Жыр тамшылары

Көктемнің  шуақты күндерінің бірінде Қоңырөлең ауылдық округінің орталығы Қоңырөлең ауылында өте әсерлі де, мағыналы қос кездесу болып өтті.  Оның бірі – Болгарияда самбодан өткен Әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан Ақжол Мырзағалиұлымен кездесу болса, екіншісі – Жетісудың қос ақын қыздары Гүлбақыт Қасен мен Сағыныш Намазшамованың «Рухани жыр тамшылары» атты кеші. «Құтты қонақ келсе – қой егіз табады», «Бітер істің басына – жақсы келер қасына» деген аталы сөздерде айтылғандай, Қоңырөлең ауылдық округі әкімі аппараты мен округтегі аналар кеңесі мүшелерінің ұйымдастыруымен өткізілмекші ақын қыздарымыздың жыр кеші, қазақтың бүгінгі батыр ұлдарының бірі, осы өңірдің тумасы Ақжолдың да жерлестерімен кездесуге тұспа-тұс келуін ауылдастары үлкен жақсылыққа балады.

 

    Осынау салтанатты шара, қос қарлығаш қыздары мен батыр ұлдарын ауылымыздың ақ жаулықты аналары шашу шашып қарсы алып, құрметті ақсақалымыз Дауысқожа қарияның ақ батасымен басталды. Іле  іс-шараның шымылдығы Қожбанбет орта мектебі оқушыларының ақын әпкелеріне арнаған жүрекжарды өлеңдерімен жалғасты. Сөз алған Панфилов аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Шоқпаров: Өңірімізде қос қуаныш тойлануда. Ақжол балаларыңыз Әлем чемпионы атанса, Жетісудың ақын қыздары Гүлбақыт Қасен және Сағыныш Намазшамова  қазақы нәр жатқан өлеңдерімен келді. Бұл жас ұрпаққа берері мол рухани қазына. Ақыны мен батырын аялаған ел әрқашан биіктерден көрінеді», – деп ақ тілегін білдірді.

   Қоңырөлең ауылдық округінің әкімі Ерлан Далабаев: Бүгінгі батырларымыздың ұрпағы Ақжол ұлымыз бен қос ақын қызымыздың келген қадамына нұр жаусын!» – деді.

                Рухани шара барысында Гүлбақыт Қасен: «Менің туған жерім Жаркент өңірі. Адам баласын кіндік қаны тамған жер тартып тұрады екен. Осы орайда туып-өскен жеріме, ата-бабамның туған өлкесі, шұрайлы да киелі Қоңырөлең ауылындағы ата-әжелеріміздің батасын алайын деп, поэзия атты жыр керуенімен өнердегі құрбым, Жетісудың маңдай алды ақындарының бірі – Фариза апамыздан бата алған Сағыныш қыздарыңызбен келдім. Біздің осы дәрежеге көтерілгеніміз сіздердің ақ баталарыңыздың арқасы және де қаламымды ұштауға үлгі еткен, өлең жолындағы әпкеміз Бағдат Аймұқаевадай апайларымызға үлкен алғысымыз шексіз, бүгінгі кездесу кешіне де ол кісімен бірге келеміз деген едік, жұмыс бабымен келе алмай қалды» – дей келе округіміздегі бірнеше ақжаулықты аналар мен ақсақалды аталарға,  «Рухани жаңғыруға» үлес қосып жатқан азаматтарға облыстық әкімдіктің атынан Алғыс хаттарын және аналарға кіршіксіз ақ орамал жауып, кітаптар  сыйға тартты.

                «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Гүлбақыт Қасен әдеби рухани жобасымен таныстырды. Бес кезеңнен тұратын жобада оқушылар ауыз әдебиетін, жыраулар поэзиясын және Жаркент өңірінен шыққан қаламгерлердің шығармаларын жатқа оқуы тиіс. Оқушылардың өздері жазған әңгіме-эссе, өлеңдері де қабылданады. Жеңімпаз атанған 20 оқушыға 5 мың теңгеден стипендия тағайындап, оқу жылының соңында қорытындыланатын болды. Жүректерге  сыршыл өлеңдерін дарыта білген ақын қыздарымыздың арманы – болашақ жастардың бойына төл тарихымызды сіңіру, дарынды балалардың шығармашылық өрлеуіне үлес қосу, кәсіби деңгейде өсуіне қолдау көрсету.  Бұл бастаманы жиынға қатысушылар қолдап, алғысын жаудырды.

                Кеш барысында ақын қыздарымыздың, сонымен қатар, жерлес ақын қызымыз, аудандық «Жаркент өңірі» газетінің редакторы Бағдат Айтмұқаеваның өлең шумақтарын «Қызғалдақ» балабақшасының тәрбиеленушісі Ерсайын Мұрат,  Қожбанбет би атындағы, Соцжол, Ынталы ауылының Аманбайұлы атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Төлеу Гүлнардың ақын әпкелеріне арнаған арнауы және де Қожбанбет би атындағы орта мектептің 7 сынып оқушысы Рахым Гүлсінайдың өз шығармасы «Тәуелсіздік тұғырым» атты жыршуамақтары жиналғандарды тәнті етті.

                Жас жеткіншектерге ақындарымыз ризашылықтарын білдіріп, болашақ ұрпақ өлең-жыр жаттап өссін деген ниетпен кітаптарын естелікке тарту етті. Жыр кешіне арнайы келген  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Исламғали Үркімбайұлы, журналист, аудандық білім бөлімінің бас маманы Роза Ыстай және тарихшы, жыр сүйер Ибраимжанов Қали, Қатира Сайлаубайқызы жүрекжарды жылы лебіздерін білдіріп, өлең жолдарын оқыды. 

                Тағылымды шара соңында қос ақынның иығына зерлі камзол мен орамал жабылды.

                    Ғалия    Бегдайырқызы,

Қоңырөлең ауылдық округі

әкімінің  орынбасары.

 

Күнтізбе

« Шілде 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net