Ауылдастары ақынын ардақтады

26.10.2018 жыл.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани  жаңғыру»  бағдарламасы  аясында  «Орбұлақ» шайқасындағы Ұлы Жеңістің 375 жылдығына орай   Еңбекші ауылдық Мәдениет үйінде  аталған мекеме қызметкерлері  мен ауылдық кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен  осы ауылдың түлегі,  белгілі ақын,  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,   республикалық  «Ел-назар» педагогикалық журналының  және «Орбұлақ» газетінің бас редакторы, «Әбдіраштың Жарасқаны» атындағы сыйлықтың лауреаты   Ерғазы Манапұлымен келелі  кездесу кеші болып  өтті. Кездесуге ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары мен ұстаздары қатысты.

        Шуақты шара     белгілі  әнші  Нұржан Батпақбаевтың орындауындағы Амантай Раевтың әні  «Ауылым» әнімен ашылды.   Одан соң ауылдық кітапхана меңгерушісі Кемелбаева Ханшайым ақын өмірінен шағын баяндама жасады.  Сондай-ақ, ақынның ұстазы, сынып жетекшісі   Жаңыл Қажынова  қаламгердің мектептегі қызықты сәттерінен  сыр шертіп, оның ең алғашқы өлеңдерін сынып сағатында талқылағанын, кейіннен   қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ұлағатты ұстазы  марқұм Ұзақбай  Әріпжанұлы  өз тәрбиесіне алып, бағыт-бағдар бергенін қызықты етіп әңгімелеп берді.  Сондай-ақ өз шәкіртінің сонау балаң шақта жазған  шығармаларын  әлі күнге дейін сақтап,  жинақтап  жүргенін  көпшілікке  жария етіп  көрсетіп, ақынға сыйға тартты. 

        Кездесу барысында мектеп оқушылары ақын жырларын нақышына келтіріп орындап, қаламгер ағаларына  өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды.

        Одан  кейін  ақынның кездесу кешіне арнайы келген Алматы облысының «Құрметті  азаматы», ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Жаркент жауһарлары» шығармашылық орталығының  төрағасы,  ақын, сазгер, жазушы Базархан Жақыбаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ақын, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Исламғали Үркімбайұлы, «Жетісу» газетінің  Панфилов ауданы бойынша тілшісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, журналист  Мырзағали Нұрсейіт,  Халықаралық   «Қазақпарат» агенттігінің аудандық шолушысы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі  Нұрәділ Бегімбет сынды  белгілі қаламгерлер  ақын шығармашылығынан, оның істеп жатқан қызметтерінен сыр шертіп,  көрермендер тарапынан қойылған ұлтқа, өнерге қатысты сан түрлі сұрақтарға мазмұнды жауаптар берді.

        Өз кезегінде сөз алған ақын осы кешті  ұйымдастырған  ауылдық Мәдениет үйінің  меңгерушісі Қоқымбаев Кемелхан,  әдіскер  Айболат Керімбеков кітапханашылар:  Кемелбаева Ханшайым, Бозжігітова Нұргүлге және  мектеп ұжымына,   ауылдастарына,  оқушыларға алғысын айтып,  жырдан шашу шашты.  Келелі ойларды ортаға салды. Түрлі сауалдарға жауап берді.

        Кеш соңында  Талды ауылдық округінің   әкімшілігі атынан сөз алған  Нұргүл Сейтахунова ақынға зор шығармашылық табыс тілеп, арнайы сый-сияпат жасады, ауыл ақсалдарының төрағасы  Омаш Жылқыбаев ақ батасын  берді. Негізгі ұйымдастырушылардың бірі  Кемелхан Нұрмұхамедқызы мұндай  кездесудің  жастарға берер тәрбиелік мәні зор екенін, Ерғазы Манапұлына еліктеп ауылдан әлі талай  жас  таланттардың шығатынына  сенімді екенін жеткізіп,   ақын иығына  оқалы шапан  жапты. 

        Кеш соңын белгілі әншілер  Ерік  Несіпбеков, Бақытгүл  Нұрахметовалармен   қатар ауылдық әжелер ансамблі  одан сайын  ажарландырып жіберді.                 

                                                                                                                                  Қанатқазы   Кененбай.

Күнтізбе

« Қараша 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    

booked.net