Алғыс айту тектіліктің белгісі

Бүгінгі күні тәуелсіз еліміз халқының құрамы жағынан көп этносты ел болып отыр. Оған ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдағы қоғамдық – саяси ахуалдарға байланысты ел басынан өткен тарихи оқиғалар негіз болды. Солардың ішінде қызыл кеңес үкіметі өзінің шектен тыс үстемдігімен жүргізген  депортациялау  саясаты, яғни тұрғылықты халықты атамекенінен түрлі саяси негіздегі сылтаулармен күштеп, еріксіз қоныс аударту жұмысы ерекше орын алады. 

       Атап айтқанда,  қолда бар деректерге сүйенсек, 1928  – 36 жылдар аралығында Ресей, Украина және Беларусь елдерінен 360 мың адам Қазақстанға қоныс аударған екен. ССРО Халық Комиссарлары  Кеңесі мен ВКП Орталық Комитетінің «Қиыр Шығыс өлкесінің шекаралы аймақтарынан тұрғылықты халықты шығару туралы» қаулысына сәйкес, 1937 жылдың тамызы мен 1938 жылдың қазан айында  Қазақстанға 230530  ұлты кәріс отбасылары қоныс аударған.  Ал, Ұлы Отан соғысы жылдарында  біздің елімізге 60667 поляк, 441713 неміс, 2268 қарашай, 89901 шешен мен ингуш, 4660 балкар отбасы (21150 адам), 4500 қырым татарлары мен 27833 түрік (6300 отбасы) еріксіз әкелінді. Жалпы 1937 – 1944 жылдар  аралығында елімізге  1 млн 740 мың адам қоны аударған.   Сол жылдары Қазақстандағы жалпы халықтың саны 5 млн. 126 мың 676 адам болыпты.

       Өздері  кір жуып, кіндік кескен атамекендерінен солақай саясаттың кесірінен еріксіз қоныс аударған этностарды кеңпейіл қазақ халқы сол қасіретті кезеңдерде мал мүлкінен айырылып, аштықты басынан өткере отырып,  оларды құшақ жая қарсы алды.  Қызыл вагон ішінде қыстың қақаған аязында апталап жүріп, арып - ашып келгендерге ақ дастарханын жайып, асын ауыздарына тосты. Ауызғы үйде өзі жатып,  төрін  ұсынды. Оны   Алматы облысының Қаратал ауданы аумағында түсірілген «Жерұйық» фильмінен айқын көз жеткізуге болады. Тірі қалғандары «еңбек армиясына» жегілді. Оларға  жаңа қоныстанған жерлерден кетуге, тиым салынды. Тәртіп бұзғандарды 20 жылға абақтыға тоғытты.

          Қоныс аударушылар өздеріне еріксіз жүктелген жауапкершілікті моральдық, материалдық  езгіде, ауыр жұмыстың салмағын көтере жүріп, мінсіз атқарды. Оларға  жергілікті  қазақ халқы  үлкен қолдау көрсетіп,  жанашырлық танытты. 

         Сонау 1958 жылдары біз бес жастан асып, алты жасқа аяқ басқан бала едік. Біздің  Үшаралда    Зеңге, Арби, Қамзат, Баду деген шешендер тұрды. Ұлты күрт Қалым ақсақалдың отбасы, медбике Юля  тәтей, украин Степан мен Щура апай естен кетпейді. Щура апай қазақша сөйлегенде сөзуар адамдардың өзін жер қаптыратын еді - ау! Ауылдың үлкендері Қалым ақсақалдың Мурад деген баласын көргенде:

      - Шешесі   ауыр халде жатқанда осы Мурадты  Дәуапамыз  бауырына салып,  өзінің кенжесімен емшектес еткен еді, - деп, отыратын. Балалық шақтың аспаны аясында ойынның туын тігіп жүрген біздер айтылған сөздің  төркінін қайдан түсінейік!

        Елуінші жылдардың екінші жартысынан кейін қоныс аударылғандардың  атамекеніне оралуына ішінара рұқсат етілді. Осыдан кейін кейбір этнос өкілдері тарихи отандарына қайта оралды. Көпшілігі қазақ жерінде қалып қойды.  Солардың бірі – Құтласов Ахмет еді.   «Ат» десе  ішкен асын жерге қоятын азамат колхоздың  жылқысын бақты.  Жұбайы  Жасагүл екеуі Тұрсын, Гүлсім атты балаларын тәрбиелеп өсірді. Сол Тұрсын аудандық оқушылар олимпиадасында Жаяу Мұсаның «Ақ сисасын» шырқағанда тыңдарменның құлақ құрышын қандырар еді – ау! 

       Депортацияның жаппай белең  алуы 1937 жылы басталды десек, биыл оған тура 80 жыл толып отыр. Бұл – ұлан асыр той  жасап,  ат шаптырып атап өтерлік мереке емес.  Күрделі заманда иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет көрсетіп, игі тілек білдіретін күні. Бірегейлік пен қоғамдық келісімді сақтай отырып, Елбасының  болашаққа деген бағдарламалық басымдықтарына қолдау көрсету күні.  Тәуелсіз еліміздің  көп этносты халқы үшін  біле жүретін, көңілге түйе жүретін тарихи оқиға екені даусыз.

          Ел тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде өзге этнос өкілдері қазақ халқымен бірге әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу жөніндегі бастамаларға қолдау білдіріп,  әлеуметтік – экономикалық, мәдениет пен өнер саласында табысты еңбек етуде. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізді мекендеген барлық халықтың бейбіт өмір сүріп, бірлігі мен ынтымағын қалыптастыру мақсатында  әлемнің саясат сахнасында өзге елдерге үлгі боларлық сенімді әрі серпінді  шараларды іс жүзіне асырды.

     2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті  - Елбасы  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні - 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл еліміздегі барлық этностардың арасындағы достық пен татулықты нығайта отырып, «Мәңгілік ел: бір ел – бір тағдыр» идеясының жүзеге асырылуына ықпал етті. 

        2016 жылғы 1 наурыз күні  алғаш рет аталып өтілген «Алғыс айту күнінде» Алматы облысының Қаратал ауданындағы Бастөбе ауылында  кәріс азаматтарының бастамасымен  «Қазақ халқына мың алғыс» мемориалдық  ескерткішін орнатып, оның ашылу салтанатын ұйымдастырды. Жиында бас қосқан көнекөз қарттар депортацияның ауыр  зардаптарын  еске ала отырып, сол бір зұлмат кезеңдегі қазақ халқының қамқорлығын ерекше ықыласпен тілге тиек ете отырып,  егер олай болмаған жағдайда өздерінің бүгінгі күнді көру, көрмеуі екіталай екендігін баса айтты. Сол үшін қазақ халқына әрдайым құрмет көрсететіндігін жеткізді. «Алғыс ту күні» үстіміздегі жылы 1 наурызда екінші мәрте аталып өтілді.

             Енді жеті айдан кейін «Алғыс  алу күні» елімізде үшінші рет     өткізілмек. Кез – келген халықта  өзгенің жасаған жақсылығына, немесе қайырымдылығына   алғыс айтып, ризашылық білдіру қасиеттері бар. Ол – тәрбиеліктің,  өркениеттің үлгісі,   ата – бабасынан қалған ұлық дәстүр мен тектіліктің белгісі.   

       Осыған орай, Қазақстанда тұратын  және саны үш жүз мыңнан асатын  этностардың қазақ  халқымен бірлігі мен ынтымағын одан әрі нығайту мақсатында олар көп тұратын аймақтарда «Бірлік», «Ынтымақ», «Мейірім», «Ілтипат», «Шапағат»  немесе уақыт  талабына сай келетін басқа да атаулармен ескерткіш монументтерін орнатуды қолға алудың қажеттігі туды. Ал, «Алғыс айту күніне» арналған ерекше жобамен  жасалған монумент   Астана қаласындағы  Қазақстан халқы Ассамблеясы орналасқан ғимараттың алдына орнатылғаны дұрыс болар еді.

                                                                                         

                 Ғалым ,

Жазылбеков,

                    Қазақстан Журналистері 

                            Одағының мүшесі.  

Күнтізбе

« Сәуір 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

booked.net