Тегіңді ұрпақ ұмытпа

09.05.2020ж

Керей мен Жәнібек Қазақ хандығын құрғаннан бері қарай, Қазақ елінің бостандығы үшін күрескен қазақ азаматтары қаншама. Одан кейінгі 300 жыл бойы орыс басқыншыларының қол астында болған кезде қаншама көтерілістер болды. Бұл жағы бізге тарихтан белгілі. Хан Кененің, Исатай-Махамбеттің, Торғайдағы Кейкі батырдың, Жетісудағы Албан-Суан көтерілістері.

Жаркент өңіріндегі Әтікей батырмен Нұржекейдің орыс, қытай басқыншыларына қарсы ереуілдері. Кейінгі қызыл империяның тұсындағы бостандық үшін күрескен қазақ зиялылары қаншама. Олар туралы тарихшыларымыз айтып та, жазып та жүр.
Міне, осындай бостандық жолында күрескен әр өңірдің ел басқарған, елін қорғаған азаматтары баршылық. Солардың қатарында біздің Жаркент өңірінен шыққан бабаларымыздың да болғаны ақиқат.
Елбасының «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» атты бағдарламасын басшылыққа ала отырып, бостандық жолында ата-бабаларының не істеп кеткендіктерін кейінгі ұрпаққа біздер жазып қалдырмасақ олардың ұмыт болары анық деген ойға келдім.
Сонымен көне көз қарттардан естіп, білгендерімді жинақтап, қағаз бетіне түсіруді жөн көрдім. Оқып көрген оқырмандардың алып қосарлары, толықтырулары болса, жас ұрпақтарға ата-тектерін біліп өсулеріне үлкен көмек болған болар еді.
1.Әтікей батыр 1869 жылы қазіргі Алматы облысы, Панфилов ауданындағы Сарыбел елді мекенінде дүниеге келген. 20 жасынан бастап жасақ құрып, айналасына өжет те алғыр азаматтарды жинап, Жаркент уезіне қарасты құнарлы жерлерге орналастырылған орыс келімсектеріне қарсы қарулы күрестер ұйымдастырады. Нұржекей, Рысбек, Жанпейіс сияқты сенімді серіктері болады.
Орыс келімсектері шұрайлы жерлерді иемденіп, жер-су аттарын да өзгерте бастайды. Атап айта кететін болсақ Көкталды Голубиновка, Талдыны Лесновка, Алмалыны Смирновка деп атайды.
Орыс келімсектерінің осындай іс-әрекеттеріне төзбеген Әтікей батырмен Нұржекей бастаған көтерілісшілер орыс әскеріне тұтқиылдан шабуыл жасап, тау-тасты паналап күрес жүргізген. 
Бұған қарсы Жаркент оязы Әтікейдің аталас туысы Тәнеке биді, құдасы Шегірек Торғайды шақырып, қысым көрсету арқылы Әтікейді қолға түсіруді тапсырады. 
Ақыры 1902 жылы Қарасай деген жерде орыс әскері Әтікей батырды атып өлтіреді. Нұржекейді тірідей қолға түсіріп, итжеккенге жер аударады. Әтікей батырдың жасақтары мен туыстары Қытай асып кетеді. Әтікей батыр жәйында Әбіләкім (Ғадулхәкім) молда дастан жазады. Өкінішке орай бұл дастанның нұсқасы сақталмаған. Ел аузыында жатқа айтылып жүреді. Мен бала кезімнен ел аузынан жинақтай бастадым. Соның нәтижесінде Кербұлақ ауданындағы Жоламан станциясында тұратын, Жалайыр-Андас Балпық бидің тікелей ұрпағы Нүсіпбекұлы Әпсәмет марқұмның аузынан Әтікей батыр дастанынан есінде сақталғандарын 1969 жылы қағаз бетіне түсіріп алдым. Ол кезде баспа бетіне жариялау мүмкін емес еді.
Қай жылы екені нақты есімде жоқ, 1980 жылдар шамасы ғой деймін марқұм Балғабаев Мәлік "Әтікей батыр жайында жинағандарыңды жазушы Бұқара Тышқанбаев сұрап жатыр сол кісіге апарып берейін, мүмкін баспа бетінен жарық көріп қалар" - деп, алып кетті. Бірақ ешқандай хабар болмай, қол жазбаларымды 2 жылдан кейін әрең қолыма түсірдім. Одан кейін 1982 жылы КазПИ-дің қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Асылжанов Бәзілжан қасында тағы бір адам бар екеуі ел арасындағы айтыс ақындары жайлы мәліметтер жинау мақсатында, Алматыда тұратын Изенаев Шәкен атаның айтуы бойынша мені әдейілеп іздеп келді. Сол сапарында менен Әтікей батыр жайында жиғандарым мен Әбіләкім Игембайұлының қолжазбаларын жазып алып кетіп еді. Бұдан да еш хабар болмай кетті.
Еліміз егемендігін алғаннан кейін "Әтікей батыр" дастанынан жиғандарым 1991 жылы Жаркент қаласында, "Ұлағат" газетінің № 4-5 сандарының беттерінен жарық көрді. 
2014 жылы Әтікей батырдың туған інісі Әтидің шөбересі Нұртілеуұлы Сатан (Сатымбай) мен келініміз Жанаргүл екеуі Әтікей батырдың жатқан жеріне құлпы тас орнатып, ел-жұртқа ас берді. Алла риза болсын! Асқа жиналған жұртқа "Асыл кітап" баспасынан шыққан "Әтікей батыр" -- атты кітапшамды сый етіп тараттым. Әтікей бабамның рухы қолдап, қорғап жүргей. Әумин!
2. Елі мен жерінің бостандығы үшін күрескен адамның бірі Мұқа болыс. Ол 1918 жылдары Алашорда ұйымына мүше болып, Алашордашыларды Алтынемел асуында 90 өгіз сойып, ат-көлік, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, құрметпен қарсы алады. Бұл туралы марқұм Армиял Тасымбеков архив мұрағаттарынан деректер тауып жазып кеткен.
1880 жылдары Суан елі өсіп, екі болыс ел болады. Мұқа 1889 жылы 16 жасында Байтүгейге болыс болады. Тоғарыстан жағына Стамшал болыс болады.
1920 жылы Алашорда автономиясы құлағаннан кейін Мұқа болыс қуғынға ұшырайды да, Қытайға өтіп кетіп, Сүлеймен ақалақшыға барып паналайды.
3.Сүлеймен (1872-1933) Мұқа болыспен екі арадағы келіспеушіліктер нәтижесінде 1890 жылдар шамасында, қытайға өтіп кетіп, Кеген өзенінің жағасына егін егіп, мал өсіріп өмір сүреді. 
1916 жылы Орыс патшасының жарлығы бойынша майданның қара жұмысына 19 бен 30 жас аралығындағы жастарды алуына қарсылық көрсетіп, орыс әскерімен қақтығысқан ел, оларға төтеп бере алмаған соң, қытайға қашып өтеді. Сүлеймен қашып барған елдің басын біріктіріп ақалақшы (болыс) болады. 
1918 жылы Совет одағының коллективтендіру науқаны басталған кезде байлар біртіндеп қытайға өте бастады. Әсіресе, 1925-1933 жылдары Қазақ өлкесіне бірінші хатшы болып келген Голощекиннің "Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын"- деген солақай саясаты 1930 жылғы ашаршылыққа әкеліп ұрындырды. 1,6 миллион қазақ қырылды, көп бөлігі қытайға, Ресейге, Түркіменстанға, Өзбекстанға, Қырғызстанға, Иранға тағы басқа өңірлерге босып кетті. Осы кезде қытайға қашқан қазақтарды Қорғас өзенінен аман өтулеріне көмектесу үшін, Сүлеймен ақалақшы Қытай өкіметімен келісе отырып, "Қорғаушы" жасағын құрады. Қолдарында «Қорғаушы топ» --деген қағазы болады.
Осы кезде халық жағдайына, тілегіне қарай екінші өте құпия топ құрылады. Ол топта екі араның жолын жақсы білетін, әр рудан шыққан атақты батырлары: Қыстаубай, Кененбай, Мұқай, Жанпейіс, Шоңқыбайлар тағы басқалар болады. Олардың да міндеті, орыс жерінде қалған туыстарды аман-есен алып өту. Міне, осындай елін сүйген азаматтар, елдің аман қалуына үлкен еңбек сіңірді. Марқұмдардың жандары жәннатта болғай! 
1930 жылдары Қызыл империядан қуғын көрген қазақтар Қытайға көптеп өтеді. Сол жерде Мұқа, Суандар мен Шерулерге 1933 жылға дейін болыс болады. (Шеру - Найманның бір бұтағы Қызайдан тарайтын ұрпағы). 1932 жылы қытайдың Жүн хуа өкіметі құлап, оның орнына Шың-дубан өкіметі орнайды. Осы кезде Совет өкіметімен Қытай мемлекеті арасында достық қарым-қатынас орнап, Совет өкіметіне қарсы күрескен адамдарды Әбіләкім молданы, Сүлеймен ақалақшыны, Мұқа болысты ұстатып, Үрімжі қаласының абақтысына қаматады. Сұлеймен тұрмеде 1933 жылы қайтыс болып, сүйегін туыстары Кегенге алып келіп жерлейді. Ал Әбіләкім мен Мұқа болыс белгісіз жағдайда қайтыс болады. Кейбір деректер бойынша екеуінде Совет өкіметіне қайтарып беріп, сонда жазаланған дейді.
• 4.Әбіләкім Игенбайұлы Бұхара шарифтен білім алған әрі молда, әрі ақын тылсым күш иесі болашақты болжай білетін адам болған. Артына өлеңмен көп мұра қалдырған. Әтікей, Нұржекей батыр жайында дастан жазған. Совет өкіметіне алғаш қарсы шыққан адамдардың бірі. Бұл кісі туралы Жетісу теле арнасы арқылы «Тарих парақтары, қоңыр дәптер сыр шертеді» деген тақырыппен қойылымға түсіп, толық әңгімелегенмін.
Қытай елінде 2001 жылы Таңжарық Жолдыұлының екі томдық өлеңдер жинағы Үрімжі қаласында басылып шығыпты. Құрастырушы Оразанбай Егеубаев деген адам екен. Сол кітаптан мынандай үзінді қолыма түсті.
Таңжарық Жолдыұлы Мұқа болыспен Үрімжі қаласында түрмеде бірге болыпты. 1945 жылдың жазында сол түрмеде Мұқа қайтыс болады дейді. Сонда Таңжарық Мұқа болыстың басын сүйеп отырып, мынадай өлеңмен:
"Бар Мұқа иманды бол 
арыстаным,
Келмеске көзімізден алыстадың,
Қызығын екі дүниенің бірдей көріп,
Шықпады естіместей дыбыстарың.
Бар Мұқа иманды бол 
қасқырым-ай,
Бір кезде жүруші едің 
асқынып-ай.
Отырған Көкдалада Шеру – Суан,
Келді екен не зобалаң 
бастығың-ай.
Паналап іштеріңе қашқын
келсе,
Пана боп, басушы едің 
аптығын-ай.
Басыңа мұндай ауыр жүк түскенде,
Солардан бір араша 
болмады ма-ай.
Бұларға енді бүгін кім өкінер,
Қу нәпсі ақыр келіп 
жалмадыма-ай"-деп қоштасыпты.
Қалай болса да елім деп еңіреген есіл ерлер жұмбақ жағдайда мерт болады. Сол кездері абақтыға қамалған Әбіләкім молданың да, Мұқа болыстың да сүйектерін еліне қайтармады.
5. Суанда 115 жасқа келіп дүниеден озған Сатай Әділбек бай деген әрі бай, әрі шежіреші абыз қария болған. Бұл қарияның 9 ұлы болды. Қызыл империяның тұсында 1930 жылдары қолдарына қару алып, совет өкіметінің шекарашылары мен қытай өкіметі шеріктерімен қақтығыса жүріп, жандарын шүберекке түйіп, от пен оқтың арасында елін қиындықтан, ашаршылықтан құтқару мақсатында елді қытайға алып өтіп, банды атанған адамдар еді. Ол жерге көшіп барған елге Сүлеймен болыс пен Мұқа болыс ие болып, жағдайларын жасап отырған. Қазіргі кездегі көзқараспен ойлап қарасақ бұлар банды емес, елін қиындықтан құтқарушы нағыз ерлер екен ғой. Міне, бұлардың осындай іс-әрекеттері жас ұрпаққа елін сүйіп құрметтеуге, Отанын қорғап патриот болып өсулеріне ықпалын тигізеді деп білемін.
Мен Иманбекұлы Сламжан, Әжібекұлы Әбдірақым, Еламанұлы Тоқбай, Балабекұлы Батырғали, Дүйсебаев Рақымжан, Нүсіпбекұлы Жарқымбек, Сәдуақасұлы Данияр, Ноғаев Тұрған, Әміреұлы Сатан, Жапарқұлұлы Тұрғанғазы тағы сондай-сондай көнекөз қариялардан, естіген адамдарым жайында ғана жаздым. Жоғарыда аттары айтылған адамдар сияқты Жаркент өңіріндегі әр руда мұндай адамдар жеткілікті. Олар туралы мен толық мәлімет білмейтін болғандықтан, оларды қамти алмадым, сөге қоймассыңдар.
Осы алған мәліметтерімді жас ұрпақтар ата-тегінде қандай тұлғалардың болғандығын біле жүрсін деген ниетпен газет бетіне жариялауды жөн көрдім.
Құрметті Суан азаматтары сіздер де өз естігендеріңіз жайлы, ел құрметіне бөленген адамдар туралы жазып, атсалысыңыздар. Менің жазғандарымның жаңсақ айтылған жерлері болса, алдын-ала кешірім сұраймын. Нақты деректерге сүйеніп, түзетсеңіздер алғысымды білдіремін.
Ғабдулла Байнөсеров,
зейнеткер-ұстаз.
Талдықорған қаласы.

Күнтізбе

« Желтоқсан 2020 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

booked.net

  • Материалды қарау саны : 1501814