Жаңа кітап жарық көрді

Алматы облысының «Құрметті  азаматы», жазушы, ақын-сазгер Базархан Жақыбаевтың «Мирас» баспасынан «Жесірдің күні» аты жаңа тарихи-этнографиялық роман кітабы жарық көрді. Базархан Жақыбаев бұған дейін де «Сырлы сезім» атты өлеңдер жинағының, «Жаркентте жеті өзен-жеті Арасан» және «Тұлпардың тағдыры», «Қош бол, махаббат» атты прозалық кітаптардың авторы. Әндері «Жетісу әуендері» энциклопедиялық әндер топтамасына Кенен, Дәнеш әндерімен бірге енген. Жаркент өңірінің таңдамалы жырлары топтастырылған «Жыр  өңірі-Жаркент» атты кітапқа көптеген туындылары кірген. Кеңестік сауда саласының үздігі, Алматы облысының , Панфилов ауданының «Құрметті азаматы», Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының  үздігі, халықаралық Жазушылар  Одағының  мүшесі.

 

                Таралымы 1000 данамен шыққан «Жесірдің күні» атты бұл романға  XX  ғасырдағы Жаркент  өңірінде орын алған тарихи оқиғалар, алмағайып заман жайлы туындылары өзек болған. Халық зұлмат жылдары жан сауғалап, шекара асып кетсе де, жат жерде өзінің қазақтың  болмысын сақтап, ар-намысына қылау түсірмейді. 1955-1962 жылдары елге қайта оралғанда ұлтымыздың ежелгі салт-дәстүрлерін қаймағы бұзылмаған күйде жеткізеді. Ғасырлардан-ғасырларға жалғасып келе жатқан қазақ әйелдерінің ерлігі, биік парасат-пайымы   роман  кейіпкері  Мәрияның  басынан өткен қилы тағдыры арқылы өріліп отырады.

                Кешегі көшпенді қазақ заманынан басталып, Кеңес өкіметінің  орнауы, әрі сол қызыл империяның  қысымына ұшыраған халықтың торғайдай тозып, шетелге қашу зобалаңы сөз болады. Шекара асып қашпақ болған елдің қызыл әскер тарапынан қойдай қырылып, шекараларда ақсүйек болып шашылып қалу оқиғасы өмір шындығы бойынша жан түршіктіреді. 

                Жазушы  оқиғаны  кеңес  өкіметі  әбден  орныққан кезден бастайды. Романның бас кейіпкері Мәрия ананың баласы Бекенге небір сұрқыл замандар өткені жайлы айтқан әңгімесі ұлының бір құлағынан кіріп, бір құлағынан шығатын. Біріншіден, өз басынан өтпеген, көзі көрмеген. Екіншіден, өзі көз ашқаны осы кеңестің жер бетіндегі биік даңқының тәрбиесінде өскен. Бірақ қайран анасының өмір кешулерінің қаншалық азапты болғанын кейін білгенде, Бекен у жұтқандай болады. Өйткені, сөздерін шала тыңдаған анасының өмірден  әлдеқашан өтіп кеткендігін «Қолда барда алтынның қадірі жоқ, қолдан шығып кеткен  соң  қапалымын» дегеннің  өзі болады.

                «Жесірдің күні» тарихи-этнографиялық романы мәңгілік еліміздің тарихын түгендеу жолындағы рухани жаңғыру  идеясы аясында жарық көріп отыр.

Б.Бейсенқызы.

Күнтізбе

« Сәуір 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

booked.net