Абыз ақсақалға құрмет көрсетілді

Ақпанның 16-шы жұлдызы күні  аудандық Мәдениет үйінде қоғам қайраткері, Панфилов, Ақсу, Кербұлақ  аудандарының «Құрметті азаматы», «Октябрь революциясы» Еңбек Қызыл Ту және құрмет белгісі ордендері мен көптеген  медалдарының  иегері Ғалым Тұрғанбаевтың 80 жасқа толған  мерейтойына арналған  салтанатты жиын өтті.  Сәнді  безендірілген   сахна төріне  зайыбымен  бірге көтерілген  мерейтой иесіне  арналған баяндаманы үзеңгілес інісі «Казсушар» мемлекеттік мекемесінің  басшысы Тоқтарбай Керімқұлов жасады. Сексеннің сеңгіріне шығып отырған  абыз ақсақалдың ғибратқа толы  ғұмырнамасы мен елеулі еңбек жолы туралы бұл баяндама көпшліктің ықыласына бөленді.

 

   Бұдан соң сахна төрін сәнге бөлеген қаламыздағы  Ш. Уәлиханов атындағы орта мектеп бүлдіршіндерінің мерейтой иесіне  деген құрметтері өрнекті өлең жолдарымен әспеттелді.Мерейтой иесіне деген ақжарма тілектерін айтқан Соцалистік Еңбек Ері Күләш Айтжанова, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Нұриахмет Рахымбаев пен Сағымбек Үшпаев, Жамбыл атындағы орта мектептің директоры Ризайдин Айсаев, еңбек ардагері, аудандық Қоғамдық Кеңестің мүшесі Галина Молчановалардың жүрекжарды лебіздері – абыз ақсақалға деген  алғыстай сезілді.

                 Бұдан соң сахна төрін әсем ән мен бедерлі би әлдиледі. Көркем Шойынбаева, Бақытгүл Нұрахметова, Еркебұлан Қонашев, Курбанжан Хамраев сияқты әншілер мен «Сапар» тобының  өнерлі жастарының әуелете шырқаған әдемі әуендеріне тыңдарман көпшілік көңілдене қол соғумен болды.

   Бұдан кейінгі мерейтойлық қуаныш «Атлантик» мейрамханасында жалғасын тапты. Бұған дейін ақпан  айының 13-і күні  №2 жасөспірімдер спорт мектебінде Алматы облысы және Панфилов, Ақсу, Кербұлақ аудандарының  «Құрметті азаматы» Ғалым Тұрғанбаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған турнир өткен болатын. Оған 45 жастан жоғарғы ерлер командасы қатысты. Жарыста Жаркент қаласының және Көктал, Сарыбел, Лесновка, Үлкеншыған, Басши ауылдарының  командалары  волейболдан  өткен турнирде белсенділік   танытты.

                Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Ш.Құрбанов сөз алып, Ғ.Тұрғанбаевтың өмірбаянымен қысқаша таныстырды. Сондай-ақ еңбек  ардагерлері Ш.Нұғыманов, Ө.Әбілмәжінов, Р.Айсаев, бас төреші Ж.Оспанбеков, С. Қожақановтар мерейтой иесіне ізгі  тілектерін  білдірді.

                Спортшылар алдына шығып сөз алған Ғ.Тұрғанбаев саналы ғұмырында шындықты, адалдықты, адамгершілік пен кішіпейілдікті ұстағандығы жөнінде айтып берді.

                Ғ.Тұрғанбаевтың 80 жылдық мерейтойына орай өткен  волейбол турнирінде Т.Керімқұлов, С.Ақсубаев, З.Кузиев, Ж.Ақшалов, Б.Құсайнов, Қ.Жартыбаев, А.Раев сынды азаматтардың демеушілігінің арқасында жарыста озып шыққан командалар кубок, диплом және ақшалай сыйлықтарға  ие  болды.

                Жарысқа қатысушылар 3 турда күш сынасып өнерлерін көрсетті. Нәтижесінде 1 орынды Жаркент қаласының командасы жеңіп алса, 2 орынды Басшиден келген волейболшылар иеленді. Үшінші орын Үлкеншыған ауылының  командасына  бұйырды.

 Б.Жұмағазы.  

 

Күнтізбе

« Маусым 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

booked.net