«Рухани жаңғыру» керек пе?

17.07.2020ж

Ұлттық құндылық – ұлт болмысы. Ұлттық құндылық - әр ұлттың тек өзіне тән мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, өнері, әдеби мұрасы, ұлттық ойындары, ұлттық идеологиясы. Біз ұлт болып әлем аренасында сақталып қалуымыз үшін өзіміздің мәдениетімізді, тілімізді, рухани құндылықтарымызды сақтай білуіміз керек.

Осы орайды Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын тілге тиек етпесек болмас. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы - қазіргі таңда Қазақстанға, қазақ еліне өте тиімді, керек бағдарлама. Себебі, қазіргі қоғамда нағыз қазаққа тән қасиеттер азайып барады. Соның бірі – ер жігіттердің шаш бояп, сырға тағуы, қаракөз қыздарымыздың етегін ашып, ұяттан безуі. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Бірақ қынабынан қылышын суырып, елім деп еңіреген ұлдардың ұрпақтары мұндай болуы қазақы болмысымызға сын болары анық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ұлттық сана, ұлттық код, ұлттық бірегейлікті сақтау, прагматизм бөлімдері дәл осы болашақта ұлтымыздың майдаланып кету қаупін шешуге, ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалуға арналған.

                Дана халқымыз «Ел болашағы – жастардың қолында» деп бекер айтпаған. Біз тәуелсіз елдің өскелең ұрпақтары ұлттық құндылығымызды сақтап қалу үшін не істей аламыз? Қазақ тілін бірінші орынға қойып, ұлттық құндылығымызды дәріптеп, бойымызға сіңіріп, болашақ ұрпаққа жеткізу арқылы сақтап қала аламыз.

                Жоғарыда аталған бағдарлама аясында біраз жоба іске асырылды. Барлығына тоқталмай-ақ мынадай мысал келтіруге болады. «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» - деп латын әліпбиіне көшудің қажеттілігін атап өтті. Біздің қазіргі кирилл әліпбиіндегі қазақ тіліміз – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, сонымен қатар Ресей, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия және т.б. елдерде тұратын қазақтардың ана тілі. Қазақ тілі түркі тілдерінің қыпшақ тобына, соның ішінде қарақалпақ, ноғай, қарашай тілдерімен бірге қыпшақ-ноғай тармағына жатады. Сонымен қатар қырғыз, татар, башқұрт, қарашай-балқар, қырым, құмық тілдеріне жақын. Қазақ  жазуы бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Жазу тарихында қазақ тілінің әліпби жүйесі бірнеше тарихи кезеңдерді басынан өткізіп, ұлттық әліпби деңгейіне жеткен.

                Куә болғанымыздай, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында алға қойылған мақсаттар мен міндеттер негізінде қолға алынған ауқымды іс-шаралар легі талай белестерді еңсеріп, жұмыс нәтижесі қазірдің өзінде ұлт игілігіне бағытталған елеулі еңбегін бастап кетіпті. Ауқымды жобалар алдағы уақытта да жаһандық сипаты мен маңызын жоймай, жалғасын тауып, ұлттық сананың сілкінуіне үздіксіз, һәм толассыз қызмет ете беретіні сөзсіз.

                Халық саны аз мемлекеттерді ұлттық құндылықтарынан айыру арқылы жер бетінен жойып  жіберу         саясаты жүріп жатқан қатігез заманда, ата-бабамыздың аманатына айналған ұлттық құндылығымызды, ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалу – бізге артылған міндет. «Өткеннің өнегесі – бүгінгінің баға жетпес байлығы» екендігін естен шығармай, мәдениетімізді терең зерделеу арқылы «Мәңгілік ел» болатынымыз хақ. Ал енді, ой түйейік. «Рухани жаңғыру» керек пе? 

Жайна Сүйімбай,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

журналистика факультетінің

2 курс студенті.

 

Күнтізбе

« Тамыз 2020 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

booked.net

  • Материалды қарау саны : 1237690