : 693216