Таңбалы таста тарих бар

Қоғамдық сананың бір формасы болып табылатын өнер екендігі белгілі. Адамдар табиғатты тануға ұмтылыстарында алуан түрлі туындылар жасап көптеген ізденіс барысында  ой  түсінігін жазып қалдыратын алғашқы табиғаттың сыйы қара тасты тапты. Ағашқа, топыраққа тағы басқа заттарға түскен  із қалмайды. Тасқа түсірілген кез-келген сызық, ойық, жазылым кетпейді. Міне сондықтан да алғашқы қалам да тас, қағазы да тас болғаны шындық. Батыс Еуропа елдеріндегі (Испания, Франция) мамонттың сүйегіне түсірілген ұсақ тастардан жасалған бейнелер, үңгір қабырғасындағы күйеге  сурет сызып қалдыру өнері де болған.

 

      Қазақстан  аумағында да көптеген адамдарды таң-тамаша қалдыратын тас бетіне қашап қалдырылған Тамғалы шатқалындағы, Көксу өзенінің бойындағы Ешкіөлмес тауларындағы т.б. жерлердегі қола дәуірінің ескерткіштері ескі замандардан сыр білдіреді. Алмалы ауылының солтүстік батысында Бестөбе деп аталатын батыстан шығысқа қарай биіктей беретін қазақтың түйелі көшіндей іркес-тіркес   жатқан қыраттардың ішіндегі биіктеуі  бесеу. Сондықтан ел-жұрт Бестөбе атап кеткен.

                 Бестөбенің бауыры еңістей созыла жусанды бозбен астарласып барып  құмдауыт жазық пен Іле өзеніне барып бірақ тіреледі. Алматы-Қорғас –Құлжа тас жолы шұратты  жазықты қақ бөліп қайыстай созылып жатыр.

                Кеңсай беткейі тобылғы, ұшқат, итмұрын, сарыағаш  гүлінен шыққан жұпар иіске көміліп тұр. Дем тартсан тынысын кеңейіп көкірегін сергіп сала береді. Рахат бір күйге бөленесің.

Бірінші мен екінші Бестөбенің беткейлеріндегі қарақожыр  тастарға салынған суреттер қола дәуірі кезеңінің өнеріне жатады. Қарақойлы сайының батысындағы Сарықора аталатын қыстаудың шығысындағы беткейдегі  тастарға салынған суреттер саны біршама.

Ежелгі адамдар да осы маңда аң аулап, құс ұстап, сай-саладан сылдырлап ағып шығып жатқан мөлдір бастаулардан қанып ішіп, тіршілік еткендігі көз алдыңа елестейді.

                Адамдар күнделікті күн көріс қамымен жүрсе де, өздерінің іс-қимылын тас бетіне түсіріп осы әрекеттерінен кейінгілерге хабар тастауға талпыныс жасағаны көрінеді. Мұндағы тастағы суреттердің ерекшелігі сол, әртүрлі жануарлар көлемі бір метрден аспайтұғын қара тастарға түсірілгендігі. Мұнда зәулім жартастар, көлемді қойтастар  мүлдем жоқ. Құдды ежелгі Египеттегі саз текшелерге жазылған таңбалар сияқты. Соған  қарағанда адамдар өздері мекендеген қоныстардың я болмаса, яки ықтасынды сай ішіндегі салынған қыстау маңындағы тастарға таңбалар салған. Бұларға  «Аң » мәнерінде таңбаланған  бейнелердің көбінесе тауешкілер мен арқарлардың сұлбалары  түсірілген. Бірінде, адамның алғашқы досы саналатын ит пен аң аулау сәті бейнеленсе, енді бір тастағы ойып салынған суретте барыс секілді жыртқыштың арқарларды аулау сәті салынған. Aлмалы аймағындағы тау шоқыларының бауырындағы Ашақора, Қызылауыз секілді белестердің беткейіндегі қыраттарда мұндай тастарға салынған әр түрлі көп бейнелі ежелгі заман естеліктері мол.

                Дүбірлі қазақ даласына шығыстан жылжи келіп мекендеген, әрісін айтпағанда берісі сақтар мен ғұндардың ұрпақтары деп жүрген б.з. VI ғасырында тебінгісі терден шіріген жауынгер көк түріктердің арасын жалғап тұрған алтын баулы үйсіңдердің тарихынын зерттелуінің көмескіленіп тұрғандығы көңілге  кірбің түсіреді.    Қалай  болғанда да сақ, үйсін дәуіріне жататын петроглифтердің көптеп ұшырасуы біздің бабаларымыздың осы Жаркент аймағында кең таралып қоныс тепкендігін көрсетудің айқын  айғағы.

                                  М. Солтанаев,                                                    

 Алмалы  ауылы.

 

Күнтізбе

« Желтоқсан 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 731047